ЕГІН ЖАУЫНА – ЕКПІНДІ ӘРЕКЕТ

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің оңтүстік өңірлерінде шегірткенің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігін қадап айтты. Ол мүдделі құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, бұл мәселені бақылауда ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, шегіртке сынды зиянкестерге қарсы күрес Шиелі ауданында жүйелі түрде ұйымдастырылып, кең көлемдегі шаралар қолға алынуда. Аудан әкімдігі тарапынан арнайы штаб құрылып, зиянкестерге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың орындалу барысы күнделікті бақылауға алынған. Бұл ретте, ауданның 14 ауылдық округінде – атап айтқанда, Еңбекші, Керделі, Талаптан, Майлытоғай, Ақмая, Тұран, Бәйтерек, Жуантөбе, Бестам, Иіркөл, Тартоғай, Телікөл, Жаңатұрмыс және Қарғалы ауылдарында зиянкестермен күрес жұмыстары қарқын алған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің деректеріне сүйенсек, зиянкестердің таралуына тосқауыл қою мақсатында арнайы техника мен заманауи құралдар жұмылдырылып, химиялық өңдеу шаралары басталып кеткен. Бұл жұмыстар бір мезеттік емес, ұзақ мерзімді және жоспарлы түрде жүзеге асырылып отыр. Мамандардың айтуынша, аталған өңдеу шаралары ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырумен қатар, егіннің сақталуына, шаруалардың табысының тұрақты болуына да септігін тигізеді. Жалпы аудан бойынша көктемгі және жазғы мониторинг жұмыстары 22 600 гектар жерді қамтымақ. Оның ішінде 11 648 гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл өңдеудің 5 880 гектары – мемлекеттік жер қорына, ал 5 768 гектары – жергілікті шаруашылық құрылымдарының егістік жерлеріне тиесілі. Бұл – аудан көлемінде жүргізіліп жатқан залалсыздандыру жұмыстарының ауқымдылығын көрсетеді. Айта кету керек, шегіртке – бір ғана маусымда бірнеше жүздеген гектар аумақты жайпап өте алатын қауіпті зиянкес. Оның қауіптілігі – тез таралуында және ауыл шаруашылығы дақылдарына келтіретін орасан зор залалында. Осыны ескере отырып, жергілікті билік пен сала мамандары бұл іске ерекше жауапкершілікпен қарап отыр. Мамандардың пікірінше, мұндай күрделі биологиялық қауіптерге қарсы тұру тек қана техникалық немесе химиялық шаралармен шектелмейді. Бұл – кешенді көзқарасты, үнемі жаңарып отыратын ғылыми негіздемені, шаруалардың белсенді қатысуын және мемлекеттік қолдауды қажет ететін сала. Сондықтан шегіртке сынды зиянкестерге қарсы күрес шаралары тек егістікті сақтау ғана емес, тұтас ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды тетік болып саналады.
Мейіржан ИБРАГИМОВ