Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Депортацияланған ұлт өкілдері

Депортацияланған ұлт өкілдері

 Қазақ елінің тағдырында тәуелсіздікпен бірге келген ең үлкен тарихи құбылыстардың бірі – алыста қалған ағайынның атамекенге оралуы. 1991 жылдан бері Қазақстанға шетелдерден 1 миллионнан астам этникалық қазақ қоныс аударып, ұлттық демографияның алтын арқауына айналды. Бұл – ғасырлар бойы үзіліп қалған тамырдың қайта жалғануы, елдік рухтың жаңғыруы.
Осы орайда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің Қазақстан тарих пәні оқытушысы Лаура Қуандыққызы «Депортацияланған ұлт өкілдері» тақырыбында сабақ өтіп, бізді қазақ тарихындағы осы бір қилы кезеңдегі қиыншылықтарды одан әрі зерттей түсуге шақырды.
Зерттеу кезеңінде мені анамның танысы — Телемұрат Азизулланың өмір жолы ерекше қызықтырды. Сол себепті депортацияланған қазақ отбасының тағдырын негізге ала отырып, Телемұрат әулетінің өмірін зерттеп, тарихи деректер арқылы талдау жасауды жөн көрдім.
  ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстан тарихында аса ауыр әрі қасіретті кезеңдердің бірі орын алды. Бұл жылдары Кеңес өкіметінің жүргізген саясаты халықтың тұрмыс-тіршілігіне үлкен зиян келтірді.Әсіресе 1931–1933 жылдардағы ашаршылық қазақ халқы үшін орны толмас қайғы болды. Мал шаруашылығы күйреп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт төмендеді. Нәтижесінде 2 миллион 600 мыңға жуық қазақ қаза тауып, шамамен 600 мыңдай адам өзге мемлекеттерге көшуге мәжбүр болды.
         Ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары көптеген отбасылар туған жерін тастап, аман қалу үшін шет ел асуға амалсыз әрекет жасады. Осындай ауыр тағдырды бастан өткерген отбасылардың бірі – Телемұрат отбасы. 1932 жылы Телемұрат небәрі 12 жасында әкесімен бірге Ауғанстан мемлекетіне қоныс аударған. Бұл – жас бала үшін өте ауыр сынаққа айналды. Өзге елде, жат адамдар арасына сіңіп кету де оңай болмаған. Ол туған жерінен, елінен, жақындарынан алыстап, жат жерде өмір сүрудің қиындығын өз жүрегімен сезінген жан.
       Телемұрат отбасы бұған дейін Қызылорда өңірінде тұрған. Алайда ашаршылық жанға аяздай батқан тұста өмір үшін күресу керек. Ауғанстан мемлекетінде Телемұрат сауда-саттықпен айналысып, отбасын асырауға тырысқан. Сол елде жүрсе де, ол туған жерін, елін ұмытпай, жүрегінде Қазақстанға деген сағынышын сақтап өткен.
      Тағдырдың жазуымен жер жаһанға тарыдай шашылған қазақтың тарихи Отанына табан тіреуі – елдік мүдде.Қиырдағы қандастардың Отанға оралуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мүмкіндік туып, сол көш әлі де сәтті жалғасуда. Жылдар өте келе Телемұраттың ұрпақтары ата-баба мекеніне оралуға ниет білдірді. 1999 жылы Телемұраттың немересі Азизулла Телесұлы өз отбасымен бірге Қазақстанға қайта көшіп келді. Ол кезде жасы 20-да болған. Қазақстанға келген соң жаңа ортаға бейімделіп, сауда-саттықпен айналыса бастады. Ұлты – қазақ, руы – Кіші жүз, Шөмекей. Азизулла Телемұрат елге оралуының басты себебін туған жерге, ата-жұртқа деген сағынышпен байланыстырады.
       Бұл деректер қазақ халқының ХХ ғасырдағы ауыр тағдырын айқын көрсетеді. Ашаршылық, көші-қон және депортация халықтың санасына, өмір салтына үлкен әсер етті. Соған қарамастан, қазақ халқы ұлттық болмысын, тілін, салт-дәстүрін сақтап қала білді. Елге оралған қандастардың тағдыры – төзімділіктің, үміттің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің айғағы.
       Депортация мен ашаршылық жылдары халқымыздың тарихындағы ең ауыр беттердің бірі болып қалды. Бұл кезеңді білу, түсіну – кейінгі ұрпақ үшін өте маңызды. Өткеннің сабағы елдің болашағын дұрыс бағалауға, бірлік пен адамгершілікті қадірлеуге үйретеді.
Әмірханқызы Қазына
М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі
«Бастауыш білім беру педагогикасы» бөлімі
1-курс студенті
29 қаңтар 2026 ж. 47 0