ҚАЙ МЕРЕКЕ ҚЫМБАТ?
Желтоқсан – жай ғана жылдың соңы емес. Бұл – ұлттың өз-өзіне сұрақ қоятын айы. Біз кімбіз? Қай күн біз үшін қымбат? Қай мерекеге жүрегіміз бірінші соғады? Ұзақ жылдар бойы осы сұраққа үнсіз жауап беріп келдік. Көшелер шырша шамына ерте оранып, дүкен сөрелері «Жаңа жылға дайынсың ба?» деп сыбырлайтын. Ал дәл сол сәтте тәуелсіз ел атанған күніміз – 16 желтоқсан сабырмен, салмақпен, көп даңғазасыз өте шығатын. Бірақ биыл желтоқсан басқаша басталды.Алайда ұзақ жылдар бойы қоғамда бір өкінішті үрдіс қалыптасты. Тәуелсіздік күні желтоқсанның орта шенінде тойланса да, дәл осы кезеңде ел назарын жаңа жыл мерекесі толықтай баурап алатын. Желтоқсан басталысымен сауда орындары мен көшелер жаңа жылдық безендіруге кірісіп, шырша, шам, отшашу, түрлі жарнама көзді арбайтын. Ал Тәуелсіздік күніне қатысты нышандарды, ұлттық реңкті, мерекелік көңіл-күйді табу қиынға соғатын. Ұлық мейрамның өзі тасада қалып, тек бірнеше күн қалғанда ғана ақпарат құралдарында еске салынатын. Бұл 2-3 жыл бұрынғы көрініс. Сол уақытта орталық базардан Тәуелсіздікке қатысты бірде-бір белгі таппай, керісінше «Жаңа жыл таяп қалды» деген әсерді анық сезінетінбіз. Мемлекеттік деңгейде де, жергілікті жерлерде де қыруар қаржы жаңа жылдық шараларға бағытталып, басты назар сол жаққа ауатын. Мұның бәрі қоғам санасында «қай мереке маңызды?» деген заңды сұрақты тудырмай қоймайтын.
Дегенмен биылғы ахуал өзгеше. Биыл аудан да, сана да асықпайтын секілді. Қуантатыны – бұрынғыға қарағанда Тәуелсіздік күніне деген көзқарас оңала бастағаны анық байқалады. Көшелерде көк байрақтың көбірек ілінуі, ұлттық рәміздерге мән берілуі, қоғамдық кеңістікте Тәуелсіздік туралы ой қозғайтын бастамалардың артуы соның айғағы. Орталық базар мен сауда орындарында да жаңа жылдық әшекейден бұрын, мерекелік асығыстықтың бәсеңдегені сезіледі. Бұл – ұсақ-түйек емес, қоғам санасындағы маңызды өзгерістің белгісі.
Шын мәнінде, Тәуелсіздікті атап өтудің тәрбиелік және тағылымдық мәні орасан зор. Егемен елдің азаматы үшін бұл күн – тек демалыс емес, тарихи жадымен тілдесетін, өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасайтын сәт. Қазақ халқының сақталып қалуы, ата жұртында дербес мемлекет болып шаңырақ көтеруі – барлығы тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл мейрамды «көлеңкеде» қалдыру – өз тарихымызға салқын қараумен тең.
Тағы бір маңызды жайт – мерекенің балалар санасына қалай сіңіріліп жатқаны. Жаңа жылды балалар асыға күтеді, өйткені сыйлық бар, кейіпкерлер бар, әсер бар. Ал Тәуелсіздік күні балалар үшін нені білдіреді? Егер бұл мереке де ұрпақ жадында жылы естелікпен, нақты символдармен қалыптасса, оның мәні еселене түсер еді. Патриоттық рухты құр ұранмен емес, бала жүрегіне жететін нақты әрекетпен қалыптастыру қажет.
Биыл байқалған оң өзгерістер – үміт отын жағатын құбылыс. Тәуелсіздік күніне деген ілтипаттың артуы, жаңа жылдық даңғазаның сәл де болса кейін шегерілуі – қоғамның есейіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл үрдіс жалғасын тапса, Тәуелсіздік өзіне лайық тұғырға қонады.
Биыл бір нәрсе анық сезілді. Жаңа жыл бұрынғыдай Тәуелсіздіктің үстінен аттап өтпей тұр. Бұл – үлкен өзгеріс. Себебі мерекелердің емес, құндылықтардың орны ауыса бастағанын көрсетеді. Қоғам алғаш рет «алдымен – Тәуелсіздік, содан кейін – бәрі» деген ішкі тәртіпке бет бұрғандай.
Тәуелсіздік – отшашумен өлшенбейді. Ол – көк тудың желбіреуінен, балалардың «бұл қандай күн?» деп сұрауынан, сол сұраққа сенімді жауап бере алуымен өлшенеді. Егер бала Тәуелсіздік күнін күте бастаса, егер бұл күн оған қуаныш пен мақтаныш сыйласа – міне, нағыз мереке сол кезде басталады. Жаңа жыл келеді де кетеді. Ал Тәуелсіздік қалуы керек. Санамызда, сөзімізде, таңдауымызда. Биылғы желтоқсан осыны ақырын, бірақ анық аңғартты.
Қоғамда «Жаңа жылды тойламау керек» деген пікір жоқ. Мәселе – басымдықта. Жаңа жыл – күнтізбелік ауысым, ал Тәуелсіздік – ұлттық болмыстың өзегі. Сол себепті ең кемі жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастау – сана тұрғысынан әділ қадам болар еді. Өз тәуелсіздігімізді өзіміз дәріптемесек, оның қадірін кім ұғындырады?
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ








