Кітап пен ізгілік айшықталған сәт
Сәуір айының шуақты тынысы жер бетіне жылылық сыйлап, табиғат жаңарып, адам көңілі де серпілген мезетте «Руханият» орталығы маңында ерекше мазмұндағы рухани басқосу өтті. Бұл жай ғана мерекелік жиын емес, адам жанына ой салатын, кітаптың қадірін ұғындыратын, ізгілік пен парасатты дәріптейтін тағылымды күн болды.22 сәуір күні ұйымдастырылған мәдени шара 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мен кітапханашылар мерекесіне арналды. Ашық аспан астында өткен мұндай жиын кең тынысымен, еркін форматымен және мазмұндық тереңдігімен ерекшеленді. Келушілер тек көрермен емес, рухани әлеммен тілдескен, оймен сырласқан ортаға енгендей әсер алды.
Алаңға қойылған кітап көрмелері мен түрлі танымдық бұрыштар бірден назар аудартты. Әрбір кітап – бір тарих, бір тағдыр, бір өмір іспетті. Парақтар арасынан сыр ақтарып тұрған үнсіз білім адамды терең ойға жетелеп, рухани сапарға бастады.
Шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ашып, кітаптың адамзат өркениетіндегі орнына тоқталды. Ол кітапты ұлттың рухани темірқазығы ретінде сипаттап, оның адам санасын қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар кітапханашылар еңбегінің қоғам үшін аса құнды екенін айтып, олардың ағартушылық қызметіне жоғары баға берді.
Осы орайда сала мамандары мен белсенді оқырмандарға құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен Тоқтабибі Дәулетқызы мен Бағлан Ұзаққызы марапатталды. Қазақстан Кітапханалар одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» атағы Гүлмира Қаршығақызына берілді. Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі Гүлзира Махамбетқалиқызына табысталды. Осы ұйымның «Құрмет грамотасымен» Әсем Рахымбекова марапатталды.
Қызылорда облыстық кәсіптік одағы тарапынан Айнагүл Әшірбекқызы мен Тұрғанкүл Ерімбетова Алғыс хаттарға ие болды.
Сонымен қатар ұзақ жылдар кітапхана саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке жақындаған Жарқынбек Мұхамеджанұлы мен Перуза Жақсылыққызына да ерекше құрмет көрсетілді. Оларға көрсетілген құрмет – еңбектеріне берілген шынайы алғыс пен ілтипаттың айғағы.
Ауылдық кітапханаларда еңбек етіп жүрген қызметкерлер де назардан тыс қалмады. Нәзира Берікқызы, Жанар Қуанышқызы, Ғазиза Серікбайқызы, Жауһар Мұратбекқызы және Ілімжауһар Тәліпбекқызы еңбегі үшін марапатталды.
Сонымен бірге кітапхана ісінің дамуына демеушілік жасап, рухани салаға қолдау білдірген азаматтар да ерекше аталып өтті. Демеуші кәсіпкерлер Дархан Құлахметұлы пен Изатулла Таубайұлы арнайы сый-сияпат табысталып, олардың игі бастамалары көпшілік алдында жоғары бағаланды.
Оқырмандар қауымы да лайықты бағаланды. «Жылдың үздік оқырманы» аталымы бойынша бірқатар белсенді оқырмандар марапатталып, олардың кітапқа деген ықыласы мен білімге құштарлығы айрықша атап өтілді.
Шара барысында «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова сөз сөйлеп, кітап пен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызына тоқталды. Ол мұндай бастамалардың қоғамның мәдени деңгейін көтеріп, жас ұрпақтың қалыптасуына зор ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ партия атынан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.
Ашық аспан астындағы бағдарлама түрлі мазмұнды көрмелермен толықты. «Жасанды интеллект: ғылым мен қиялдың тоғысы» көрмесі келешекке көзқарасты кеңейтсе, «Тірі кітап» голограммасы білімнің жаңа форматтағы бейнесін көрсетті. «Шиелі жауһарлары» бұрышы туған өлкенің рухани байлығын дәріптеді.
Әдеби және танымдық жобалар да көпшілікті қызықтырды. «Жұмбақ кітаптар» шеруі, «Әдеби лотерея», «Digital-құттықтау» алаңы, «Жанарсызда жарық әлем» клубының таныстырылымы – барлығы да шара мазмұнын байыта түсті.
«Мен Шиеліде кітап оқимын!» фотозонасы жастардың белсенділігін танытса, «Ескіні сақтай отырып – жаңаға жол ашамыз» айдары дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсетті. «Оқитын аудан» флэшмобы көпшілікті бір арнаға біріктірген әсерлі сәт болды.
Қатира Жәленова: Поэзияның нәзік үні
Шараның жалғасы «Руханият» орталығының ішінде өрбіді. Мұнда қазақ поэзиясының нәзік үні, лирик ақын Қатира Жәленованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әдебиет пен сезімнің тоғысуы» атты тағылымды кездесу өтті. Жиын барысында ақын өз жүрекжарды лебізін білдіріп, шығармашылық жолы туралы сыр шертті.
Шараның жалғасы «Руханият» орталығының ішінде өрбіді. Мұнда қазақ поэзиясының нәзік үні, лирик ақын Қатира Жәленованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әдебиет пен сезімнің тоғысуы» атты тағылымды кездесу өтті. Жиын барысында ақын өз жүрекжарды лебізін білдіріп, шығармашылық жолы туралы сыр шертті.
Ол поэзияның адам жанын тәрбиелейтін қуатты күш екенін атап өтті:
– Өлең – менің өмірімнің өзегі. Әр шумақ – жүректен шыққан шындық, әр жол – жанның тынысы. Уақыт өтсе де, жырдың шынайылығы жоғалмаса, демек ол халыққа жеткені», – деп тебірене сөйледі.
Ақын «Жылайды жапырақ» әнінің тарихына да тоқталып, бұл туындының 20 жылдан астам уақыт бойы халық жүрегінен өшпей келе жатқаны – өнердің мәңгілігін дәлелдейтін құбылыс екенін айтты. Оның пайымынша, шынайы шығарма ғана уақыт сынынан сүрінбей өтеді.
Осы орайда Қатира Жәленованың қаламынан туған «Жылайды жапырақ» әнін танымал әнші, эстрада жұлдызы Айкерім Қалаубаева орындайтыны да ерекше аталып өтті. Әншінің репертуарында тұрақты орын алған бұл туынды жылдар бойы тыңдарман жүрегінен өшпей, жастардың да сүйікті әніне айналған.
Осы туралы Қатира апа: – Бұл әннің 20 жылдан астам уақыт бойы ұмытылмай, халық аузында жүруі – оның шынайы құдіреті. Айкерімнің оны үзбей орындап келе жатқаны да әннің өміршеңдігін дәлелдейді деп ойлаймын, – деп өз пікірін білдірді.
Одан әрі ақынның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Әрбір орындалған шығарма көрерменнің көңіл пернесін дөп басып, әдеби-сазды кештің мазмұнын тереңдете түсті. Тыңдарман қауым ақын жырларынан өмірдің өз үнін, сезімнің шынайы бояуын тапқандай әсерде болды.
Бұл күн – кітаптың құдіреті мен ізгіліктің салтанат құрған, рух пен ой тоғысқан тағылымды сәт ретінде есте қалды. Көрсетілген құрмет – қоғамның рухани биігін айқындай түсті. Кітап – адамзаттың мәңгілік серігі, ал ізгілік – сол серіктің жүрегі. Осы екеуі қатар жүрген жерде ғана рух биіктеп, сана жаңғырады.
Айнұр ИБРАШЕВА








