НАРТАЙ АУЫЛЫ: КЕШЕ, БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

Тарих беттерін ақтарсақ
Ауылдық округтың алғашқы іргетасы 1928 жылы қазіргі Жиделіарық ауылында Үлгілі ТОЗ (Жер өңдеу серіктестігі) қаланған.
Бір жылдан кейін бұл жерде Жиделіарық колхозы пайда болды, ал 1932 жылы Жиделарық, Еңбекші, Ұйымшыл колхоздарын қамтитын Керделі ауылдық кеңесі құрылды.
Ең алғаш ауылдық кеңесті Боқаев Сыздық басқарды. Әр колхозда 25-35-тен шаңырақ болып, колхоздарға мүше болғандар күш көлік, соқа, саймандар тағы басқа жарна беріп мүшелікке қабылданды.
Таудағы Сауысқандық жайлауында «Тоғанның алқымы» «Мыңбұлақ», дария бойындағы «Арғынның ызасы» деген жерлерде жүз шақты шаңырақ бірігіп бидай, тары, қауын тағы басқа дақылдар егумен айналыса бастаған. Бұл кезде бірлестік топтарының бәрін Маман Қалдыбаев басқарды.
1929 жылдың бөлек – бөлек бірлестіктер бірігіп Бестам ауылдық кеңесіне қарасты «Үлгілі» колхозы болып бірікті. Колхоздың жалпы жиналысы шақырылып, ұжымның атын қою мәселесі қаралды. Сонда Әбен Рысдәулетов деген ағамыз тұрып, колхозымыз айналадағы елге үлгі, өнеге беретін абыройлы ел болар ма екен деген ырыммен «Үлгілі» деп қойған екен. Дуалы ауыз ағамыздың айтқаны келіп, «Үлгілі» колхозы Шиелідегі ең бай, еңбек пен табыстың үлгіөнегесін көрсете білген. 1937-1942 жылдарға дейін «Үлгілі» колхозының бір звеносы таудағы тоған алқымына «Майшы» деген жерлерге табиғи өзен суын пайдаланып 20 га бидай егіп, одан мол өнім алып жүрді. Звено жетекшісі болып Әбдіқадыр Қазанбаев, қарауында колхозшылары Сейділда Жұмаділдаев, Тобажан Байжанов, Ахмет Нүркеев деген кісілер болған. 1951 жылы колхоздарды ірілендіргенде Еңбекші мен Жиделіарық колхоздарында 32 мың бас қой, 600 сиыр, 26 түйе, 120 жылқымен қосылған. 1931-1933 жылдары «Үлгілі» колхозында Бәкір Мәмбетов басқарма төрағасы болды. Осы топырақта туылып, халқының қамын ойлап жүрген азаматтар Ишанқұл Досымбаев, Қалжан Қоңыратбаев, Әлібек, Қалмағанбет Жайлыбаев 1937–1938 жылдары Әміртай Бижанов «Үлгілі» ұжымында парторг әрі басқарма төрағасы болған.
1934 жылдан бастап ұжымдар қайта жөнделе бастады. Мемлекеттен малы жоқтарға мал, астық беру жұмыстары ұйымдастырылды.
1935 жыл басынан 1937 жылдың күзіне дейін колхоздың басқарма төрағасы болып жаңақорғандық Оспан Қалымбетов деген кісі болды.
Бұл кезде колхоз, мектеп, клуб үйі, қоймалар, тұрғын үйлер салына бастады. 1937 жылдан бастап әр колхоз өз алдына 70 га дейін күріш егіп, алғашқы жылы күріштен өнім ала алмады, себебі оның егу мен суару әдісін білмеген. Әр ұжымда 6-8 өгіз арбадан болып, ұйымдастыру бағытында жұмыстар қыза түсті. 1939 жылы әр бұқа етке өткізілгенде салмағы 895 кг болыпты. 1937-1938 жылдарда ұжымның ферма бастығы Баукен Бекжанов 1940 жылы 300 бас қойды 500 басқа жеткізгені үшін, 2 түйені түгел аман сақтап боталатқаны үшін, ірі-қараны аман сақтап, әр аналықтан 1 бастан бұзау алғаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1949 жылы Маман Қалдыбаев күріштің әр гектарынан 120 ц өнім алғаны үшін «Еңбек Ері» атағына ие болып, алтын жұлдыз таққан.
1951 жылы колхоздар іріленіп Жиделіарық, Үлгілі, Еңбекші бірктіріліп, Молотов атындағы үлкен ұжымшар болды, осы ұжымшардың төрағасы болып Ақпанбетов Оразмахан сайланды. 1955 жылы бұрынғы Молотов атындағы ұжымшар Коммунизм колхозы болып аталды. Осы Коммунизм ұжымшарынан 1974 жылы мал шаруашылығын өз алдына дамыту мақсатында Еңбекші кеңшары бөлініп шықты. Коммунизм ұжымшарында күріш, бидай, көкөніс, жоңышқа, бақша дақылдары егілді, ірі-қара іріленген үлкен ферма қалды. Жиделіарықта 2 бригада, ауылдың орталығы Үлгіліде 2 өндіріс бригадасы және 1 көкөніс бақша бригадасы болды.
Қой шаруашылығында Нартай Көкиев 100 саулықтан 220 дана төл алып «Еңбек Ері» атағына ие болды. 1970 жылы Шырынкүл Қазанбаева күріштен 129 центнерден, Байдүйсен Оразов 126 ц, 1972 жылы Алтайбаева Ұлбала 109 ц өнім алып Еңбек Ері атанған.
Тарих беттеріне терең үңілсек, ауылдық кеңес төрағасы болып 1928-1940 жылдар аралығында Нұрым Шөпшеков, 1941-1964 жылдар аралығында Шәрі Бәйімбетова, 1965-1968 жылдар аралығында Уәлішер Райымбеков, 1969 жылы 5-6 ай көлемінде Байтілес Жүсіпов, 1970 жылы 4 ай көлемінде Саруар Ибадуллаев, 1976 жылы Досмағанбет Аюпов, 1981-1993 жылдары Алдаберген Рақышев, 1993-1999 жылдары Ниязбек Мұсабаев, 1999-2001 жылдары Жаппарбек Оразмаханов, 2001-2002 жылдары Әділхан Ақылбеков, 2002-2004 жылдары Ниязбек Мұсабаев, 2004-2008 жылдары Серік Мүліков, 2008-2015 жылдары Шамшат Оразымбетова, 2015-2019 жылдары Ержан Файзолла ауылдық округ әкімі болып қызмет атқарды. 2019 жылдан бастап бұл тізгінді Ғалымжан Ыханов ұстап келеді.
Бүгінде ауылда Нартай Бекежанов атындағы мемориалдық өнер музейі, Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйі, №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебі, Н.Бекежанов дәрігерлік амбулаториясы, «Қарлығаш» бөбекжайы, «Бал-Шырын» жеке балабақшасы, пошта байланыс бөлімшесі ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде және 2009 жылдың қазан айында жеке кәсіпкер Бекет пен Болат Сүлейменовтердің демеушілігімен жаңа «Арғын ата» мешіт ғимараты тұрғызылып, пайдалануға берілді.
2012 жылы № 156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінің жаңа ғимараты соғылды. Екі жылдан кейін Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 2014 жылы мәдениет үйі де жаңаланды.
Бірінші жарты жылдықта қандай жұмыстар атқарылды?
Ауыл әкімі Ғ.Ыхановтың берген мағлұматтарына сәйкес 2025 жылы қолма қол ақшаны бақылау шотына барлығы 120 млн 651 мың теңге қаржы түскен. Жыл басынан жергілікті қоғамдастық жиындары өткізіліп, көше жарықтарын күтіп ұстауға 1 млн 618 мың теңге. көркейту көгалдандыруға 33млн 178 мың теңге «Қарлығаш» бөбекжайбақшасының қоршауын ауыстыруға 11 млн 692 мың теңге бөлінген.
Айта кетейік, бұл қаржыны ауыл әкімі ойына келген жерге жұмсай алмайды, міндетті түрде ауыл қоғамдастығының шешімі керек.
