«Батырларға тағзым» - Соғыс ардагерлеріне арналған онлайн-портал іске қосылды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық майдангерлерді еске алу мақсатында «Батырларға тағзым» (batyrlarga-tagzym.kz) атты онлайн-порталды іске қосты. Жобаның мақсаты – соғыста ерлік көрсеткен азаматтар туралы болашақ ұрпаққа құнды ақпарат жеткізу, деп жазады Egemen.kz. Порталда кең көлемді мәліметтер базасы қарастырылған. Сайтта қазірдің өзінде 677 мыңнан астам соғыс ардагері туралы ақпарат жинақталған. Олардың қатарында 365 Кеңес Одағының Батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының Батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері бар. Сайттың интерфейсі қажетті ақпаратты оңай табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пайдаланушылар өз ардагер туыстары туралы деректерді қоса алады, жаңалықтармен таныса алады. Осылайша, бұл портал – ерлікті дәріптеп, тарихты болашақ ұрпаққа жеткізетін және батырларға тағзым етуге арналған заманауи платформа.
Онлайн-портал пайдаланушылары үшін келесі мүмкіндіктер қарастырылған:
- Өз туысының тарихын қосу: әрбір адам соғысқа қатысқан жақындары туралы естеліктермен бөлісе алады.
- Фотосуреттер жүктеу: қолданушылар ардагер туыстарының суреттерін порталға жүктей отырып, олардың бейнесін мәңгілікке сақтау мүмкіндігіне ие.
- Жаңа мәліметтер енгізу: веб-портал дерекқорында жоқ ардагерлер туралы ақпаратты оңай қосуға болады.
- Батырлар галереясын қарау: сайтта көптеген ардагерлердің өмірбаяны жинақталған арнайы галерея бөлімі бар. Қолданушылар бұл бөлім арқылы олардың өмірі мен ерліктері жайлы кеңірек мәлімет ала алады.
- Жаңалықтармен танысу: портал ардагерлер мен жобаға қатысты жаңалықтар мен оқиғаларды үнемі жариялап отырады.
Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай еліміз бойынша 200-ден астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланған.