Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі маусымға бастар қадам

Берекелі маусымға бастар қадам

Көктем – ауыл шаруашылығы үшін ең жауапты әрі қарбалас кезеңнің бірі. Әсіресе күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін бұл мезгіл – жылдық еңбектің іргетасы қаланатын уақыт. Егін науқанына тыңғылықты дайындық – мол өнім алудың басты кепілі.
Ауданда көктемгі егін егу науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында нақты жоспарлар белгіленіп, жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімінің бас маманы Мәдина Кенжебаеваның мәліметінше, биыл аудан бойынша жалпы 31 213 гектар жерге егін егіледі деп жоспарланған. Негізгі дақылдардың қатарында 10 600 гектар күріш, 1300 гектар күздік бидай, 323 гектар жаздық бидай және 2000 гектар дән жүгері бар. Сонымен қатар тары, мақсары, соя, күнбағыс, жоңышқа, картоп, көкөніс және бақша дақылдары да егіледі.
Күріш – суармалы алқапты қажет ететін дақыл. Сондықтан ең алдымен су жүйелерін ретке келтіру маңызды. Арналар тазаланып, бөгеттер мен шлюздер тексерілуде. Р-12 арнасының бірқатар бөлігі механикалық тазалаудан өтіп, басқа да су арналары бойынша тиісті ұсыныстар берілген. Өйткені су жеткізу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі егістің сапасына тікелей әсер етеді.
Әртараптандыру саясаты аясында су ресурстарын үнемдеу мақсатында суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, дән жүгері, бидай, сүрлемдік жүгері және мал азықтық асқабақ егістіктерін ұлғайту жоспарланған. Бұдан бөлек, заманауи су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Биыл 3100 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі арқылы көкөніс және бақша дақылдары егілмек. Сондай-ақ «Таң ЛТД» ЖШС 1000 гектар жерге осы тәсілмен дән жүгері өсіруді жоспарлап отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша 1407 отбасыға 1560 гектар жер дайындалып, үлестірілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Тұқым дайындау – маңызды кезең
Сапалы, ауруға төзімді, жоғары өнім беретін тұқымдар іріктеліп, алдын ала өңделеді. Бұл болашақ өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы егіс науқанына 2650 тонна күріш тұқымы дайындалған. Оның ішінде жоғары сапалы І репродукциялы тұқымдармен қатар ІІ және ІІІ репродукциялы тұқымдар бар. Негізінен «Лидер» және «Каурис» сұрыптарына басымдық берілуде.
Минералдық тыңайтқыштармен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Жалпы қажеттілік 15 300 тоннаны құраса, қазіргі таңда оның 57,8 пайызы дайын. Сонымен қатар арамшөптерге қарсы қолданылатын гербицидтердің қажетті көлемі толықтай айқындалып, шаруашылықтар тарапынан сұраныс берілген.

Техниканы әзірлеу – табыстың негізі
Көктемгі дала жұмыстарының уақытында әрі сапалы орындалуы ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығына да байланысты. Осыған орай шаруашылықтар қыс мезгілінен бастап техникаларды жөндеп, толық тексеруден өткізеді. Тракторлар, жер жырту және тегістеу құралдары, тұқым себу агрегаттары мен суару жүйелеріне арналған құрылғылар – барлығы да жұмысқа толық дайын болуы тиіс. Әрбір техникаға техникалық қызмет көрсетіліп, қажет бөлшектері ауыстырылады.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында да оң нәтижелер бар. Соңғы 4 жылда ауданның техника паркі 68,5 пайызға жаңарған. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 703 дана техника қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде тракторлар, соқалар, тұқым сепкіштер және өзге де қажетті құрал-жабдықтар бар. Ал жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша шаруашылықтар электронды түрде өтінімдерін жолдағанымен, жеткізуші оператор әзірге анықталмаған.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін жалпы 7,154 млрд теңге қажет. Қаржының бір бөлігі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы, сондай-ақ шаруашылықтардың өз қаражаты, инвесторлар және өзге де көздер есебінен қамтамасыз етілмек.
Егін науқаны тек техника мен жерге ғана емес, адам еңбегіне де тікелей байланысты. Сондықтан жұмысшыларды ұйымдастыру, қауіпсіздік техникасын түсіндіру және еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы шаралар да назардан тыс қалмайды. Жалпы алғанда көктемгі егін егу науқанына дайындық жүйелі жүргізіліп, барлық қажетті шара кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде биылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге берік негіз қалайды.

М. Кеңесұлы
31 наурыз 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031