Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСКЕРТКІШ – ЕСТЕЛІКТІҢ ЕМЕС, ЕЛДІКТІҢ НЫШАНЫ

ЕСКЕРТКІШ – ЕСТЕЛІКТІҢ ЕМЕС, ЕЛДІКТІҢ НЫШАНЫ

Қазақ даласы – көне өркениеттердің көмбесі, тарихтың таңбасын сақтаған жер. Қай өңірге аяқ бассаңыз да, бабалар ізімен танысып, ғасырлар үнін естуге болады. Алайда бүгінгі қоғам сол аманатқа қаншалықты адал? Көне жәдігерлердің жай-күйі, құжаттандырылуы қай деңгейде? Ресми түрде «жоқ» саналатын ескерткішті қайтіп қорғаймыз? Туристке қалай таныстырамыз? Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биылғы мәлімдемесінде бұл мәселені ашық мойындап, тарихи мұраны сақтау үшін 7 министрліктің бірлесе жұмыс істеуі керектігін айтты. Бұл – тек мәдениет саласының ғана емес, тұтас мемлекеттің жауапкершілігін қажет ететін мәселе екенін білдіреді.
ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА, ЖҮЙЕСІЗДІК ПЕ?
Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттың өткені мен болашағын байланыстыратын алтын көпір. Олар арқылы біз кім екенімізді білеміз, қайдан шыққанымызды танимыз. Бірақ бүгінгі күні ескерткіштердің көпшілігі тіркеусіз, құжатсыз күйде қалып отыр. Бұл – мәдени мұраның заң алдында қорғалмайтынын, тиісінше жойылып кету қаупінің жоғары екенін көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көтерген мәселе – жай ғана құжат рәсімдеу кемшілігі емес. Бұл – мемлекеттік деңгейде тарихи мұраларға деген қатынастың көрінісі. Министрдің айтуынша, жергілікті органдар тарихи жәдігерлерді сақтау, жаңғырту, дәріптеу, тіпті туристік нысан ретінде пайдалану мәселесіне селқос қарайды. Салдарынан – әлем танығандай мұра бар, ал әлемге көрсетер дайындық жоқ. Қазақстанда 25 мыңнан аса ескерткіш бар. Бірақ соның небәрі 10-ы ғана ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінде. Бұл – тым аз көрсеткіш. Келер жылы жоспарланған 11 ескерткіштің тізімге енуі – үлкен жетістік болмақ. Бірақ ол үшін сөз емес, нақты әрекет қажет. Айталық, бір ғана облыста 567 ескерткіштің 479-ы құжатсыз. Бұл – аса күрделі және алаңдататын жағдай. Құжатсыз ескерткішті қорғау мүмкін емес. Заң жүзінде мәртебесі бекітілмеген нысанға қаржы бөлінбейді, реставрация жүргізілмейді, туристік бағытта насихатталмайды. Көз алдымыздағы тарих жоғалып бара жатқанын осылайша өз қолымызбен мойындап отырмыз.
ШИЕЛІДЕ ШЫМ-ШЫМДАП ІЛГЕРІЛЕУ БАР
Осы тұста ауданға ойыссақ. Шиеліде қазіргі таңда мемлекет қорғауына алынған 41 тарихи және мәдени мұра объектісі тіркелген. Оның 3-еуі республикалық, 33-і жергілікті маңызы бар, 5-еуі алдын ала есепке алынған нысандар. Аудан аумағындағы тарихи ескерткіштерге QR-код орнату, 3D интерактивті карта жасау, ескерткіштерге төлқұжат беру секілді заманауи жобалар жүзеге асырылуда. 2024-2025 жылдарға арналған республикалық жоспарға сәйкес, Оқшы ата мен Асан ата кесенелеріне реставрация жүргізілді. Қыш ата мен Ғайып ата кесенелеріне де қаржы қаралып, қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар археологиялық ескерткіштердің қорғалатын аймақтарын белгілеу, ақпараттық тақталар орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл – оң қадам.
ТАРИХ – ТҮСІНДІРІЛГЕНДЕ ҒАНА ТАРТЫМДЫ
Бүгінде турист тек көне күмбезді көріп қайтқысы келмейді. Ол сол жердің тарихын сезінгісі келеді. Сол үшін тарихи нысандарға тек маңдайша тақтайшамен шектелмей, кәсіби түсіндірме, сапалы визуалды-контент, көптілді аудио-гидтер, заманауи мультимедиалық платформалар қажет. Instagram, YouTube, TikTok сияқты желілерде таныстырылым материалдары әзірленіп, қызықты сюжеттер мен деректі бейнежазбалар арқылы насихат жұмыстары жолға қойылуы керек. Бүгінде насихаттың әлсіздігі сонша, әлеуметтік желілерден Қазақстандағы тарихи орындарды іздеген шетелдік туристің қолына мардымды ақпарат түспейді. Мұның салдары – бізде барды көрсете алмау, яғни «барды ұқсата алмау» мәселесі. Басқа елдер осы құралдар арқылы тарихын брендке айналдырып отыр. Біз де заманауи медианың мүмкіндіктерін пайдаланып, әрбір кесене, қалашық, қорым туралы қызықты, көптілді материалдар әзірлеуіміз керек. Бұл – тек ақпарат беру емес, ел имиджін қалыптастыру. Мәдени мұраға деген көзқарасты тек заңмен емес, жанмен өзгерту қажет. Құжаттандыру – алғашқы қадам ғана. Бірақ одан кейінгі ең маңыздысы – оны ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру. Яғни мәдени мұра мәселесін тек мәдениеттің аясында емес, білім беру, ішкі саясат, туризм және экономика тұрғысынан қарастыруымыз керек. Мысалы, егер тарихи нысандарды қорғау ісіне жастарды тарту мақсатында білім беру жүйесіне арнайы бағдарламалар енгізілсе, болашақ ұрпақтың мәдениетке деген жауапкершілігі де артар еді. Сонымен қатар мәдени нысандарға шетелдік инвестиция тарту арқылы да бұл саланы дамытуға болады. Бірақ алдымен өзіміздің ішкі ынта мен жүйелі көзқарас қажет. Қазақтың әр тасы – тарих. Ал сол тарихты тану, сақтау және ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың қасиетті парызымыз. Тарихи-мәдени ескерткіштер – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Ол көпірдің күйреуі – ұлттың жадынан айырылуы. Бүгінгі ұрпақ бабалардан қалған асыл қазынаны тек сақтап қоймай, оны жаңа заман талабына сай насихаттап, танытып, әлемге көрсетуі тиіс. Бұл – ұлтты сақтаудың, мәңгілік ел болудың бірден-бір жолы.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
30 мамыр 2025 ж. 52 0