Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрі – дертке дауа, ал бағасы ше?

Дәрі – дертке дауа, ал бағасы ше?

Елімізде халық жиі тұтынатын дәрілік заттардың бағасы мемлекет бақылауына алынды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын сақтау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға белгілеу тетігіне ауқымды реформа жүргізілген. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектердің 4994 түріне көтерме және бөлшек саудада белгіленген шекті бағалардан асырмай сату жөніндегі денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 18 шілдедегі №470 бұйрығымен қабылданып, қолданысқа енгізілді. Аталған бұйрыққа сай дәрілік заттар дәріханаларда белгіленген шекті бағадан асырмай сатылуы тиіс.
Ал аудандағы дәріханаларда белгіленген бағалар сақталып тұр ма? Бағаны қолдан өсіріп тұрған жоқ па? Осы орайда аудандық қоғамдық кеңестің бастамасымен денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Күлімбет ­бастаған құрамында 6 кеңес мүшесі бар арнайы топ құрылды. Олар дәріханалардағы бағалардың сақталуын бақылап, аудан халқының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жағдайын зерделеп шықты. Нәтижесінде аудандағы дәріхана дәрі-дәрмектердің бөлшек саудаларда бағалары бекітілген шекті бағаларға сәйкес емес екені анықталды.
Жалпы Шиелі ауданында есепте тұрған 24 дәріхана бар. Алайда арнайы тексеріс барысында 12 дәріхана өз жұмысын тоқтатқаны белгілі болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, шектік бағасы бекітілген 4994 дәрі-дәрмектің ішінен халық арасында кеңінен қолданысқа ие 104 дәрілік зат тексеріске таңдап алынды. Мәселен, «Молдабай» ЖК-да 28 дәрілік препараттың 9-ы шектік бағадан қымбатқа сатылғаны анықталды. Сол секілді ИП ­«Аманова» дәріхана желісінде 25 дәрі-дәрмектің 18-і көрсетілген шектік мөлшерден артық бағамен ұсынылып келген. Ал «Мөлдір» дәріханасында 34 дәрінің 13-і қымбат болса, «Зерде» дәріханасындағы 51 дәрінің 17-сі көрсетілген шектік бағамен сәйкес келмеді. Аудандағы барлық дәріхана желісіндегі жағдай осыған саяды. Күн сайын­ құбылған дәрі-дәрмек бағасындағы айырмашылық 3, 10 тіпті 25 пайызға дейін жетіп тұр. Алайда баға қымбаттағанымен, дәрі іздеген халықтың саны кеміген емес. Өйткені тірі адам тіршілікте ­ауырмай тұрмайтындықтан, дәрінің тұтынушысы азаймасы белгілі.

Қоғамдық кеңес – нәтижелі жұмыс
Аудандық қоғамдық кеңес тұрғындар үшін өзекті мәселенің шешімін табуға құмбыл тұрады. Бұған дейін де сан түрлі мәселені көтеріп, оң шешім табуына жұмыс істеп келе жатқанын газет беттеріне жариялап келеміз. Бұл жолғы жұмыс дәріханалар желісінде жалғасты. Денсаулық сақтау саласының ардагері Б.Күлімбет және қоғамдық кеңес мүшелері Ә.Халықбек, М.Әлжанов, Ш.Байжанова, С.Досанов, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев зерделеу жұмысы барысында Омез 20мг дәрісінің шектік бағасы – 1281 теңге болса, ЖК «Амановада» – 2340 теңге, ЖК «Бимановада» – 2100 теңге, ЖК «Мамбеталивте» – 2510 теңге, «Аңсарда» – 2480 теңгеден сатылып жатқанын анықтаған.
Сондай-ақ энам 5мг препараттың шектік бағасы – 386 теңге болса, «Молдабай» ЖК-да – 1100 теңге, «Аптечка» ЖШС-да – 1230 теңге, ЖК «Мамбеталивте» – 1400 теңге, «Аңсар» дәріханасында – 1325 теңге, «Ақ ниет» ЖШС-да – 1185 теңгені көрсетіп тұр. Ал дексаметазон 1,0 дәрілік препараттың белгіленген бағасы – 741 теңге болса, «Аптечка» ЖШС-да – 2165 теңге, ЖК «Бимановада» – 4000 теңге, «Мөлдір» дәріханасында – 2050 теңге, «Зердеде» – 1680 теңгеге саудалануда.
Жасыратыны жоқ, нарықта дәрі-дәрмектің бағасы әркелкі. Басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың «денсаулық ақшадан артық емес» деп қымбатына қарамай сатып алудан басқа амалы жоқ. Алайда, кейбір дәрі-дәрмектерге қатысты шекті бағалардың белгіленгенін көпшілік біле бермейді. Соның салдарынан бір дәріні әркезде әртүрлі бағаға сатып алуда.
Сонымен қатар дәрігердің бөлмесіне бір кіріп шықсаңыз, ұзын-сонар дәрі тізімін қоса алып шығатын кездер жиі болады. Кейбірінің атауы ел аузында жүрсе, енді бірімен жақсы танысқан болып шығасыз. Әсіресе, жарнамасы дүр сілкіндіретін препарат сізді де аяқтан тұрғызып, демде дертіңізге дауа болар деп дәмеленетініңіз де рас. Десек те, қымбат не аты таныс дәрі біткеннің бәрі шипа береді деп ойлау қателік. Осы ретте білген жөн бағасы удай дәрілердің арзан әрі одан еш кем түспейтін аналогтары да қатар жүреді. Алайда олардың бағасы арзан болады. Тіпті оны көп жағдайда тұтынушылар аңғармай да жатады. Сондықтан қандай да бір дәрі қолданар алдында дәрігермен кеңесіп, келісімімен қолданған дұрыс. Мәселен, кей жағдайда дәріхана қызметкерлері нурофен орнына ибупрофен, мезимнің орнына панкреатин дәрісін ұсынып жатады. Сондықтан белгіленген дәрілердің шектік бағаларын біліп жүргеннің зияны болмайды.

