Қоршаған орта – қоғам байлығы
Табиғат пен адамзат егіз ұғым. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» демекші таза ауасы мен шипалы суы, ну орманы мен асқар тауы барлығы жер бетіндегі жұмыр басты пендеге пайдасын тигізеді. Дүние есігін ашқан сәбиге анасы қалай қорек берсе, табиғат та адамзатқа дәл солай қамқорлық көрсетеді. Мәселен, бір ғана сексеуілді айталық. Ертеректе «шөл даланың падишасы» атанған бұл өсімдіктің тек адамға ғана емес, қоршаған ортаға да әкелер пайдасы ұшан-теңіз.
Ата-бабаларымыз сексеуілдің қадір-қасиетін ықылым заманнан білген. Тіпті, оның бір бұтағын немесе томарын үйдің үстіне шығарып қоятын болған. Бұл үлкендердің сөзіне қарағанда сексеуіл жамандықтан сақтайды, төбеден жай түсірмейді дегенді білдіреді. Қара сексеуілдің құпия қасиеті мұнымен таусылмайды. Оны басқа өсімдіктерден ерекшелеп тұратын бір қасиеті – құмды бекітіп ұстап тұратындығы. Соның арқасында еліміздің көп жерлері құм көшкінінен аман қалып тұр. Бұдан бөлек сексеуілдің күлі де пайдалы. Ертеде ата-бабаларымыз одан кір сабын жасаған және мал ауыратын қотыр ауруына ем деп білген. Мұнымен қоса сексеуілдің сілтісін үй айналасына тыңайтқыш ретінде пайдаланған. Тіпті ел арасында 1930 жылдары отарбалар сексеуілдің күшімен жүрген деген әңгіме де бар. Міне, құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын өсімдіктің пайдасын айта берсек тауыса алмаспыз. Өкініштісі сол, қазір құла дүзді құм көшкінінен сақтайтын сексеуілдің қадір-қасиетін түсінбей келеміз. Бұрындары жұрт сексеуілді отқа тамызық ретінде пайдаланып, ұқыппен жұмсайтын. Қазір оны беталды отқа жағушылар мен заңсыз шабушылар көбейді. Көмір мен газға қол жеткізе алмай отырған кейбір ауыл тұрғындары онымен үйін жылытса, ал кәуап пісіретіндерге бұл ағаш таптырмас отын болып отыр. Орын алған осындай олқылықтардың салдарынан еліміздегі сексеуіл саны төрт есеге азайған.

Сексеуіл жайлы сөз қозғағанда аудандағы ахуалды да аттап өте алмаймыз. Өйткені қазіргі таңда Сыр өңіріндегі орманды жерлердің 87 процентінде шөлге шыдамды ағаштың осы түрі өседі. Ал көпті көрген көнекөз қариялардың сөзінше бұрнағы жылдары Шиелі ауданында адам түгіл түйенің өзі көрінбейтін биік сексеуіл өскен екен. Қазір биіктігі аспанмен таласқан сексеуілді кездестіру мүмкін емес, әрине. Бірақ Шиелі ауданында сексеуілді атымен жоқ деп айта алмаймыз. Бұл сөзімізге аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің берген мәлімдемесі дәлел. Орман қорықшыларының айтуынша, өткен жылы 500 гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылып, 700 гектар аумаққа тұқымы себілген екен. Ал биыл сексеуіл көшеті 200 гектар жерге егілген. Дәл қазіргі уақытта 1000 гектар аумаққа тұқымын себу жұмыстары жүргізілуде. Орман және жануарлар дүниесін қорғау мамандарымен тілдескенде ауданда сексеуілді заңсыз шабу оқиғалары соңғы жылдары тіркелмегенін естіп, қуанып қалдық. Демек, елімізде сексеуіл шабуға қарсы енгізілген бес жылдық мораторийдің пайдасы тиген деп топшыладық. Лайым, құм көшкінінен қалқалайтын қауқары бар өсімдікті заңсыз шабу алдағы уақытта да орын алмаса екен.
Мақаламыздың әлқиссасында айтылғандай қоршаған ортаның қоғамға тигізер пайдасы орасан. Сол сияқты ұшқан құс пен жүгірген аң да адамға әжептәуір пайдалы. Әсіресе, қырғауыл мен қоян еті адамды әртүрлі аурудан сақтайды. Қоян еті бұрынғы кезде сары ауруға емдік үшін пайдаланған. Ал қырғауыл құс атаулының ішіндегі ең әдемісі әрі ерекше жаратылғаны. Демек бұл екеуін де бейберекет аулап, заңсыз атуға болмайды. Ал атқан жағдайда табиғатқа залал келтіргені үшін кез келген адам заң алдында жауап береді. Жасыратыны жоқ, ауданда арагідік қырғауыл мен қоян етін саудалап жүрген жандарды байқаймыз. Бағасын сұрай қалсаңыз, қырғауыл еті – 1500-2000 теңгеден, қоян еті – 1000 теңгеден сатылады. Әрине, екі тіршілік иесінің де еті тәтті болған соң тұрғындар таласып алады. Бірақ оның заңды яки заңсыз ауланғанына ешкім бас ауырта қоймайды. Алайда бұларды заңсыз аулағандарға берілетін жаза қатаң. Атап айтар болсақ, қырғауыл мен қоян аулағаны үшін 5 АЕК көрсеткішінде айыппұл төлейді, ал бұл қылмыс бір жылдың ішінде қайталанса аң ату құралының барлығы тәркіленеді. Бірақ арнайы мекемелерге 5 қырғауыл мен 5 қоян атуға 6000 теңге төлеп, рұқсат қағазын алу керек. Бүгінде көктемгі есеп бойынша Шиелі ауданының орман алқабына тиесілі 3000-дай қырғауыл мен 10000-ға жуық қоян бар. Қазіргі уақытта орман қорғаушыларының қатысуымен қырғауыл санау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Ел аузында «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген сөз жақсы тараған. Жер бетіндегі өмір сүріп жүрген тіршілік иелерінің бәрі де иен байлық. Ал өмірдегі қарапайым қағидаға сүйенсек, ешқандай жазығы жоқ аңды ату, өсімдіктер мен талдарды отау адамгершіліктің ісі емес. Сондай-ақ ұшқан құс пен жүгірген аңды ату сынды әрекеттер опа әпере қоймас. Мұны бізге Шыңғыс ханның ұлы Жошының құлан атып, ақыры мерт болған хикаясы, әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Сарыбайдың аң аулауға кетіп, қайта оралмағаны дәлелдеп отыр. Тарихи шығармалардың шындықты бүгінгі күні «Охота» деп аталып кеткен аң аулау кезеңінде де көруге болады. Сондықтан обал мен сауаптың мағынасына терең үңіліп, табиғатқа залал келтіргеннің соңы опа бермейтінін ұғынсақ игі.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА