Қорқыт кесенесіне сапар
Шиелі ауданы әкімінің қолдауымен, аудандық отбасын қолдау орталығы КММ ұйымдастыруымен, жуырда аудан ардагерлері Қорқыт ата кесенесіне сапар жасап қайтты.Қазақ даласында аңыз бен ертегі, миф жайындағы әңгімелер көптеп кездеседі. Соның бірі – Қорқыт ата кесене аумағы, құтты бір ертегі әлеміндей. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жыршы, қобызшы Қорқыт ата есімінің мағынасы – «жоғарыдан келген құт» дегенге саяды. Қорқыт ата – өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқына бақытты өмір сүретін Жерұйықты іздеуші. Ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан. Ел-жұртты өзінің күй-жырымен аузына қаратқан. Қобыз аспабын ойлап табушы. Қорқыт ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік. Қорқыт ата нақыл сөздері «Өмір барда, өлім бар. Өзгеру бар, өлмес өмір жоқ. Сынбас темір жоқ, бәрі де өледі. Өзгереді, ұмыт болады. Тек мәңгі бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе, адамның өмірінде істеген игілікті, жақсы ісінің нәтижесі» дейді.
Кесене мұражайындағы суреттерде адамгершілік, имандылық, әділдік, рақымшылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, Отанға деген сүйіспеншілік және елдің тұрмыстық тіршілігі, әл-ауқаты мен құндылықтары бізге мұра етіп қалдырылған екен. Сонымен қатар жыр толғаулар, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерде көрініс тапқан.
Сапар барысында, еңбек және тыл ардагері, жасы 90-ға таяп қалған Тынысбек Дүйсекеев ақсақал ұйымдастырушыларға және қатысушыларға ақ батасын берді.
Алмас Сармантаев,
Шиелі кенті «ГРЭ-23» аумағы ардагерлер ұйымының төрағасы
Шиелі кенті «ГРЭ-23» аумағы ардагерлер ұйымының төрағасы








