Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «0ЙЫН ДЕСЕ, ЖАНЫМ...»

«0ЙЫН ДЕСЕ, ЖАНЫМ...»

Тышқан жылының күзінде (1960 ж)­­ 11 оқушы 5 сыныпқа көштік. Көрші «Жиделіарық» ауылынан 4 оқушы келіп, санымыз 15-ке толды. Кәдімгідей бөлме толып қалғандай болды. Жиделіарықтағы мектеп 4 жылдық болатын. Бастауышты бітіргендер бізге келді.
Екі ауылдың арасы 4-5 шақырымдай. Жаяу қатынап оқиды. Көлік жоқ. Оқушыларды көлікпен тасиды деген ол кезде ұғым да болмайтын. «Коммунизм» колхозында оншақты автомашина бар, ол кімге жетеді, шаруашылықтың жұмысынан артылмайды. «Еңбекші» мен «Жиделіарық» сол колхоздың бөлімшелері. Біздің ауылда «95-20 ШМ» деген жалғыз машина бар. Оны Зәуген Рахметов деген ағамыз жүргізетін.
Күн жылы, жер құрғақта оқушылар қинала қоймайды, төтелеп жүріп жетіп келеді. Көктем мен күз ауыр. Екі ауылдың ортасында арық бар, ол егінге жіберілетін суға толады да өту қиынға түседі. Көпір арқылы жүретін болса, тағы да екі-үш шақырымға жол ұзарады. Амал жоқ кешіп өту керек. Ер балалар киімдерін шешіп қолдарына көтеріп өтеді, ал қыздар болса, бар киімдерімен суға түседі...
Жұма күні қатынап оқитындар сыныптастарының үйіне қонып, сенбі күнгі сабақты бітіріп бірақ қайтады. Сағи Есімов, Айдархан Қалдаров және Мүсілім шалдың баласы Сағымбай кезектесіп біздің үйге жатады. Сағи үй шаруасына бейім болатын. Мал жайғасып, су тасысып дамыл таппайтын. Сол үшін де анам жақсы көретін. Ол келгенде «қол ұзарып қалатын болды ғой» деп қуанып қалатын. Айдархан ертекшіл еді. Түні бойы ертек айтудан жалықпас еді. Сағымбай болса, бізден бір-екі жас үлкендігі бар, ойнағанды жақсы көретін. Жасырынбақ ойнағанды қатты ұнататын. Анам:«Сабаққа қарағанда ойынды жақсы көресің ғой деймін» десе: «Апа, ойын десе, жаным» дейтін еді.
Ол сол ойынды жақсы көрген бойы 8 сыныпты бітіргеннен кейін шаруашылық жұмысына араласты. Айдархан құрылысшы мамандығын алып, жаңадан ашылған «Телікөл» совхозында мастер (құрылыс шебері) болып, тұрғын үй салумен айналысты.
Сағи (шын аты Әбусағи) туған ­ауылында тұрақтады. Ауыл шаруашылық мамандығын меңгеріп, бригада есепшісі, кейіннен өндіріс бригадирі болып еңбек етті. Бүкіл саналы ғұмырын, білімін, қарым-қабілетін туған жеріне арнады, сол жерден зейнетке шықты. Өсіп, өнді, ұрпақ тәрбиеледі. Ауылдың ақсақалы атанды. Ел ақылын тыңдайтын, кеңес сұрайтын аузы дуалы қадірлі қартқа айналды.
Бір өкініштісі, жуырда жарты ғасырдан астам отасқан зайыбынан көз жазып қалды. Мәңгілік мекеніне аттандырды. Жетпістің белортасынан асқан қарияға бұл жағдай оңай емес еді. Дер кезінде хабар жетпей кешеуілдетіп жүргенде Сағидың өзі телефон шалды. Алдымен жағдай сұрады.
– Бәрі дұрыс. Қайғыңа...дей беріп едім сөзді орта жолдан өзі үзіп:
– Иә, жағдай солай болды. Амал не, бұл өмір ғой, – деді күрсініп. – Тіршілігімізді жасап жатырмыз, жастар өсіп жатыр, ауыл көркейіп келеді, – деді өкінішін ішке бүгіп. Десе дегендей, оның бүкіл ғұмыры ауылда өтті ғой, ағайын-жерлестерінің хал-ақуалын, әлеуметтік тұрмысын жақсартамын деп бар күш-жігерін сарықты емес пе? Соны көңіліне демеу етіп тұрғаны ғой. Туған жеріне қызмет еткен адам нағыз азамат сол ғой! Жасай бер, Сағи айналайын. Атамекеннің тілеуін тілейтін бір азамат керек қой!..

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ
10 ақпан 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728