Медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында айтты.
«Ауылдық жерде денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары бойынша бекітілген Ұлттық жоба шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу, сондай-ақ жарақтандыру, күрделі жөндеу, реконструкциялау жолымен 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы жаңғырту көзделеді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ажар Ғиният.
Министрдің айтуынша, медицина мамандығының беделін арттыру шеңберінде бірқатар іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2023 жылдан бастап үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламаларын енгізу көзделген.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап резидентураға гранттарды қосымша 70%-ға ұлғайту басталды. Медициналық жоғары оқу орындарында білім алушылардың стипендиясы жыл сайын 15-20%-ға ұлғайтылады. Дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға арттыру жоспарланған.