Өтінім азаматтың жеке қатысуынсыз қаралады
Биылғы қаңтар айынан бері медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) шеңберінде мүгедектікті белгілеуге қатысты 9,1 мың өтінім сырттай форматта қаралды.Былтыр сырттай форматта 113,1 мың өтінім қаралып, куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың 42,5%-ын қамтыды. Сырттай проактивті куәландыру бірқатар нозологиялық нысанда қолданылады. Олардың қатарына онкологиялық аурулар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен, сонымен қатар жүре пайда болған анатомиялық даму кемістіктері, психикалық аурулар, балалардағы бірінші типті қант диабеті, балалардағы мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар кіреді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтыр нозологиялық нысандар тізбесі едәуір кеңейтіліп, гидроцефалия, аяқ-қолдың салдануы сияқты аурулар енгізілді. Осылайша, қазіргі таңда сырттай форматтағы куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысанда жүргізіледі.
Кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды инстанциялармен, қағазбастылықпен әурелемей, көрсетілетін қызметті берушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды. Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында елімізде медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы енгізілді. Бұл жағдайда өтініш берушіге тек тіркелген жеріндегі медициналық ұйымға жүгініп, қажетті тексеруден өту жеткілікті. Құжаттарды жолдаудан бастап сараптамалық шешім шығаруға дейінгі барлық кейінгі кезең азаматтың жеке қатысуынсыз, ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы жүзеге асырылады. Медициналық құжаттар ұйымдардан МӘС бөлімшелеріне электрондық форматта жолданады.
Сырттай куәландыруға көшу нәтижесінде әкімшілік, бюрократиялық кедергілерді жоюдың мүмкіндігі артады. МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мүгедектікті белгілеу мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтауды үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды.







