Әрбір мансап төменгі лауазымнан басталып, барлық басқару баспалдақтарынан өтуі тиіс

Қажетті тәжірибесіз басшы лауазымға тағайындалу мүмкіндігін қарастыратын позициялық модельге қарағанда, қазір мемлекеттік қызметке қабылдану төменгі лауазымдардан бастап жүзеге асырылады.
Конкурстық негізде төменгі лауазымнан жоғарғы лауазымға тек кемінде бір жыл еңбек өтілі бар болған жағдайда, кезең-кезеңмен мансаптық өсу қағидаты заңды түрде бекітіліп, қызметте жүрген мемлекеттік қызметшілердің жоғарғы лауазымдарға орналасу басымдылығын көздейтін ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді.
Қазіргі таңда, өңірімізде мансаптық өсу қағидаттарына сәйкес ішкі конкурстардың нәтижесімен жоғары лауазымдарға тағайындалған қызметшілердің үлесіде артып келеді. Оның айқын дәлелі, елімізде мемлекеттік қызметтің реформасы бастау алған алғашқы 2016 жылы мансаптық өсу қағидаттарына сәйкес аймақтағы жергілікті атқарушы органдарда жоғары лауазымдарға тағайындалған қызметшілердің үлесі небәрі 59,6 пайызды ғана құраған болса, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 73,3 пайызға жетіп отыр.
Бүгінгі күнге дейін, өңіріміз бойынша Шиелі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Қ.Сейтханов аталған бөлімнің басшысы лауазымына, Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Есжанов Арал ауданы әкімінің орынбасары лауазымына, Ж.Бекжанова облыстық экономика және қаржы басқармасының бөлім басшысы лауазымынан аталған басқарма басшысының орынбасары лауазымына мансаптық өсу жолымен ішкі конкурстар арқылы тағайындалған.
Сондай-ақ, конкурс өткізілместен бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға ауысу тәртібімен жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалғандың үлесі 60 пайызды құрап отыр.
Міне осылайша әрбір басшы төменнен бастауы керек және барлық басқару баспалдақтарынан өтуге тиіс деген ұстаным өңірімізде іс жүзінде жүзеге асырылып келеді.
Бақытжан Нұралы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша
департаментінің бас маманы