НАУРЫЗДА КӨРІСУ КҮНІ ҚАНДАЙ ҚҰТТЫҚТАУ АЙТАМЫЗ
Кейінгі уақытта ұлыстың ұлы күні – Жыл басы әз-Наурызды жыл сайын 14-23 наурыз аралығында он күн бойы айрықша тойлау жақсы дәстүрге айналып кетті. Әр күннің өз атауы бар. Онкүндік мереке 14 наурыз – «Көрісу күнінен» бастау алады. Бұл күн халық арасында Көрісу күні немесе Амал күні деп аталады. Жұртшылық «Амал келді – жыл келді» деп қуанады.13 наурыздан бері «Көрісу күні құтты болсын!» деген құттықтау басталып кетті. «Көрісу күні құтты болсын!» деген тілек жиі кездеседі, тіпті көшелерге осындай плакаттар да ілінген. Бұл да жақсы ниет. Дегенмен бұл күннің халқымызда ертеден қалыптасқан арнайы құттықтаулары бар еді. Осыны жас ұрпақ ұмытып кетпесе екен деген оймен қолға қалам алуға тура келді. Көрісу күні «Жасыңыз құтты болсын!», «Жасыңызға жас қосылсын, ғүмырыңыз ұзақ болғай!» деген тілектер айтылған. Себебі тағы бір жыл артта қалды, аман-сау жаңа жылға, жыл басы – Наурызға жеттік, келесі жылға да амандықта жетейік деген ниеті бар.
Көне көз қариялардың айтуынша, этнограф ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда ежелгі дәстүрден көрісу күні ешкім ешкімді шақырмайды. Көрісу, әрине, алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан, үлкендерінен басталып әрі қарай жалғасқан. Бұл ретте тіпті шалғайдағы басқа ауылдарда, не малшы қоныстарында тұрып, қыс бойы шаруа жайымен не ауа райына қарай қатынаса алмай жүрген ағайын, құда-жекжат, дос-жаран да көрісу күні қалайда жолға шығуды, туыс-жақынның амандығын білуді, көрісіп, дидарласып қайтуды парыз санаған.
Көрісу күні мүмкіндігінше түске дейін кем дегенде үш үйге бас сұғып, сәлемдесу міндеті болған. Адамдар ерте тұрып, құттықтайтын адамына арнайы барып, аман-саулық сұрасады. Амандасу, құттықтау рәсімі де әдеттегіден өзгеше: жасы кішілер жасы үлкендерге барып көріседі. Келін енесіне, абысынына барып көріседі. Жиен нағашысына барып көріседі. Қыз алған құда өзінен жасы кіші болса да көбінесе қыз берген құдасына барып көріскен. Ұзатылған қыздың жат жұртта қарсы алып отырған бірінші наурызымен құттықтап, төркін жағы барып көріседі. Көршімен көрісу міндетті. Бір-біріңді кеше ғана көрген болсаң да, жыл жаңарған күні көрісуің әдеп.
Көрісу рәсімінде ер адамдар мен әйел адамдардың арасында шектеу болмайды. Жалпы жасы кіші ер адам әке-шешеден бастап, барлық ағайын-туысымен, дос-жаран замандастарымен көрісе береді. Тек қайыната мен қайынаға келіндеріне қол беріп, құшақтасып көріспейді. Келіндері де солай.
Көрісу кезінде жастар үлкендерге сәлем беріп, екі қолын ұсынып көрісу әдебін жасайды. Жалпы ер адамдар қос қолын ұсынып, көріседі. Ал жасы ұлғайған аналар бір-бірінің алақанына алақанын тосып, құлашын кең жазған күйі әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді, құшағын жазған бойы төске төс түйістіреді, қайтадан алақандарын қосып көріседі.
Көрісудің тағы бір қағидасы – ер адамның жасының үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көрісуі. Жөн білетін бәйбішелер мұндайда келінінің әке-шешесі – құдалар алдында ұялып қалмауы үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, сыйлы қонағына сақтайды.
Сонымен бірге Наурызда жаңа киім кию жөн саналған. Осылайша, ескі жылдағы әлдебір жайсыздық, өкпе-реніш сол ескімен кетсін деген ұғым болған.
Бұл өнегелі дәстүрді сақтаудың өтімді жолы – оны отбасында дәріптеу. Көрісу дәстүрі дамып, кейбір әулеттер қазіргі кезде көрісу күнін өздерінің арнайы бас қосу тойына айналдырып, тамашалап атап өте бастаған. Ата-аналар балаларын үлкен үйге әдейі ертіп барып, үлкендерге сәлем бергізіп, көрістіріп, жас буынның бойына дәстүрді сіңіруді мақсат етуде. Мұны көріп өскен ұрпақ та болашақта осы дәстүрді жалғастырары сөзсіз.
Көрісу – тек амандасу ғана емес, адамдардың бір-біріне ізгі ниет білдіріп, әлдебір өкпе-ренішті ұмытып, жаңа кезеңді ақ көңілмен бастауы, мағынасы терең өнеге. Сондықтан көрісу – адамдар арасындағы жақындықты бекіте түсетін тамаша дәстүр.
Осы ретте қазақта көрісудің жағдайға байланысты бірнеше рәсімі бар екенін де айта кетейік. Олар: әуелі – амандасу, сәлемдесу, яғни көрісу күні кішілердің үлкендерге арнайы барып есендесуі. Екінші – жолығысу, кездесу, талайдан бірін-бірі көрмей, сағынышпен қауышқан туыс, жақын адамдардың қуаныштан дауыс шығарып жылап жүздесуі. Үшінші – көңіл білдіру, жақыны қаза болған адамға көңіл айтып, жылап, құшақтасып көрісу. Төртінші – қоштасу, ұзатылатын қыздың төркін жұртымен қоштасып жылауы, сыңсу айтуы. Жалпы алғанда көрісу сөзінің мағынасында көргеніміз – көріскеніміз, келешекте де амандықта көрісуге жазсын деген тілек жатқаны сөзсіз.
Жасымыз құтты болсын! Жасымызға жас қосыла берсін, ғұмырымыз ұзақ болғай, ағайын!
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ






