Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпеден неге үркеміз?

Екпеден неге үркеміз?

Елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе. Бұл – балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі. Өкінішке қарай, қазір екпе егуге қарсы ата-аналар көбейді. Денсаулық сақтау қызметкерлері болса, баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоқ екенін айтып, шырылдап бағуда. Мамандардың пікірі, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр дегенге саяды. Мұны дамыған елдердің медицинасы әлдеқашан мойындап қойған.
Екпе жөнінде жазылған мақалаларды сараптап қарасақ, оның зиянынан пайдасы көп екеніне көз жеткізесіз. Әрі ғалымдар оны адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі деп санайды.
Бүгінде әлем бойынша 1,5 миллиард адам түрлі жұқпалы ауруға қарсы егіледі. 173 мемлекетте профилактикалық екпе жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, вакцинацияның арқасында жыл сайын 3 миллионға жуық адамның өмірі сақталып, 750 мың бала мүгедектіктен қорғалады. Соған қарамастан, әлемде жыл сайын бес жасқа дейінгі 12 миллион бала түрлі аурудан көз жұмады. Өкініштісі, солардың 2,5 миллионын уақытылы екпе алу арқылы аман алып қалуға болар еді
– Ең қауіпті аурулардың бірі – туберкулез. Жер шарында жыл сайын 10 миллион адам осы дертке шалдығып, 1 миллионға жуығы қайтыс болады. Әсіресе балалар арасында кездесетін туберкулезді менингит өте ауыр өтеді және көп жағдайда өлімге әкеледі. Сондықтан сәбилерге өмірге келген сәттен бастап перзентханада ­туберкулезге қарсы екпе салынады.
Ауа арқылы таралатын қауіпті инфекциялардың бірі – құрөзек. Бұл ауру ағзаның барлық мүшелерін зақымдап, ауыр асқынуларға алып келеді. Жыл сайын әлемде мыңдаған адам осы дерттен көз жұмады. Ал сіреспе болса, топырақта және жан­уарлар ағзасында кездесетін қауіпті инфекция. Ол адам ағзасына жарақат арқылы еніп, бұлшық еттердің сіресуіне, тыныс алудың қиындауына себеп болады. Тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Бұл дертке қарсы арнайы емнің жоқтығы екпенің маңызын одан әрі арттырады.
Балалар арасында жиі кездесетін көкжөтел де – аса қауіпті аурулардың бірі. Ол тыныс жолдарын зақымдап, ауыр жөтелге, өкпе қабынуына, тіпті ми зақымдануына әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар балаларды ерте жастан бастап кешенді түрде екпе алуға шақырады.
Сондай-ақ қызылша, қызамық және шошқа мойын аурулары да қоғам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қызылша жыл сайын жүздеген мың баланың өмірін қияды. Ал қызамықпен ауырған жүкті әйелдердің сәбилері түрлі кемістікпен дүниеге келуі мүмкін. Шошқа мойын ауруы да асқынған жағдайда есту қабілетінің жоғалуына және басқа да ауыр зардаптарға соқтырады, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлстан Болатова.
Мамандардың айтуынша, екпе – бұл тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі. Қазіргі таңда қолданылып жүрген вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тексеруінен өтіп, халықаралық стандарттарға сай келеді. Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгия елдерінің заманауи технологиясымен өндірілген вакциналар әлемнің 120-дан астам елінде кеңінен қолданылуда.
Қорыта айтқанда, вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Әрбір ата-ана баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, екпе күнтізбесіне сәйкес уақытылы вакцина алуын қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені екпе – болашақ ұрпақтың саулығы мен елдің амандығының кепілі. Дана халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігін тайға таңба басқандай айқындай түседі.

Г.ЯХИЯ
14 сәуір 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (9394)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930