
Сыр бойын алып мұнай-газ кен орнына айналуына, еліміздің экономикасының дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына ерен еңбек еткен, ұлтжанды, қазақтың біртуар азаматы, «Құмкөл» мұнай-газ кен орнының алғашқы ұйымдастырушысы, бірінші басшысы Саламатов Мұрат Ғазизұлының есімін ұзақ есте сақтап, өнегелі өмірін өскелең ұрпақтарымызға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты жиынға Тілеуберген інімнен шақыру қағазын алғаннан кейін, аталған шараға барып, кезінде бірге қызмет істеген әріптестерімді көріп қайттым. Қызылорда қаласында өткізілген осы игі шаралардан үлкен әсер алып, Мұрат Ғазизұлымен алғашқы кездесуім, одан кейінгі жеке таныстығым көз алдымда тізбектеліп өтті. Оқырман, әріптестеріме «Жақсы адамның аты, ісі өлмейді» деген нақыл сөз Мұрат Ғазизұлына арналған-ау деген ой мазалап, ол кісі туралы жазу менің азаматтық парызым деп асыға қолыма қалам алдым. Сонау 1989 жылдың күз айы болатын, жерлесім, інім Әбдірей Қалымбетов «Құмкөл» мұнай-газ өндіру басқармасына (НГДУ), мұнайды дайындау және қайта айдау цехына бастық болғанын айтып телефон соқты. Соған мұнайшы мамандардың басын құрап, команда жасақтап жатқанын айта келе «Әлеке! бізге жұмысқа келсең, бірге жұмыс істейік, қабырғаңмен ақылдасып, ойланып, толғанып нәтижесін айтарсың» деді. Әбдірей Қалымбетов Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев атындағы кеңшарынның (бұрынғы Қызылту колхозы) тумасы. Қазақтың химиятехнологиялық институтының «Мұнай мен газ өңдеудің химиялық технологиясы» мамандығы бойынша бітіріп, Атырау (Гурьев) мұнай өңдеу зауытында қызмет атқарған тәжірибелі мұнайшы. Отбасы жағдайына байланысты Қызылорда қаласына жұмысқа ауысып келіп, облыстық «Мемлекеттік мұнай өнімдері комитеті» басқармасында, облыс жанар және жағармай құю бекеттерінің бастығы қызметін атқарды. Мен ҚазССР мемлекеттік мұнай инспекциясының Қызылорда облысы бойынша аға инспекторы болып, екеуміз қойын қолтық қызмет істедік. Әттең, сұм ажал мәңгілік жеріне ерте алып кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өзінің адамгершілік парасатымен, қарапайым, сабырлы болмысымен, тек қара басының қамы үшін емес, елге, халқына, Сыр бойының экономикасын көтеруде маңдай терін төккен үлкен жүректі, иманды азамат болып өтті. Сонымен келісімімді беріп Мұрат Ғазизұлының алдына келдік. Мұрат Ғазизұлы еңбек кітапшамды, өмірбаянымды асықпай оқып шығып «Айналайын, облыста мұнай саласының мамандары өте тапшы, саусақпен санарлық, жоқ деп айтуға болады. Мұнай мамандығын бітіріпсің, нағыз бізге керек мамандық. Бірақ мұнай өндіріс саласында жұмыс істемеген екенсің, Маңғыстауға Жетібай мұнай-газ басқармасына бір айға іс сапарға жіберемін, бүкіл технологиялық процестерін өз көзімен көріп, оқып, үйреніп тәжірибе алмасып, емтихан тапсырып куәлік алып қайтасың. Келгесін маған көрсетесің» деді. Мені «Мұнайды дайындау және қайта айдау «цехына, мұнайды сусыздандыру және тұзызсыздандыру қондырғысының аға операторы етіп жұмысқа қабылдап, бұйрық беріп, Маңғыстауға бір айға іс сапарға жіберді. Жетібай мұнай-газ басқармасында менің жетекшім, ұстазым деп айтсам да болады Жұманов Естай есімді азамат болды. Жамбыл облысы Шу қаласының тумасы, Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының түлегі, өте білімді азамат. Естай бауырым маған ерінбей-жалықпай технологиялық процестерді, қондырғылардың қыр-сырларын санама жеткізіп, көрсетіп бір ай дәріс берді. Нәтижесінде емтиханды ойдағыдай тапсырып «Мұнайды сусыздандыру және тұссыздандыру операторы деген куәлік алып елге оралдым. Кейіннен Естай бауырыммен 2000-2003 жылдары «Харракейн Құмкөл-мұнай» компаниясында бірге қызмет атқардық. Өкінішке орай, амал қанша әрқашан күлімдеп, жадырап жүретін иманды азаматымыз ерте қайтыс болып кетті. Қызылордаға келгесін Мұрат Ғазизұлына кіріп куәлігімді көрсетіп, Мұрат Ғазизұлы «Құмкөл» мұнай-газ кенішінің «Мұнайды дайындау және қайта айдау» цехына жолдама беріп, жұмысыма сәттілік тілеп, жылы шыраймен шығарып салды. «Құмкөл» мұнай-газ кенішіне келе сала қызу еңбек майданы басталып кетті. Құрылысты сағызша созу мүмкін емес, уақыт өте тығыз тапшы. Біздің негізгі міндеттеріміз мердігер мекемелерден жұмыстың сапасын қадағалап, техникалық талаптарға сәйкес, орындалған жұмысты күнделікті рет-ретімен қабылдап алу. Кешкі сағат 18:00-де орталық диспетчерлік жүйе арқылы істелген жұмыс барысы туралы штабқа ақпарат беріп отырамыз. Кеңес Одағының кезі ғой, бүкіл нұсқаулар, қондырғылар, қондырғы жабдықтары КСРО мұнай-газ министрлігінің шешімі арқылы келеді. Белгісіз себептермен қондырғылардың, жабдықтардың кешігуіне байланысты мұнайды дайындау және қайта айдау құрылысы қазан айына протокол жүзінде кейінге шегерілді. Осындай қиын сәттерде Мұрат Ғазизұлы болашақты тереңнен бағдарлап ойлай білетін іскер басшы екенін көрсете білді. Себебі Отанға Сыр мұнайы өте қажет, халыққа ақша ауадай керек екенін, тығырықтан шығу жолын қарастыра білді. Ол ойлана келе Ақтау қаласындағы Қазақ ғылыми жобалау институтымен ақылдасады, келісе отырып, уақытша тізбек арқылы мұнайды «мұнайды дайындау және қайта айдау» цехы арқылы қабылдап алып, «Құмкөл-Қарақойын» магистральді құбыры арқылы Шымкент мұнай өңдеу зауытына Сыр мұнайын жіберудің техникалық шешімдерін қабылдап, протоколға енгіздірді. Күндіз түні тынбай жасалған қажырлы еңбектің арқасында «Мұнайды дайындау және қайта айдау» цехының операторлары, инженер мамандары Сыр мұнайын қабылдап алуға, «Құмкөл-Қарақойын» магистральді құбырына жіберуіне сақадай сай болып, барлық дайындықтан өтіп қуанышты күнге де келіп жеттік. «Құмкөл-Қарақойын» магистральді құбырына жіберу салтанатына «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Жеңіс Жалғасов, Жезқазған мұнай құбыры басқармасының бас инженері Радик Гайсин, Жезқазған мұнай құбыры басқармасының мұнай құбырларын пайдалану бөлімінің бастығы Фархат Төлбасиев, «Құмкөл» мұнай-газ өндіру кеңішінің бастығы Жоламан Мамбетов, 2 вахта «Мұнайды дайындау және қайта айдау» цех бастықтары Қабылбек Қыстаубаев , Әбдірей Қалымбетов, күрделі құрылыс бөлім инженері, ЦППН бойынша кураторы Әлібек Сабырбаев қатысты. Шараны қазіргі кездегідей жарияға жар салмай, бұқаралық ақпарат құралдарынан тілшілер шақырылмай, мұнайды «ҚұмкөлҚарақойын» магистральді құбырына жіберу кәдімгі күнделікті жұмыс жағдайларында өтті. «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Ж.