– Округ бойынша 27 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс атқарады. Оның ішінде 13-і мал шаруашылығымен, 1 балық шаруашылығымен және 13-і егін шаруашылығымен айналысады. Мал шаруашылығы саласына келсек, округ бойынша 4283 мүйізді ірі қара 10872 уақ мал және 1276 жылқы бар. Елді мекен бойынша бүгінгі күнге жалпы жеке кәсіпкерлер саны – 80. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікті дамытуда ауылымызда 9 сауда нүктесі, 2 монша тұрғындарға қызмет көрсетеді және 20 азамат мал бордақылаумен айналысуда. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1 азамат 5 млн теңге алып жұмысын жасап жатыр. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 8 азамат 11 млн 600 мың теңге грант иегері атанып өз кәсіптерін жасауда. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке жыл басынан бері 3 отбасы қамтылды.
Ауыл тұрғындарына көмек қолын созып жүрген азаматтарымыз да жетерлік. Мысалға алатын болсақ, жеке кәсіпкер Нұржан Дулатов мереке сайын тұрмыс төмен отбасыларын азық түлікпен қамтамасыз етеді. Ғазиз Тобажанов «Айдәулет» шаруа қожалығының төрағасы, жыл сайын 20 қойды тұрмысы төмен отбасыларына береді. «Халық» фермер қожалығының төрағасы жыл сайын ауыл ардагерлеріне бір көлік шөп және әр отбасына 50 кг күріш беріп отырады. Мереке сайын қаржылай да көмек береді. Мұхтар Уралов «Мұхтар» фермер қожалығы, Айтасов Нұрлан «Серік» шаруа қожалығы, Әтеев Достияр «Жақсылық» шаруа қожалықтары мереке сайын көмек береді, – деді бізбен әңгіме барысында ауыл әкімі.
Жалпы округ бойынша 3019 халықтың 1159-і экономикалық белсенді халық санатына кіреді.
Әлеуметтік саланың әуелеті
Ауылдық мәдениет үйіне қобыз, домбыра би, ән, баян, көркем сөз үйірмелері жұмыс жасайды. Мәдениет үйінің басшысы Рақымжан Смайылов – тәжірбиелі маман. Оның айтуынша «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 9 тыл және еңбек ардагерлерін, құттықтап, құрмет көрсетіп, сыйсияпат жасалды.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «8 наурыз Халықаралық әйелдер» күніне орай тылда қызмет жасаған ардагер аналармен кездесу өткізіліп, сый құрмет көрсетілді, ал «Ұлттық мұра» партиялық жобасының аясында 22 Наурыз мереке қарсаңында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты ұранмен тоғызқұмалақтан спортық жарыс өткізілді. Бұдан да басқа көптеген шаралар ұйымдастырылып ауыл халқының көңілінен шықты.
Керделі ауылдық округі Н.Бекежанов ауылында орналасқан Ш.Ермағанбетов атындағы 2 қабатты, 180 орындық, 16 бөлме спорт кешені 2021 жылы 2 желтоқсанында пайдалануға беріліп 14 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылды. Қазір мұнда спорт секцияларында жүздеген бала сабақтан тыс уақыттарын тиімді өткізуде.
№156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінде қазіргі уақытта 668 оқушы білім алып жатыр. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Қарлығаш» бөбекжайында КМҚК «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында 6 топ жұмыс жасайды, 130 бала тәрбиеленуде. Бала бақшада 21 педагогикалық және 23 техникалық қызметкер жұмыс атқарады.
2013 жылдың қазан айынан бастап ЖШС «Бал-шырын» ясли жеке бала бақшасы Балапан бағдарламасымен жұмыс атқарады. Жобалық қуаты 65 орындық. Балабақшада барлығы – 33 бала тәрбиеленуде.
Елді мекенде 2019 жылы Н.Бекежанов дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Онда 2 дәрігер, 1 акушер, 5 жалпы тәжірибелік мейірбике, 1 әлеуметтік қызметкер, 1 ине шаншу мейірбикесі, 1 химизатор, 1тазалықшы, 2 қарауыл, 1 жүргізуші қызмет етеді. Емдеу мекемесіндегі мамандардың берген мәліметі бойынша мұнда – 2968 адам тіркелген. Оның шінде 0-14 жас таралығында бала – 1295, 65 жастан асқан қарттар – 269, мүгедектігі бар бала – 22 және 44 ересек адамға тиісінше медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. Осы мезгілде скрининг арқылы өткені – 60 адам, туған бала – 18, қайтыс болғандар – 3 адам. Сонымен қатар үш айда күндізгі стационарға 43 науқас алынып және тегін дәрімен 374 науқас қамтылған екен. Бұл да болса басы ауырып, балтыры сыздап емдеу мекемесіне ауырып келген ауыл тұрғындарына үлкен көмек екенін айтып өткеніміз ләзім.
