Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕКСЕУІЛ НЕГЕ СИРЕДІ?

СЕКСЕУІЛ НЕГЕ СИРЕДІ?

Қазақстанның кең-байтақ даласы ежелден-ақ табиғат байлығымен мақтанып келген. Соның бірі әрі бірегейі – сексеуіл. Шөл және шөлейтті аймақтардың экожүйесін сақтауда ерекше рөл атқаратын бұл ағаш бүгінде заңсыз кесу мен қара нарықтың құрбанына айналып отыр. Қызуы мол, шоққа берік қасиеті бар сексеуілге деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Ал бұл сұранысты заңсыз жолмен қанағаттандырушылар табиғатқа орасан зиян келтіруде.
«ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА» ЕНГЕН, БІРАҚ ҚОРҒАНСЫЗ
Сексеуіл – Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан қатты ағаштың санатында. Ол шөл даладағы экологиялық тепетеңдікті сақтайды. Алайда бүгінде бұл өсімдіктің құндылығы тек отын ретіндегі пайдасымен өлшеніп, экологиялық рөлі ескерусіз қалып отыр. Сексеуілдің отқа төзімділігі мен ұзақ жануы оны отын ретінде аса тиімді етеді. Осы қасиетінің арқасында сексеуіл қара нарықта жоғары сұранысқа ие. Қазіргі таңда кәуап дайындайтын кафелер мен түрлі сауда орнында сексеуіл отыны ашық сатылуда. Бұл – тыйымға қарамастан, бақылаудың әлсіздігін көрсететін айқын белгі.
ТЫЙЫМ – ОРМАНДА, АЛ КЕСУ ДАЛАДА
2023 жылы Қазақстан Республикасы Экология министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің №260 бұйрығымен мемлекеттік орман қоры аумағында сексеуіл ағашын кесуге толық тыйым салынған. Бірақ бұл заң тек орман қорын ғана қамтиды. Ал дала мен басқа аумақтардағы ағаштарға қатысты құқықтық олқылықтар бар. Осы олқылықтарды пайдаланған заңсыз кәсіп иелері ен даладағы сексеуілді ойрандап, ашық түрде саудалауда. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Айбек Жолақановтың айтуынша, заң тек мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуілдерді қорғауды көздейді. Ал одан тыс жерлерде, яғни далалық аумақтарда мұндай нақты тыйым жоқ. Осы заңнамалық олқылықты пайдаланғандар жел құлатқан немесе табиғи жолмен құлаған ағаштарды жинау сылтауымен сексеуілді заңсыз кесіп, саудаға шығарып отыр. Мәселен, биыл Сыр өңірінде мұндай 8 дерек анықталған.
ҚОРЫҚШЫ АЗ, БАҚЫЛАУ ЖОҚ
Елімізде орман қорғау қызметінің материалдық-техникалық базасы әлі де әлсіз. Қазір әр орманшы шамамен 20 мың гектар аумақты қадағалауы тиіс. Бұл – физикалық тұрғыда мүмкін емес міндет. Жете бермейтін техника мен жаяу аралау қажеттілігі қызметкерлердің жұмысын қиындатып отыр. Мұндай жағдайда табиғатты көздің қарашығындай қорғау – тек қағаз жүзіндегі ұран болып қалады. Салдарынан қарапайым ауыл тұрғындары мен ұсақ кәсіпкерлерден бастап, ұйымдасқан қылмыстық топтарға дейін сексеуіл саудасымен айналысып жүр. Мысалы, биылдың өзінде Сыр өңірінде сексеуілді заңсыз кесіп, сатқан екі топтың әрекеті әшкере болған. Бірақ бұл – тек назарға іліккені ғана. Ашық даланы аңдып, сексеуілді сойылдай шауып жүргендер бұдан да көп болар. Кім білсін?!
НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Мәселені түбегейлі шешу үшін кешенді шаралар қажет-ақ. Ең алдымен, заңнаманы күшейту, яғни сексеуілге қатысты тыйым барлық аумақты қамтуы тиіс. Қазіргі бұйрық тек орман қорын қамтитындықтан, далалық аймақтарда ол заңсыздықты тоқтатуға қауқарсыз. Екіншіден, қорықшылар санын арттыру. Орманды қорғау ісі кәсіби, жеткілікті ресурспен қамтамасыз етілген құрылымға айналуы керек. Бұл – экологиялық қауіпсіздіктің іргетасы. Үшіншіден, қоғамдық бақылауды күшейту. Бұл дегеніміз – халық арасында табиғатты қорғау мәдениетін арттыру қажет. Экологиялық білім беру, БАҚ арқылы ақпараттандыру – маңызды құрал. Сексеуіл – тек бір ағаш емес, ол – экожүйе тірегі. Оны кесу – келешекті отқа жағумен тең. Қызыл шоғының қызуы бізді жылытуы мүмкін, бірақ оның орнын толтыруға ғасыр қажет. Сондықтан бүгінгі ұрпақ сексеуілді қорғап қалмаса, ертеңгі ұрпаққа оның аты ғана қалуы ғажап емес.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 мамыр 2025 ж. 58 0