Жалғасов бекіткен уақытша тізбектің өндіріске жіберу туралы жоспарына қарапайым жүзеге асырылды. Менің құзырыма бес НБ-125 (9МГр) сорабтарын кезек-кезек қосып, жөнелтілген мұнайдың атмосфералық қысымын, вертикальды газосеператордың жоғарғы және төменгі деңгейін, қысымын, кеткен мұнайдың мөлшерін қатаң қадағалап тұру тапсырылды. Екі сағат сайын келген мұнайдың сапасын тексеріп тұру химиялық зертхана меңгерушісі Әділжан Ізтілеуовке тапсырылды. Сағат 15:15-де ысырма тетікті (задвижка) ашу мұнайды дайындау және қайта айдау цехының аға операторы Валерии Румянцевке тапсырылды. Алғашқы Сыр мұнайы «ҚұмкөлҚарақойын» магистральді құбыры арқылы «Қарақойын» НПС-на жіберілді. 9 мамыр 1990 жыл сағат 15:15 қызылордалықтар үшін үлкен тарихи оқиға болып саналады. Осы тарихи оқиғаға қатысып, үлесімді қосқаныма өзімді осы уақытқа дейін бақыттымын деп санаймын. Осы жерде айтуға тура келіп тұр «Құмкөл» мұнай-газ кенішінің алғашқы ізашар әріптестерімді құрылысшы және мұнайшылар деп бөле-жара қарамай, бүгінгі күнде еңбек ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бұл әріптестерім күн-түн демей ең алдымен өндіріс туралы ойлап, табиғаттың қолайсыздығына және қарапайым еңбек, тұрмыстық жағдайлардың болмауына қарамастан бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізе білді. Әрине іскер басшы, жұмысты ұйымдастыра білетін Мұрат Ғазизұлының күнделікті қамқорлығының, қадағалауының арқасы деп білем. Осындай ерен еңбектің үлгісін көрсете отыра 10 қазан 1990 жылы «Мұнайды дайындау және қайта айдау» цех жұмыстары толықтай аяқталып, өндіріске жіберілді Сыр мұнайын мүмкіншілігіне байланысты қабылдап, техникалық стандарттарға сәйкес құрамын газ, су, тұздан тазалап жоғарғы сортты мұнайды Шымкент мұнай өңдеу зауытына жібере бастадық Тұран ойпатында 1993 жылдың қысы, «Құмкөл» мұнайшыларын үлкен әбірге түсірді. Бетпақта бұрын-соңды болмаған қалың қар жауып, арты боранды аязға ұласып, мұнайшылар небір қиыншылықтарға тап болды. «Құмкөл-Қызылорда» күрежолы жабылып, тіршілік көзі күн сайын қиындап, қатынас тек тікұшақ арқылы іске асырылды. Талай азаматтарымыз боранды күндері діттеген жерлеріне жете алмай, аязды күндері жолда, меңіреу жапан далада жалғыз қалып, небір қиыншылықтарды бастарынан өткізуге тура келді. Осыған орай басқарма бойынша төтенше жағдайлар штабы құрылып, оны Мұрат Ғазизұлының өзі отырып бақылауға алып, күндіз-түні екі тікұшақ кезекшілікке қойылып, жолдың екі арақатынасы үздіксіз қатаң бақылауға алынды. Осындай қырағылықтың арқасында адам шығыны болған жоқ. Біздер үшін