Инфрақұрылымы мықты ауыл
Н.Бекежанов ауылына 2010 жылы ауыз су құбыры тарту жұмыстары басталды. Сөйтіп, 2012 жылдың аяғында пайдалануға беріліп, 2013 жылы «Жиделі топтық су құбыры» теңгеріміне өткізілген. 2020 жылдың басынан ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен жиналған қаражатқа қосымша трубалар сатып алынып, су айдағыш насостары 24 сағатқа қойылды. Айта кету, кейбір елді мекендерде су сағатпен берілетін ескерсек, ауылға барғанымызда, нартайлықтардың бұл бастамасы көңілімізден шыққанын жасыра алмадық.
Н.Бекежанов ауылына 2021 жылы газ құбырын тарту басталып, 2022 жылдың аяғында пайдалануға беріліп, 500 отбасы газбен қамтылған, және бұл көрсеткіш 95 пайызға жетіп отыр.
Өзекті мәселелер бар ма?
Ауылға әкімгершілік ғимаратын жеке кәсіпкер өз қаражатына салып берген, енді оны мемлекет теңгеріміне алу мәселесін шешу керек. Әзірге қызметкерлер ауылдық мәдениет үйін паналап отырған жағдайы бар.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының ішінде жер сұрап кезектілікте тұрғандардың саны жүзге жуықтап қалды. Осыған байланысты елді мекеннің бас жоспарын әзірлеп, берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу мәселесі туындап отыр.
Елді мекенде М.Әуезов, А.Құнанбаев, Н.Бекежанов, М.Қалдыбаев көшелерінің бойынан жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі бар.
Сөз жоқ, соңғы жылдары Нартай ауылыда мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, әсіресе ауыл жолдары бір жөнделіп қалды. Оны көзбен көріп, оймен түйіп жүрміз.
Ал аталған өзекті мәселер бойынша, ұсыныстар беріліп жатыр. Кезең кезеңмен олар да орындалатына ешбір күмәніміз жоқ.
Ауыл әкімі кім, мақсаты не?
Ыханов Ғалымжан Керделі ауылдық округінде дүниеге келген. 1981-1991 жылдары Нартай ауылындағы №156 Нартай Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінде білім алып, 1992 жылы Алматы Зоотехникалық малдәрігерлік институтының «Тұтыныс тауарларын тауарлау» факультетіне оқуға түсіп, 1997 жылы «Мал шикізатын тауарлаушы инженер» мамандығы бойынша бітірген.
1997-2000 жылдары Алматы қаласы Жетісу аяқ киім фабрикасында технолог маманы болып бастаған. 2000-2002 жылдары «Самат» жеке кәсіпкерлігінде оператор кассир маманы, 2003-2007 жылдары Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман, 2009-2010 жылдары «Астана Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестік корпорациясында маман, 2011-2012 жылдары АФ «АБК Автодор АС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде әкімшілікшаруашылық бөлімінің аға менеджері болып жұмыс атқарған.
2016-2019 жылдар аралығында Бестам ауылдық округі әкімі, 2019 жылы «Керделі» ауылдық округі әкімі аппаратында әкімі, 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қайта сайланып, «Керделі» ауылдық округі әкімі аппаратында әкім қызметін атқарып келеді. 1997 жылы отбасын құрған. Жұбайы Жазира Әбікенова екеуі ұл-қыз тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя.
Көріп отырғанымыздай, ауыл әкімі ауыл шаруашылығы, өндіріс, бизнес, мемлекеттік қызмет саласында қызмет жасап, мол тәжірбие жинақтаған маман.
Ауыл халқы оны екі жыл бұрын көпшілік дауыспен сайлап, үлкен сенім артты. Бізге берген сұхбатында Ғ.Ыханов жауапкершілік пен сенім жүгі ауыр екенін, басты мақсаты – мемлекеттік бағдаламаларды тиімді пайдаланып, оны ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге бағыттау екенін айтып өтті.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