Министр маңыз берген мәселе
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмек бағасы 50%-дан 300%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді. Әлназарованың айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету реформасы шеңберінде министрлік баға белгілеудің жаңа жүйесін енгізген.
«Бағаны тіркеудің бірыңғай тәсілі, маркетингтік және көлік үстемелерін алып тастау, генериктерге бағаны 30%-ға төмендету, сондай-ақ халықаралық рефераттау объективті шекті бағаларды қалыптастыруға және негізсіз қымбаттауды болдырмауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2026 жылғы сатып алуларда 2025 жылмен салыстырғанда көптеген препараттың бағасы 50%-дан 300%-ға дейін төмендеді, ал жалпы үнемдеу 36 млрд теңгеден асты», – деді ДСМ басшысы Үкімет отырысында.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметіне сүйенсек, маңызға ие қымбат дәрілер бағасы арзандаған. Атап айтқанда, иматиниб – 9 450 теңгеден 2 348 теңгеге дейін, бевацизумаб – 360 000 теңгеден 77 000 теңгеге дейін арзандатылған. Сондай-ақ дәрі-дәрмек сатып алу барысында 66 түрлі препараттың бағасы төмендетілген, оның ішінде қымбат онкологиялық ауруға қолданылатын дәрілер де бар. Бұл өзгерістерге елдегі ірі фармацевтикалық компаниялар – «Нобель АФФ», «Абди Ибрагим Глобал Фарм», «Химфарм», «Kelun-Kazpharm» және басқалар қолдау білдірген. Олар дәрі-дәрмектердің бағасын жаңа талаптарға сай бейімдеп, жеткізілетін өнім түрлерін арттырған. Осылайша үнемделген қаражат ауыр диагнозы бар, күрделі және қымбат емдеуді қажет ететін науқастарды дәрімен қамтуға бағытталып отыр.

Қымбат байлық – денсаулық
Еліміздің экономикасы нығайып тұрмыстық жағдайымыздың жақсаруына байланысты тұрғындардың орта жасы едәуір ұзарғанын аңғару қиын емес. Ол тек қала емес, алыстағы ауылдардың өмірінен де байқалады. Бұлай болатыны, әлемдік медицинаның озық технологиясы келді. Бұрын өңіміз түгілі, түсімізде де көрмейтін құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазір астана, облыс орталықтарындағы аурухана, емханаларда тұрған медициналық жабдықтар аудандардың емханаларында да бар. Денсаулық саласына мемлекет қаржы аяп отырған жоқ. Осының бәрі, әрине, халықтың денсаулығын қорғауға үлкен сеп.
Десе де, мемлекет тарапынан тұрғындардың денсаулығын қорғау міндеті мұнымен шектеліп отырған жоқ. Бұл бағыттағы үлкен қадамдар әлі алда жасалмақ. Соның бір парасы – бұқара халықтың қалтасына салмақ түсірген дәрі-дәрмек бағасын бақылауда ұстау мәселесі. Ел ішіндегі дәріхана желілілеріне тексеріс жүргізіп, шекті бағаны тұрақты ұстап тұру бағытында жасалған бұл қадамдар алдағы уақытта да өз күшін жоймаюы қажет. Сонда дертіне дауа іздеген қаншама жанның жағдайы жақсарып, халықтың әлеуеті де арта түсері сөзсіз. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бұл қадамдар әр тұрғынның көкейіне қонады. Бұл өмірдегі ең қымбат дәулет – денсаулық екені даусыз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
24 ақпан 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728