ең қиыны дала арландары жапан даладан пана таба алмай, «Мұнайды дайындау және қайта айдау» цехының ішіне кіріп, жылы қазандықтарға қызарған көздері оттай жанып паналай бастағаны болды. Осыны көрген біздер кезекшілікті барынша күшейтіп, бұрын екі оператор болса, төрт операторға дейін көбейтіп, қолдарына қорғану құралдарын беріп, қазандықты әр екі сағат сайын тексеруге жіберіп отырдық. Осы уақыт күттірмейтін жағдайлар туралы жергілікті «Құмкөл» мұнай-газ өндіру кенішінің бастығы Өтеген Яхияевқа кіріп мән жайды айтқанымызбен, ескерусіз қалды. Ойланып, толғанып отырдым да Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіне жазып, азанда тікұшақ ұшқышына тапсырып, «редакцияға берерсің» дедім. Газетке берген мақаламның қысқаша мәтіні төмендегідей. «Бетпақта қыстың қатты болғаны соншалықты, дала арландары кең даладан нәр таппай, «Құмкөл» кеңшарынның «Вахта-40», «ЦППН», «Автобаза» асхана қалдықтарын торуылдауда. «Аштық не істетпейді?» демекші, түннің бір уағында тамақ бер деп ұлығанда сайсүйегің сырқырап не істеріңді білмей қаласың. Табиғаттың заңына не шара? Көздерінің қарауытқаны соншалықты, қапияда кездейсоқ адамға тап берген жағдайда мерт қылудан тайынар түрлері жоқ. Бетін аулақ қылсын, жапан далада бірліжарым жүрудің өзі жақсылыққа апармасы белгілі. Мұнайшылардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиісті, бірақ кеңшарда қарсы әрекет жасалып жатқан істердің қарасы көрінбейді...» Бір апта өтер-өтпестен таңертең тоғызда жұмысқа бастығым Әбдірей хабарласып: – Әлеке! Не бүлдірдің? Жаңа маған Мұрат Ғазизұлы хабарласып, Шермахановты жерден, көктен іздейсіңдер ме, сағат 14:00- де менде болсын деген тапсырма алдым. Аэропорт диспетчеріне айтып жаздыртып қойдым, кешікпей сағат екіде бол, генерал ашулы, – деді. Тікұшаққа міне сала ал келіп ойланайын, не істеп қойдым? Күнделікті жоспар артығымен орындалып жатыр, арақ ішкен жоқпын, техника ережелерін, қауіпсіздігін операторлар бұзған жоқ, қолымда ешқандай акт дәлел жоқ. Облыстық газетке жазғаным мүлде есіме келмей, ой түбіне жете алмай, сағат екіде тәртіп бойынша Мұрат Ғазизұлының кабинетіне кірдім. Кіре, Мұрат Ғазизұлы орынынан тұрып: – Шермахановсың ба? Айналайынау! Құмкөлде қасқырдан басқа тақырып құрып қалды ма? Елді шулатып. Әлде өзіңді көрсеткің келді ме? Айналайын-ау! Мен мына жерде не қылып отырмын, мән-жайды білмесем? Кел, отыр, – деп, өзі столдың қарама-қарсы екінші жағына отырып, «Сыр бойы» газетін жайып салды. Сонда барып газетке жазғаным есіме түсті. Таңертең облыс әкімі Шаухаманов хабарласып, маған «білесіз бе? «Құмкөл» мұнай-газ кеншарында қасқырлар қаптап, адам өміріне қауіп төндіріп жатқан көрінеді, одан хабарыңыз бар ма?» деп сұрады. Менің аузыма су құйылып не айтарымды білмей, амалсыздан өтірік айтуға тура келді. «Тезірек шара қолданыңыз, адам өмірі, қауіпсіздігі бүгінгі күннің басты мәселесі» деп сөз естідім. Мен болсам: – Мұрат Ғазизұлы! Мен ұпай жинап өзімді көрсету мақсатынан аулақпын, күнделікті