Алматы метросы қаланың барлық ауданын қамтиды
Алматы әкімдігі қаланың 2040 жылға дейінгі дамуының бас жоспарын таныстырды. Құжаттағы ең маңызды жаңалықтың бірі – метрополитен желісінің ауқымды түрде кеңеюі. Қоғамдық талқылаулар 24-26 желтоқсан аралығында өтеді деп жоспарланған, деп хабарлайды Egemen.kz.Метро желілері қалай өзгереді?
Жобаға сәйкес, метро қаланың барлық ауданын қамтитын бірнеше жаңа бағытпен толығады:
- Қаланы айналатын сақиналы жол: Жасыл желі әуежайдан басталып, Түрксіб, Жетісу, Алатау және Наурызбай аудандарын басып өтеді. Содан кейін Жандосов пен Тимирязев көшелерінің бойымен жүріп, қаланың орталық бөлігімен қайта түйіседі.
- Әуежайға баратын сары желі: Бұл бағыт «Жібек жолы» станциясынан басталып, Гоголь көшесі мен Құлжа тасжолы арқылы әуежайға жетеді. Қазірдің өзінде бұл құрылыс үшін 93 жер телімін мемлекет мұқтажына алу туралы шешім шыққан.
- Екі вокзал арасындағы байланыс: Қызыл желі «Райымбек» станциясынан Сейфуллин даңғылы бойымен «Алматы-1» вокзалына дейін созылады.
- Солтүстік бағыт: Күлгін түспен белгіленген үшінші желі «Сайран» станциясынан Солтүстік айналма жолы арқылы жаңадан құрылған Алатау қаласына дейін барады.
Құрылыс қашан аяқталады?
Әкімдік мәліметінше, 2026 жылы «Қалқаман» станциясы ашылады. Сондай-ақ сол жылы бірінші желінің соңғы нүктесі – «Барлық» базарына дейінгі учаскенің құрылысы басталып, 3 жылда аяқталады деп күтіледі. Ал қалған барлық бағыттарды кезең-кезеңімен 2040 жылға дейін іске қосу жоспарланған.
Айта кетейік, метро құрылысы үшін Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарындағы бірқатар нысан сүріледі. Тұрғындар жобаның толық схемасымен Сәулет және қала құрылысы басқармасының сайтында таныса алады.







