Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚ ЖЕЛЕҢДІЛЕРГЕ ЖАЙЛЫ ­­МЕКЕН, ХАЛЫҚҚА ДАРЫҒАН ЕМ

АҚ ЖЕЛЕҢДІЛЕРГЕ ЖАЙЛЫ ­­МЕКЕН, ХАЛЫҚҚА ДАРЫҒАН ЕМ

Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін қайта жаңғырту – ел медицинасындағы басым бағыт ының бірі. Бұл салада қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінде ірі қүрылыс, жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүруде. Тап осы игі бастаманың шынайы көрінісін Шиелі ауданынан байқауға болады. Мұнда бірнеше медициналық мекемедегі іргелі құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып, денсаулық сақтау инфрақұрылымы жүйелі түрде жақсарып келеді.

ИНФЕКЦИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕ – ЖАҢА САПА, ЖАҢА МҮМКІНДІК

Аудандық көпбейінді орталық аурухана құрамында жаңа жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба аймақтың инфекциялық аурулармен күресу мүмкіндігін арттырып, эпидемиологиялық ахуалды бақылау тұрғысынан маңызы зор. Жобаның жалпы құны – 2 миллиард 323 миллион теңге. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде бас мердігер ретінде «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таңдалып, құрылыс жұмыстарын маусым айында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бөлімше заманауи құрылғылармен жабдықталып, инфекциялық ауруларға қарсы сапалы және шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ел ішінде COVID-19 пандемиясынан кейін инфекциялық бөлімшелердің маңыздылығы артып, бұл бағыттағы инфрақұрылымға баса назар аудару қажеттігі айқын сезілді. Сондықтан бұл жобаның іске асырылуы ­аудан денсаулығын сақтау саласының әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ.

«БОЛАШАҚ» ДӘРІГЕРЛІК ­АМБУЛАТОРИЯСЫ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП ЖАТЫР
1970 жылы салынған және бүгінде ауданның 8351 тұрғынына қызмет көрсетіп келе жатқан «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының да күрделі жөндеуден өтуі өзекті мәселе болатын. Уақыт өте келе ғимараттың инженерлік жүйелері мен құрылыс конструкциялары әбден тозып, медициналық қызмет сапасына әсер ете бастады. Осыған орай, жоба-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, жөндеу жұмыстарына 255,8 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары қазіргі таңда басталып кеткен. Оны жүзеге асырып жатқан – «Жабдықтау» ЖШС. Кент тұрғындары бұл жаңалықты ризашылықпен қабылдап отыр. Солардың бірі – еңбек ардагері Шағдар Саржанов. – Кент тұрғыны ретінде біз отбасымызбен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясына тіркелгенбіз. Көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасына көңіліміз толады. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын естіп қуанып қалдық. Жалпы ауданда денсаулық саласы кезең-кезеңмен жаңаланып, жаңғырып жатыр. Ол да болса уақыт талабы деп түсінеміз, – дейді ол. Бұл пікір – аудан тұрғындарының қазіргі өзгерістерге оң көзқараспен қарап отырғанын айғақтайды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, амбулаторияның техникалық базасы жаңарып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы арта түспек.

АУРУХАНА ЖАНЫНАН ҚОСЫМША КОРПУС САЛЫНУДА
Шиелі ауданаралық ауруханасы бүгінде көпбейінді аурухана ретінде дамып келеді. Бұл өзгерістер медициналық қызмет ауқымын кеңейтіп, тұрғындарға кең көлемді, сапалы ем-дом көрсетудің жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – аурухана жанынан қосымша корпус салу жобасы. Себебі қазіргі таңда инсульттік бөлімше ашу және 650 миллион теңгеге МРТ аппаратын орнату жоспары бар. алайда қолданыстағы ғимаратта бұл құрылғыларды орнатуға қажетті кеңістік жетіспейді. Міне, осы мәселені шешу үшін қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Құны – 733,2 миллион теңге, мердігер – тағы да «Дәнекер» ЖШС. Бұл корпус тек диагностикалық құрылғыларды орналастырумен ғана шектелмей, қосымша медициналық бөлімшелерге, соның ішінде жедел жәрдем мен күндізгі стационарларға орын ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен жылдамдығын арттырады.

ГОСПИТАЛДЫ ФОРМАЦИЯ БӨЛІМІ АШЫЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024-2025 жылдарға арналған медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасына сәйкес, Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында госпиталды фармация бөлімін ашу жоспарланып отыр. Бұл бөлім аурухана ішіндегі дәрілік заттардың қозғалысын жүйелі түрде ұйымдастырып, клиникалық фармакологияны дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, науқастарға берілетін дәрі-дәрмектің сапасы мен тиімділігі артып, емдеу нәтижелері де жақсарады. Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту – тек медициналық инфрақұрылымды жақсарту емес, бұл – ауыл тұрғындарына деген қамқорлықтың айғағы. Шиелі ауданында қолға алынған жобалар – осындай ілкімді істердің жарқын мысалы. Құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сәтті жүзеге асуының нәтижесінде аудан халқы сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет түрлеріне ие болмақ. Бұл игі бастамалардың барлығы – еліміздегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту жолындағы нақты әрі жүйелі қадамдар.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
21 сәуір 2025 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930