Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХТЫҢ ТАБЫЛҒАН ПАРАҚТАРЫ

ТАРИХТЫҢ ТАБЫЛҒАН ПАРАҚТАРЫ

Бейбіт күннің бағасын білмей, соғыстың зұлматын сезіну мүмкін емес. Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қанды беттердің бірі. Миллиондаған боздақтың тағдыры белгісіз күйде қалып, сан мыңдаған отбасының жүрегінде үміт пен күдік қатар ұялаған. Сондай жанның бірі – жерлесіміз Жантас Айтуғанов. Ол ұзақ жылдар бойы майданнан оралмаған үлкен әкесі Мәделхан Айтуғанов туралы дерек іздеп, талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ іздегені табылмай, үміті өшкен сәтте оған тылсым аян келді...


АЯНҒА СЕНІМ АРТҚАН АҚСАҚАЛ
Жантас Айтуғановтың әкесінің ағасынан жеткен соңғы хабар 1941 жылы 29 қарашадағы қаралы қағаз ғана. Одан кейін қайда жерленгені жайлы ешқандай хабар болмаған. Адам баласы кейде логикаға сыймайтын тылсым құбылыстарға жүгінетіні рас. Жантас атаның түсіне енген белгісіз көрініс – ну орман, шөп арасындағы тас, сол тасқа қашалған есімдер – соғыс даласында шейіт кеткен жауынгерлердің үнсіз естелігі іспеттес еді. Ең таңғаларлығы – түсінде көрген зират тасы мен «Мені іздесең, Зубовты тап» деген беймәлім үннің нақты шындықпен үндесуі. Осы сөз бәрін өзгертті. Бұл кездейсоқтық па, әлде тағдырдың өзі жол сілтеді ме? Қалай болғанда да, аяннан кейін ақсақал қайтадан ізденіске кірісіп, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне жүгінеді.

ӨТКЕН МЕН БОЛАШАҚ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР
«Атамның аманаты» ұйымының еріктілері – тарихқа деген құрметті парыз санайтын жастар. Олар әр өтінішті жеке қарап, жоғалған жауынгерлердің тағдырын түгендеуге жан сала кіріседі. Айгүл Аитова жетекшілік еткен іздеу тобы Жантас атаның арманына айналған Мәделхан Айтуғановты табу үшін Ленинград түбіндегі мұрағаттарды ақтарып, Зубов деген жауынгердің ізіне түседі. Мәделхан Айтуғанов – мыңдаған белгісіз боздақтың бірі еді. Оның аты да, зираты да белгісіз күйде қалып, жылдар бойы туыстары үшін «хабарошарсыз кеткендердің» санатында жүрді. Көпшілік үшін бұл – ресми дерек, ал туысы үшін – тыныштық таппаған тағдыр. Осы іздеу барысында Колпино қаласынан қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің тізімі табылып, Жантас ақсақалдың үлкен әкесінің есімі сол тізімнен табылады. Аяндағы ақиқат шындыққа айналып, жылдар бойғы арман орындалады.

АТА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Жантас ақсақал сүйінші хабарды естіген бойда қызы Ботагөзді ертіп, Ленинградқа жол тартады. Ұрпақтың парызы – ата-баба аманатын арқалау. Колпино қаласындағы бауырластар зиратына барып, туған жерден ала барған үш уыс топырақ пен бір уыс жусанды ата зиратына салып, Құран бағыштау – бұл тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының рухани жеңісі. Жантас ақсақал жолға шығарда ауылдас досы Тәңірберген Райымбеков атасы Райымбек Оразовтың қабірін тауып, зиярат етуді өтінеді. Өзінің іздегенін тапқан соң іздеу тобының сілтеуімен өзге қалаға аттанып, досының өтінішін орындайды. Жантас Айтуғановтың жүрегіне тыныштық орнап, елге еңсесін тіктеп қайтады. – Ленинград майданынына арналған ескеркіштердің үлкені Высотный екен. Мұнда төрт көше түгел соғыс құрбандарына арналған. Қақ ортасына Сұлтан Баймағамбетовке арнап үлкен ескерткіш тақта қойылған. Сондай-ақ қызылордалық Оспан Қаппаров есімді азаматтың ескерткіші көзіме оттай басылды. Жалпы КСРО құрамындағы 16 мемлекеттің соғыс құрбандарына арнап үлкен-үлкен ескерткіштер орнатылыпты, 17-шісі Павлодар облысының соғыс солдаттарына тиесілі екен. Ленинград майданына павлодарлықтар көп қатысса керек. Бұл тарихи сапардан ерекше тебіреніспен, ұзақ жыл іздеген көкемді тапқан үлкен қуанышпен оралдым. Тек өзімнің ғана емес, өзге де жерлестерімнің соғыста із-түзсіз жоғалған жақындарын табуға аз да болса септігім тигеніне қуандым, – дейді Жантас Айтуғанов.

ҰРПАҚҚА ҮЛГІ, ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ
Бұл оқиға – жоғалған ерлік ешқашан ұмыт қалмауы керектігінің айғағы. Жантас ақсақалдың сабыры мен сенімі, аян арқылы жол тауып, тарихи әділеттің қалпына келуі – келешек ұрпаққа өнеге. Біз кейде тарихты кітаптан ғана іздейміз, бірақ оның бір парағы әр отбасында сақтаулы. Әр майдангердің аты аталуы – азаттықтың аманаты. Ұлт ретінде өткенімізді ұмытпасақ, болашағымыз баянды болмақ. «Атамның аманаты» сынды ұйымдар мен Жантас атадай қайсар азаматтардың арқасында ерлік ескерусіз қалмайды. Бұл – тек бір адамның ғана емес, күллі халықтың рухани серпілісі. Міне, тарих осылай жазылады. Аяннан басталып, ақиқатпен аяқталған аманатпен.

Гүлхан ЯХИЯ,
Сұлушаш МАДИЯРОВА
17 мамыр 2025 ж. 113 0