Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЫ – СУДЫ ҮНЕМДЕП, ӨНІМДІ ЕСЕЛЕУ

ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЫ – СУДЫ ҮНЕМДЕП, ӨНІМДІ ЕСЕЛЕУ

Басына бұлт, баурайына жұрт қондырған, жапырағына шық, топырағына Құдай құт қондырған Шиелінің егіс даласындағы жұмысы қызу бүгінде. Ерте көктем шыға сала маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамайтын диқандар егіннің қамы, елдің наны үшін бел жазбай еңбек етуде. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл өңір жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Осы ретте, бүгінгі егінжайдың жайын білмекке аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековке бірер сұрағымызды жолдаған едік.
– Мұрат Шайтмағанбетұлы, әні-міне дегенше жаздың да алғашқы айы аяқталуға жақын қалды. Егін даласындағы тіршілік қалай жүргізілуде?
– Қазіргі уақытта жұмыс қарқыны күшейтілуде. Күннің ыстығына қарамастан, диқандарымыз еңбек даласында мол өнім алу үшін сапалы қызмет атқаруда. Биыл аудан бойынша 31 мың 512 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, дәнді дақылдар үлесі 14 мың 783, майлы дақылдар 1130, мал азығы 10 мың 332, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5 мың 267 гектер жерге егілді.
Егіске қажетті 15 200 тонна минералды тыңайтқыштар мен арамшөптерге қарсы 11 738 литр гербицидтер толық алынып, себілуде. Сондай-ақ бүгінде 6633 гектар ескі жоңышқа дақылының алғашқы орымын жинау жұмыстары аяқталуда.
– Әрине, егін егу, оған күтім жасау, оны жинау жұмыстарын техникасыз елестету әсте мүмкін емес. Сондықтан заман талабына сай жаңа техниканың болуы жұмыс барысын қарқынды әрі тиімді жүргізуге мол ықпал ететіні белгілі. Қазір егін басында қанша техника жұмылдырылып жатыр?
– Аудан бойынша 670 дана арнайы ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі егін егу жұмыстарына қатысып, межеленген егіс көлемін белгіленген мерзімде егіп, аяқтаған болатын. Қазіргі уақытта қажетті техникалар жұмылдырылып, тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері аудандағы ауылшаруашылық құрылымдарына барлығы 19 дана техника әкелініп, 655 млн 700 мың теңге инвестиция тартылды.
– Мұрат мырза, кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі диқандарды дарияның деңгейі алаңдатқаны рас. Түрлі себеппен жоғарыдан келетін су мөлшері азайып кетті. Әсіресе, суды көп қажет ететін күріш ауданның негізгі өнімі. Биыл су тапшылығына қалай еңсеріп жатсыздар?
– Әрине, бұл – диқандарды алаңдатып отырған мәселе. Дегенмен, тиісті шаралар қабылдап, қауіптің алдын алудамыз. Су тапшылығын болдырмау және су ысырабына жол бермеу мақсатында шаруашылықтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жалпы аудан бойынша 61 дана насос қондырғысы пайдаланылуда. Оның 23 данасы электрлі және 38 данасы дизельді. 61 дана насостың 25 данасы шаруашылықтардың өз теңгерімінде, 19 данасы «Табиғат» МКК арқылы, 17 данасы «КазСуШар» РМК арқылы және 6 дана қосымша насостар бар.
Егісті судан қалдырмау мақсатында шаруашылық құрылымдары қолда бар насос қондырғысымен қашыртқы суын қайта пайдаланып, кезектестіріп суландыру жұмыстарын жүргізуді қолға алуда. Айта кеткен жөн, биыл 9500 гектар күріштік жер лазерлік тегістеу арқылы егіліп, 30 пайызға дейін суды үнемдеуде.
Биыл аудан бойынша егісті сумен қамтамасыз етуге сағадан 705 млн м³ лимит бөлінді. Оның ішінде 585 млн м³ егіске, 120 млн м³ экологиялық қажеттілікке. Бүгінгі күні лимиттің 28 пайызы орындалды. 26 мамыр 2025 жылға дейін «Шиелісушар» өндірістік учаскесімен 130 – шаруашылық құрылымы су жеткізіп беру қызметіне келісімшарт жасалды. Жасалған келісімшарт негізінде барлығы 16 536 гектарды құрады. Оның ішінде күріш дақылы – 12 491 гектар, 4045 гектар басқа да дақылдар үлесін құрап отыр.
Аудан бойынша 1-магистральды және 13 шаруашылық аралық каналдар арқылы егіске су берілуде. Атап айтқанда, «Жаңа Шиелі» МК – 60 м³/сек, «Қамысты қақ» каналы — 6 м³/сек, «Жаңа Сұлутөбе» каналы – 1 м³/сек, «Нәнсай» каналы – 1 м³/сек және «Көксу каналы» – 0,5 м³сек. Барлығы 68,5 м³/сек су алынуда.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мейіржан ИБРАГИМОВ
30 маусым 2025 ж. 32 0