Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуіл – шөл даланың падишасы

Сексеуіл – шөл даланың падишасы

Сексеуіл – қасиетті ағаш. Ілгеріде ата – бабаларымыз сексеуілдің бірер бұтағын немесе томарын үйдің үстіне шығарып қоятын еді. Үлкендердің сөзіне қарағанда бұл ырым «Жамандықтан сақтайды, найзағай ұрмайды» деген сенімдікті беретін көрінеді. Алайда шөл даланың көркіне айналған, елді мекендерді құм көшкінінен қорғайтын сексеуілге жанашырлық жасау, адамдар санасынан кемшілік көруде.
«Тілсіз жауға жаланған, төтеп беріп кеште бұл.
Жолды сақтап бораннан, қалды қалың сексеуіл», деген Сырбай Мәуленовтің ғажап жырына арқау болған сексеуіл ежелден құм суырған даладағы жолдың торабын сақтауға қызмет етіп келе жатқан қайсар өсімдік.
Бүгінгі таңда көмір мен газға қолы жетпеген ауыл-аймақтардағы ағайын әлі күнге дейін осы өсімдікті отын ретінде пайдаланды. Бұрындары қалың тоған болса, қазір аяусыз оталған өсімдіктің орны құла түзге айналып барады. Тіпті кейбір аймақтарда құм көшкінінен жолдар жабылды. Шындығында, сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор. Біріншіден, ол құм көшкіндерін ұстап тұрады. Емдік шипасы өз алдына. Мәселен, сексеуілді «даланың санитары» десек, қателеспейміз. Өйткені, топырақты санитарлық-гигиеналық тұрғыдан қорғайтын, сауықтыратын және өзге де пайдалы функцияларды атқаратын – қорғаныштық ормандар. Ал, біздің облыс негізінен шөлейтті аумақ болғандықтан, топырақ қорғауда, құм басудың алдын алуда сексеуіл екпелерінің рөлі зор. Бәріміз білетіндей, сексеуіл – шөлге төзімді, морт  сынатын  жапырақсыз  қатты ағаш тұқымдас өсiмдiк. Алайда оның өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Дегенмен, ол 5 метр биіктікке жетеді және 60 жылдан астам өмір сүреді. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс. Бұл бағытта жұмыс аз жүріп жатыр дей алмас едік. Осыған дейін де орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға барын салып келді. Мәселен, 1990 жылдардың басында 54 мың гектар жерге сексеуіл егілсе, 2002 жылы осы үрдіс жалғасын тапқан. 2008-2014 жылдар аралығында Қазақстан ормандарын сақтау және өсімдік қорын молайту жобасы қолға алынды. Нәтижесінде, Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен 57 мың гектар аумаққа сексеуіл егілген. 2017 жылы орман шаруашылығы мекемелері 10 700 гектар жерге сексеуіл отырғызды. Сексеуілді шабуға 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынды. 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап сексеуілді сатуға тыйым салатын заң да күшіне енді. Одан бері 7 жыл өтсе де, бәрібір қатты ағаштың саудасына тоқтам болмай тұрғанын айтпасқа болмайды. Бұл фактілер мен жобалар сексеуілдің Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін және оны қорғау еліміздің экологиялық стратегиясының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Тұғыры биік Қазақ жері ұланғайыр. Өлкеде орманды, далалы, таулы, шөлді, шөлейтті және тағы басқа да табиғи жағдайлар әр түрлі болып келетін аймақтар бар. Міне, сондықтан да Қазақстан өсімдіктер дүниесі бай, құнарлы өлке деуге болады. Нақты мысал ретінде өзімнің көне көз қариялар күнделікті тұрмыста көріп жүрген сексеуіл туралы білетінін айтқым келеді.Сексеуіл сілтісінен (яғни күлінен ) ертеде сабынның жоқ кезінде сабын жасаған. Біздің үйде әжем жасаған сабын болатын еді. Оны «Сахар» яғни ақ сабын деп атайтын. Сексеуіл сілтісі мал ауыратын қотыр ауруына да ем. Әсіресе майда малға (қой, ешкі, қозы, лақ) сілтіні теріге сіңіріп сылайды. 4-5рет жаққанда қотыры түсіп қалады. Сексеуіл сілтісі ата-көкелеріміз ататын насыбайға да қосылады екен. Дала тынысын тереңнен түсінген байырғы ата-бабамыз сексеуіл сілтісін үйдегі азын-аулақ жерге жүйектеп егетін көкөніс қарығына күзден бастап сеуіп қояды. Көктемде топыраққа араластырып кетпендеп, тырмалап көкөністі егеді. Ол жерге арам шөп шықпайды, шықса да аз мөлшерде. Бірақ мол өнім береді. Сексеуілдің қызуы көмірмен бірдей, тіпті одан артық деуге де болады. Сондықтан болар сексеуіл шоғын ертеде аталарымыз ұста көрігіне, төрт түлік малды таңбалауға (арнаулы темірді қыздыруға) пайдаланған. Ал қазір көше бойында, базарларда, тіпті сый қонаққа дайындайтын кәуәпті сексеуіл шоғына қақтайды. Сексеуіл шоғына піскен таба нан мен кәуәп өте дәмді болады.
Шөлейтті далада құм бархандарының көшкінін “кісендеп” ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, атыраптарда тіршілік ететін елді мекендерді дауылдардан қорғайтын сексеуілдің қадір-қасиеті міне осындай. Алайда «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, сексеуілдің табиғат үшін, адамзат үшін қаншалықты қымбат екенін әлі күнге бағамдай алмай келеміз. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ жерін қай саласына қарай ойыса айтсақта мүмкіндігіміз мол. Елімізден 6000-ға жуық өсімдіктер түрлерін кездестіруге болады. Тіпті бірінші орында тұр десекте болады. Өсімдіктер дүниесінің осындай молдығына байланысты, олардың ішінде қасиеті мен маңыздылығымен ерекшеленетін бұта тектес өсімдік сексеуілді зерттеуді және қалай сақтап қалу жолдарынан тереңінен іздестіруіміз керек деп ойлаймын.

К.Жанқошова
№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің
 тарих пәні мұғалімі
13 қараша 2024 ж. 186 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031