көрген шындықты, мұнайшылардың қауіпсіздігін ойладым. Бетін аулақ қылсын, жазатайым мерт қылып жүрсе жақсылық әкелмейді. Күнделікті өз көзімен көріп жүрген жағдайларды баяндауға тура келді. Жергілікті кеніш бастығына хабардар етіп едім, немқұрайлық танытып, тиісті шара қабылдамады, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді. Мұрат Ғазизұлы айқайға баспай, қарапайым жай сөзбен: – Дұрыс, кемшіліктерді жазу әркімнің құқы, оған ешкімнің дауы жоқ. Әрине, жұмыс болған соң кемшіліктер болып жатады. Өзің көріп жатырсың біраз игі істер жасалып жатыр. Әлі біраз жұмыстар істелуі керек үлгере алмай жатырмыз, мынау ауа-райы қолайсыздық танытып, қол байлау болып кедергілер тудырып жатыр. Ал тілші бала, «келіскен іс келте болмайды» егер де жұмыстар созбаланға салынып жатса, газетке жазбай маған хабарласып айтарсың, өзіміз тиісті шара қолданамыз, келістік қой?! Ертең қауіпсіздік бөлім бастығы Т.Смайлов бастап, тікұшақ арқылы аңшылар апарып, қасқырларды атуға барады, жақсы, – деп жылы шыраймен шығарып салды. Мұрат Ғазизұлы кабинетінен айқайға баспай, сабырлы, қарапайым сөздермен, байыппен бағыт-бағдар бергеніне іштей ризашылығымды білдіре отырып, кеудемді қуаныш кернеп, болашаққа сеніммен қарай жұмысыма кірісіп кеттім. Ертеңіне МИ-2 тікұшағымен аңшылар келіп, «Құмкөл» мұнай-газ кенішінің айналасындағы қысқырларды атып салды. Қасқырлар неткен жыртқыш, қу аң десеңші, олар жеті қараңғы түнде көздерінің өткірлігі сонша барлығын анық көре отырып, он алты шақырым жердегі дыбысты естіп, иісті ажырата алатын ерекше қасиетке ие аң екен. Мылтықтың дауысын, қанның иісін сезген қасқырлар бір сәтте жоқ болып, кеніште тыныштық орнады. Облыстық «Сыр бойы» газетіне жазған сын мақалам аяқсыз қалмай дер кезінде шара қолданып іс жүзіне асқаны газеттің сол кездегі құдіреттілігіне отыз екі жыл болса да ризашылығымды білдіріп отырамын. Кеңес одағы тарап, еліміз өз алдына тәуелсіздігін алғаннан кейін тауарлар тапшылығы сезіліп, қиыншылықтарға тап болды. Мекемелер жабылып, жұмыс орындары қысқарып, халық күнкөріс қамы үшін базар жағалап кетті. Осындай қиыншылықтарға мұнайшыларды да айналып өтпеді. Сондай қиын-қыстау кезеңде Мұрат Ғазизұлы өзін тағы бір қырынан көрсете білді. Тығырықтан шығу жолын қарастырып, ваучерлік саясат жүргізіп, күнделікті халық тұтынатын тауарларға, өнімдерге арнап дүкен ашып, мұнайшыларды тұрмыстық қажетті бұйымдармен, заттармен қамтамасыз етіп, қиыншылықтарды жеңе отырып жағдайлар жасады. Халық жақсы біледі, ұмытылмақ емес. Кезекті вахтадан келіп, демалып жүргенмін, ілулі тұрған қызыл телефон кенеттен шырылдап қоя берді. Трубканы көтерсем бастығым Әбдірей екен. – Әлеке! Тағы не бүлдірдің? Мұрат Ғазизұлының қабылдауында сағат екіде болуың керек. Кешікпе, бара көрерсің! – деп қойып қойды. Тағы да сол баяғы жақсылықты ойлаудың орнына, «не істеп қойдым?» деген оймен сағат екіде Мұрат Ғазизұлының есігін тағы қақтым. – Кел, кел, тілші бала, отыр! Сені «мұнайшы бала» дейін бе, әлде «тілші бала» дейін бе? Маған тілші бала деп айтқаным ұнайтын сияқты. Мұрат Ғазизұлының кабинетінде «ОМГ» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Т.