БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта Шиелі ауданы прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде.Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, жасөспірімдер қатысатын құқықбұзушылықтардың басым бөлігі ата-аналық бақылаудың әлсіреуі, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және түнгі мезгілде заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруімен байланысты. Осыған орай, прокуратура бастамасымен полиция, білім беру ұйымдары және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде.
Атап айтқанда, түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтік шаралар ұйымдастырылып келеді. Заң талаптарын бұзған ата-аналарға қатысты әкімшілік жауаптылық мәселелері қаралып, олармен түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқушыларға арналған құқықтық сабақтар мен кездесулер өткізіліп, балалардың құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілуде. Бұл жұмыстар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға құрметпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
Жыл басынан бері прокуратураның араласуымен бірнеше қолайсыз отбасы анықталып, есепке алынды. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу мақсатында әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, мұқтаж отбасыларға қажетті көмектер көрсетілуде.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, прокурорлық қадағалау тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








