Шипалы шұбат – табысты кәсіп
Қазақтың қыз-келіншектері қашанда ептілігімен ерек. Бірі ісмер болса, бірі іскер. Талпынысы мен талабы жоғары жанға бүгінде табыс көзі табылады. Бұны шиеліліктер жақсы түсінген. Әсіресе кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп отырған қыз-келіншектер қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі – Маржан Абызбаева.Ес білгеннен сиыр сауып, құрт жайып, шаруаның қыр-сырына қанығып бойжетті. Қазір жолдасы Ермахан Малкаждарұлымен бірге ойсылқара тұқымын өсіріп, атакәсіпті жандандырып жатыр.
Малды бағып, бабын таба білсең, берекелі болады. Таубаевтар отбасының ұстанымы осы. Шаңырақ көтергендеріне ширек ғасыр болған отбасы алғашқыда ірі қара малын кәсіп еткен. Күніне қырық сиырға дейін сауған Маржан одан түрлі өнім дайындаған. Сайын далаға төрт түлікті түгел өргізген олар қазір түйе шаруашылығына ерекше екпін беріп отыр. Оның да өз себебі бар.
Осыдан он жыл бұрын денсаулығы аздап сыр берген Маржан Абызбаева шұбатты ем ретінде ішіп бастайды.
– Таза өнімді табу қиын. Тапқанның өзінде емін-еркін іше алмайсың. Бес литрлік құтымен үйге әкелгеніміз бала-шағадан артылмайды. Сонымен өзіміз түйе алып, сауып ішейікші деп күйеуіме өтіне бастадым. Бастапқыда қарсы болды. Әйтеуір көндіріп 2016 жылы жазда алғашқы түйемізді алдық. Сөйтсек бұл жануар отарын іздеп, жалғызсырайды екен. Сонымен қасына тағы 3 түйе қосуға тура келді. Уақыт өте барлық ірі қараны түйеге айырбастадық. Дәл қазір күніне 40-50 литр шұбат аламыз. Ал жаздыгүні 100 литрге дейін болады. Шүкір, алдымен Алланың, содан соң осы шұбаттың арқасында шығар, дәрі ішіп, диета ұстаған емеспін, – дейді.
Кейіпкеріміз үшін дамыл деген ұғым жат. Таң шапағымен басталған қарбалас қас қарайғанша толастамайды. Күніне үш мезгіл түйе сауып, маңдай термен жиналған шұбатты аудан орталығындағы дүкеніне жеткізеді. Бұл – тек күнкөріс қамы емес, ата кәсіпке деген адалдықтың айғағы.
Түйе – шөлге төзімділігімен қатар, адамға берер игілігімен де қадірлі түлік. Оның сүтінен дайындалатын шұбат – шипасы мол, дәруменге бай, ағзаны қуаттандырып, талай дертке дауа болатын табиғи сусын. Осындай қасиетті өнімді халыққа ұсыну – кейіпкеріміз үшін үлкен жауапкершілік. Еңбекпен есейіп, бейнеттің берекесін көрген жандар осылайша отбасының кәсібін дөңгелетіп, ұлттық дәстүр мен денсаулықтың қадірін қатар дәріптеп келеді.
Маржан Қуандыққызының айтуынша, бақыттың кілті – бейнетте. Сондықтан қайрат қыл да, қам жаса дейді. Бүгінде отбасылық кәсіпті одан әрі өрістетуге балалары қолғабыс етуде.
Ермахан мен Маржан баптаған ойсылқара төлінің сүтіне сұраныс жоғары. Шұбат көп дертке шипалы ем, нәрлі сусын екенін былайғы жұрт жақсы біледі. Халық қазір «Емдік қасиеті мол» деп, өркешті жануардың зәрін де сұрап келетін болған. Шағын атырапта бұл бизнестің басталғанына он жылға жуықтаған. Халықтың сеніміне селкеу түспегеннен болар, дүкенге таң жиегі сөгілмей келушілердің қатары қалың. Иә, дәл осы түйе сүтінің дәмін тату үшін жергілікті тұрғындар мұнда таңғы 6-дан бастап кезекке тұрады. Тіпті өзге облыстардан да сұраныс жоғары. Жаңа сауған түйе сүтін ішу үшін арнайылап келіп, пәтер жалдап жататындар бар екен. Жуырда қытайдың қос азаматы саумал ішіп бастаған. Көптеген ауруға мыңнан бір ем болған бұл сусынның саулық үшін пайдасы мол. Әрі сусын, әрі тамақ. Шұбатты қатерлі ісік, альцгеймер дерті, бүйрек, сары ауру, жоғары тыныс жолдары ауруына шалдыққандарға да шипалы деседі.
Біз дүкенге барғанда келушілердің легі көп болды. Байқағанымыз көбі жақындары науқас адамдар. Дертіне шипаны ойсылқара төлінің сүтінен іздейді екен. Басым бөлігі алдын ала тапсырыс беріп қояды. Әйтпесе таусылып қалуы мүмкін. Сол жерде аяқты созып отырып, қымыз, шұбат ішуге де болады. Мұнда онан бөлек, құрттың сан түрі, қаймақ, ірімшік, айран, бал мен түрлі сусын да табылады. Келушілердің сөзіне сүйенсек, жаңа сауған түйе сүтін ішкелі бойға ерекше күш-қуат бітіп, ағзасында жеңілдікті байқай бастаған. Зат алмасуы да жақсара түскен.
25 жылдан бері ата кәсіпті үзбей, төрт түліктің төресін бағып, төл сусыннан табыс тауып отырған Таубаевтар отбасы ауыл кәсіпкерлігінің жарқын үлгісіне айналып отыр. Ең бастысы – адал еңбек пен табиғи өнімге деген сенімнің арқасында олар елге қызмет етіп, халықтың алғысына бөленіп келеді.
Еңбек бар жерде – береке бар. Ал ата кәсіпті қадірлеп, оны заман талабына сай дамыта білген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Бұл отбасының еңбегі соның айқын дәлелі.
Гүлхан ЯХИЯ,
суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ
суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ






