Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоқысты сұрыптау: экологиялық мәселені экономикалық ресурсқа айналдыру жолы

Қоқысты сұрыптау: экологиялық мәселені экономикалық ресурсқа айналдыру жолы

Жаһандану заманының ең күрделі мәселесі – қоқыс қалдығы. Бұл тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзін дүр сілкіндіріп отыр. Себебі тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар адам өміріне орасан зиян келтіреді. Тіпті оны өртесе де, жерге көмсе де, сорттаса да әлі күнге дейін адам баласына төндіретін қаупі азайған жоқ.
Дүниежүзінде әр тұрғын шамамен жылына 300 кг жуық қоқыс шығарады. Ал бұл есепке зауыттар мен фабрикалардан шығатын қоқысты және қоғамдық жерлерде пайда болатын қалдықтарды қосып, есептей беріңіз. Жә, дүниежүзіндегі деректі қозғап болсақ, өзіміздің елде жылына қанша қоқыс шығатынын талқылап көрелік. Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жиналып, соның ішінде қағаз, картон өнімдері, металл, пластик, тамақ қалдықтары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқты қалдықтар, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық және басқа да күнделікті өмірде қолданатын заттардың қалдығы шығады. Бұлардың әрқайсысы топыраққа және ауаға, су мен адамның тыныс алуына зардабын тигізері мәлім. Бұдан бөлек, буып-түю секілді заттардың сыртқы орама қаптары да тау болып үйіліп жатқан қоқыстың бір бөлшегін қүрап отыр. Сол себепті тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді бүгінгі күннің басты тақырыбы ретінде жазсақ айып болмас.
Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек.
Қазіргі таңда жасыратыны жоқ, өндірістік қалдықтар өз алдына, тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жарата алмай келеміз. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті екен. Яғни әйнекті әйнек, қағазды қағаз, пластикті пластик төгетін жәшікке бөлек салады. Нәтижесінде әйнек сауыттардың 90 проценті, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңделеді. Себебі сұрыпталып салынған қоқыс жұмысты жеңілдетеді. Сондықтан да жасыл экономикаға қатысты жастарды ынталандыратын жобалар ұйымдастырылып тұрса артық етпейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданда «Zhas project» бағдарламасының негізінде өңір жастары «Green plastic» жобасы арқылы тың дүниелерді іске асырған болатын. Мәселен, Бақытжан Ыбрашев пластмасса бөтелкелерді қайта өңдеу жұмысын қолға алып, нәтижесінде еден мен қабырғаға төсеуге болатын арнайы плиткаларды шығарған. Ол үшін арнайы бөтелке пішініне ұқсас қоқыс жәшігін орнатып, қоқыс арасынан тіпті пластмасса бөтелкелерді жинауына тура келген. Осындай тынымсыз еңбегінің арқасында тұрмыстық қалдықты өңдеп, қарапайым ғана бөтелкеге екінші өмір сыйлады. Ал ол оған шабыт берген «Zhas project» бағдарламасы. Осы сияқты ауданда білікті жастар жетерлік.

Әлем елдері қоқыстан пайда ­табады
Осы тұста әлем елдерінде тазалыққа қаншалықты мән беретінін зерделеп көрген едік. Дамыған елдерде жерде жатқан қоқыстар әжептеуір табыс көзі саналады. Әсіресе, қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары кәдеге жарамды әрі сұраныста екен. Мәселен, Финляндия қалдық заттарды өңдеу бойынша әлемде көш бастап тұр. Онда «қалдықтар иерархиясы» деген принцип бар. Бұл – қалдықтарды болдырмау деген сөз. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес көзіне айналған. Пекинде қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды. Бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Францияда қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 процент аллюминий, 50 процент әйнек, 50 процент газет қағазын өндіреді екен.
Ал бізге ең әуелі қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Сұрыптап тастай білген қоқыс кәдеге жарайды. Демек дамыған елдермен терезе теңестіруді ойласақ, қарапайым қағидаларды меңгеруге әдеттенуіміз керек-ақ.

Г.Әбдіхани
02 наурыз 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031