Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЯНҒАН САНА ҮНІ

ОЯНҒАН САНА ҮНІ

2 ақпан – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып келе жатқан ұлттық басылым күні. Дәл осы күні 1913 жылы ел баспасөзінің ­бастауында түрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды. «Қазақ» газетінде Мұстафа Шоқай, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Халел Досмұхамедов және тағы басқа танымал қазақ қоғам қайраткерлері өз мақалаларын жариялады. Расында мұндай атаулы күн ұлттық баспасөз тарихын заман талабына сай ұлттық мүдде түрғысынан қайта қарап, төл тарихын толықтыра түсуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Алаш арыстары не үшін газет шығарды? Ұлтты ұлт қылатын, өзгелермен тең қылатын – білімі, саналы ұрпағы. Демек, елге білім-ғылымды, оқып-тоқуды, өнер үйренуді, кәсіп қылуды насихаттау керек. Ал насихаттың ең сенімді құралы – газет, бұқаралық ақпарат құралдары. Кешегі кеудемнен шыбын жаным ұшып шығып кеткенше елге қызмет қылсам деп армандаған Алаш қайраткерлері осыны жақсы түсінгендіктен де газет шығаруды қолға алды.
«Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» болатын газет түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына. Сондай-ақ халықты сауаттандырып, көзін ашатын ақпарат құралы. Әсіресе, қазіргідей қазақы сөздің қаймағы бұзылып бара жатқанда газет оқу өте қажет. Дәстүрлі басылым – тұнған тарих, құнды құжат.
Белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді «Қазақ» газетінің қазақ үшін ақыл-ой орталығы болғанын айтты. «Ұлт тарихында дәл «Қазақ» газеті секілді қазаққа жаны ашып, сол жолда шығарушы азаматтармен бірге репрессия құрбаны болған бірде-бір басылым болған жоқ. Оның идеясы да, авторлары да қитұрқы саясаттың құрбаны болды. «Қазақ» газеті өзіне де, өзгеге де мейірімсіз саяси жүйемен арпалысты күрес жүргізе отырып, қазақ өмірін тура түсініп қорыту, сол арқылы ұлттың ендігі міндеттерін анықтау және белгілеу ісін фундаментальды тұрғыда концептуалды деңгейге көтерген басылым болды. Біз оны жай ғана газет деп түсінсек қателесеміз. Оның ауқымы кең», – деді М.Қойгелді.
«Қазақ» газеті – қазақ руханиятында қазақтың жазба тілін, әдеби тілін, қазақтың жазушы қауымын, авторларды қалыптастырған газет. Осы газет арқылы жазуға, қаламға төселген қайраткерлер шықты. Ғалымдар «Қазақ» газетін – қазаққа ұстаз ретінде бағалады. Бір басылым бүтін бір мемлекеттік орган істей алмайтын жұмысты атқарғанын тілге тиек етті. «Оны шығарушылар қазақ қоғамын қандай сапаға көтерді. Газеттің негізін қалап, ыстық-суығын көтерген Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың өмір жолындағы ең құнарлы да жемісті шағы «Қазақ» газеті шығып тұрған кезеңге тұспа-тұс келді. Олардың шығармашылық өсіп-өркендеу жолы да осы кез еді». «Қазақ» газеті – қазақтың тұңғыш төл энциклопедиясы. Ұлттық езгіде жатқан қазақтың ұйқысынан оянып, алдыңғы қатарлы елге айналуына, білімді, мәдениетті халықтардың қатарына көтерілуіне, ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының қалыптасуына күш салды. Кейіннен кеңестік жүйе тарапынан қатаң сынға ұшырап, «ұлтшылдықты» насихаттаудың бастауы осы органнан бастау алды деген тұжырымға тап болды.
Танымал журналист Нұртөре Жүсіп бір сұхбатында: «Газетке деген немқұрайлылық тек Қазақстанда ғана өріс алып отыр. Әлемнің кез келген озық мемлекетінде қағаз түріндегі басылымдар тұрақты шығуда. Технология жағынан дамыған Жапонияның өзінде күніне 2 рет – таңертең және кешке 9 млн тиражбен шығатын газеттер бар. Сол Жапония неге жауып тастамайды газеттерін? Бәрі смартфон арқылы оқи бермей ме? Жоқ. Дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Олар содан айрылғысы келмейді» деген болатын. Расымен де, қазір сонау Америкада, Түркияда ай, апта емес күн сайын миллиондаған тиражбен газет шығады және олар оқылады. Бұл елдердің қарқынды түрде дамып, өркендеп жатуының құпиясы да осы жерде жатуы мүмкін. Өйткені, газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болады. Ал ғылымы бар елдер міндетті түрде дамиды.
Газет өзі өмір сүрген кезеңнің құлағы, үні, тілі болып, айналасына ұлт болашағын ойлаған қазақ азаматтарын біріктіруімен де құнды. Қоғамның иммунитетін күшейтетін де осы баспасөз. Әр нәрсенің өзінің құнары, өзегі болатыны секілді, басылымдардағы дүниелердің мықты қайнары, қуаты болуы керек. Иә, бәлкім, форматы, оқырманға жеткізілуі жағынан өзгерер, бірақ мазмұндық, талдамалық тұрғыда бірде-бір ақпарат көзі газетті басып озған жоқ. «Гаджет газетті алмастырды» деген сөз бар. Алайда кітап пен газет оқыған адамның интеллектісі оқымағаннан едәуір артық. Оған арнайы мысал іздеудің қажеті жоқ. Газет-журнал шығып, ел арасына тарап, жұрт жаппай оқи бастағанда өркениет пен ғылым қарыштап дамыды. Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе? Сонымен қатар газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Осы себептен де басылым дамып, баспасөз өрістей бермек. Ұлттық басылым күні арнайы мереке баспасөзге деген құрметті одан әрі арттыра түспек.

Айнұр НАЗАРОВА
03 ақпан 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (9374)

27 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728