Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСШЫСЫ АУЫСТЫ

АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСШЫСЫ АУЫСТЫ

Шиелі ауданында денсаулық сақтау саласына қатысты кадрлық өзгеріс орын алды. Мәжіліс залында өткен ­аудан активінің отырысында аудандық көпбейінді орталық ауруханасының жаңа бас дәрігері ретінде Еркін Жаңабайұлы таныстырылды.
Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалық етті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, жауапты мекеме жетекшілері және медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Еркін Жаңабайұлы 1986 жылы 16 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. 2004 жылы Қызылорда медициналық колледжінің «Емдеу ісі» бөліміне түсіп, 2007 жылы оқу орнын аяқтаған. 2007-2012 жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Емдеу ісі» факультеті бойынша білім алған. 2012-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша интернатурадан өткен.
Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда облыстық медицина орталығында невропатолог дәрігер болып бастаған. 2022 жылы ­Сырдария аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарды. 2024 жылы осы аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
2025-2026 жылдары Қызылорда облыстық қан орталығы директорының медицина жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Жиын барысында аудан әкімі ­Айтбай ­Жандарбеков жаңа бас дәрігер Еркін Жаңабайұлын қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ­аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта да жаңа бас дәрігерге кәсіби қызметінде табыс тілеп, аудан медицинасының дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.

«Өскен өңір» ақпарат
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ

14 наурыз 2026 ж. 2 0