Қонысбаев бар екен. Мұрат Ғазизұлы: – Ал, тілші бала, құттықтаймыз! «Құмкөл» кеніші игеруде және «Мұнайды дайындау және қайта айдау» бөлімшесін өндіріске толық жіберуде, ерен еңбегің үшін, кәсіподақ ұйымымен келісе отырып жеңіл автокөлікпен марпаттаймыз, – деп, Қонысбаев екеуі қолымды алды. Рахметімді айтып еңбегім еленгеніне төбем бір елі көкке жетпей, үлкен әсермен кабинеттен шықтым. С о н а у 1 9 9 3 ж ы л ы ж а ң а ж ы л қарасыңында жұмыстың жай-жапсарын, сапасын қондырғыларды модернизациялау мақсатында «Мұнайды дайындау және қайта айдау» цехына келді. Қасында «Құмкөл» мұнай-газ кенішінің бастығы Жоламан Мамбетов бар, цехты өз көздерімен көріп аралап шықты. Мұрат Ғазизұлы мені көріп: – Оу, тілші бала, қалай жағдайың? Кейінгі кездері жазбай кеттің ғой, кешке тамағыңды ішіп болған соң маған соқ, – деді. Кешке әдеттегі тәртіп бойынша есікті тықылдаттым. Арғы жақтан: – Кел, кел, тілші бала, күтіп отырмын, кел отыр. Шай алдырайын, шәй ішесің бе? – деді. Мен рахметімді, тамақ ішіп келе жатқанымды айттым. Мұрат Ғазизұлы: – Мен де сен сияқты жазғым келеді. Өмірде көрген небір жағдайларым бар, бірақ уақытым жоқ тығыз, бұл уақыт маған өте қымбат, – деп, сөзін бастап кетті. – Алдымен мұнайдың тарихынан қысқаша тоқталып өтейік – мұнайшыларымыз біліп жүрсін. Қазақстан жеріндегі мұнайға ғылыми көзқарас орыс халқының саяхатшысы Г.С.Карелин Қайдақ шығанағында қайықпен жүріп жүргенінде басталған деседі. Ол ескекті ескен сайын судың бетінде майлы ақшыл заттың пайда болғандығын көріп қайран қалып, осы аймақты зерттеуге көңілі ауған екен. Осы және де басқа белгілі аты дардай геологтар мен мұнайшыларды да қызықтырмай қоймады. Жер қойнауындағы «қара алтынды» игеріп пайдаға белшесінен батқысы келгендердің ең алды Леман атты кәсіпкер болды. Табыстың көзін жақсы білетін Леман «Эмба-Каспий» компаниясын құрып, жүргізілген зерттеулерден соң 1894 жылы Қарашұңғыл жерінде алғашқы бұрғылау жұмыстары бастап кетті. Оның бұл бастамасы тура 5 жыл өткен соң, яғни 1899 жылы өз жемісін бере бастады. Міне, елімізде мұнай өндірісінің қарқынды дамуы осы кезден басталады, – дей берген кезде үкіметаралық қара телефон безілдеп қоя берді. Мұрат Ғазизұлы маған – Жақсы, кейін жолығармыз! – деп телефон трубкасын көтерді. Мұрат Ғазизұлын менің соңғы көруім екен. 1994-1995 жылдары «Мұнайгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті, 1995-1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары, 1997 жылы наурыз айынан «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясының бірінші вице-президенті болған Мұрат Ғазизұлы 57 жасында бұл өмірмен қош айтысып, пейіш жаққа кете барды, қайран өмір-ай десеңші! Барлығы кешегідей, түк болмағандай. Осындай қазақтың біртуар, жаны жайсаң азаматын өлді деуге бола ма? Мәңгі біздің жүрегімізде сақталады.