ЖАҢАРУ КҮНІНІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ
Көктемнің әрбір таңы – үміттің жаңғыруы. Ал Наурыз – сол үміттің шындыққа айналар шағы. 19 наурыз – жаңару күні осы ұлы ұғымның мазмұнын тереңдетіп, оны тек табиғаттың түлеп, тіршіліктің түрленуімен ғана емес, адамзат ойының, қоғам дамуының жаңа кезеңімен сабақтастырып отыр.Осы идеяны нақты іспен ұштастырған тағылымды шара оқушылар үйінде «Наурызнама» онкүндігі аясындағы «Жаңару жолында: Цифрлық трансформация» атты тақырыпта өтті. Шара барысында робототехника саласындағы озық жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының, сондай-ақ №46, №47, №48, №244 Ы.Жақаев және №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектептердің шәкірттері белсенді қатысып, өздерінің интеллектуалды еңбектерін таныстырды. Әртүрлі білім ордасының оқушылары бір мақсат жолында тоғысып, шығармашылық пен ізденісті ұштастыра білді.
Көрменің мазмұнын байытқан жобалар да ерекше назар аудартты. Атап айтқанда, «Қоқыс сұрыптағыш» роботы – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама ретінде көрінсе, «Сызық бойымен» қозғалатын роботтар бағдарламалау мен инженерлік шеберліктің нақты үлгісін көрсетті. Ал «Күн қуаты» жобасы баламалы энергия көздерін тиімді пайдаланудың өзектілігін айқындап, жас буынның табиғатқа деген жауапкершілігін танытты. Сонымен қатар «Суммо» роботтары мен ұлттық ойындарды ойнайтын интеллектуалды құрылғылар көрменің көркін қыздырып, дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімді байланысын паш етті.
Бұл жобалардың әрқайсысы – оқушылардың тек теориялық біліммен шектелмей, оны тәжірибеде қолдана алатынын дәлелдейді. Олар – бүгінгі білім беру жүйесінің нәтижесі ғана емес, ертеңгі ел дамуының негізі. Осындай бастамалар арқылы жас ұрпақ цифрлық дәуірдің талаптарына бейімделіп, жаңа идеялар мен тың шешімдер ұсынуға қабілетті екенін көрсетуде.
Шара соңында ұйымдастырылған аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, жаңару ұғымының тек технологиямен ғана емес, өнермен, руханиятпен де тығыз байланысты екенін көрсеткен маңызды сәт болды.
Иә, Жаңару күні бүгінде мазмұны терең, мағынасы кең мерекеге айналып келеді. Цифрлық трансформация тақырыбын арқау еткен мұндай шаралар – елдің болашағына бағытталған нақты қадам. Жаңару – бұл тек жаңа технологиялар емес, ол – жаңа ойлау, жаңа көзқарас, жаңа мүмкіндіктер. Ал сол мүмкіндіктердің бастауы – білімді, ізденімпаз, жаңашыл жас ұрпақ қолында.
С.МАДИЯРОВА,
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ







