ҚОСҮЙЕҢКІДЕГІ ҚАЛМАҚ СИЫРЛАРЫ

Қосүйенкі елді мекені Еңбекші ауылдық округінің құрамына кіреді. Ол қарт Қаратаудың етегіндегі, ауданнның ең көркем жерлерінің бірі болып саналады. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Солардың бірі – Саттарбек Орымбаев. Ол өзінің «Аңшы Ата» шаруа қожалығын 2013 жылы құрған. Сол уақыттан бері шаруашылығын нығайтып, жеке қорасындағы мал басын едәуір арттырды. Өз мүмкіндіктерін саралай келе, ол асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуға, яғни саннан сапаға көшуді ұйғарды. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 19 миллион 80 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, Алматы облысынан қалмақ тұқымдас 57 бас сиыр сатып алды. Шаруашылықты отбасы мүшелерінің күшімен жүргізеді. Қалмақ ірі қарасы – ет бағытындағы ең көне тұқымдардың бірі. XVII ғасырда қалмақ көшпенділері бұл сиырларды Жоңғариядан (Батыс Моңғолия) және Еділ өзенінің төменгі ағысынан Каспий маңы даласына алып келген. Қазақстанда бұл тұқым ежелден бері малшылар арасында үлкен сұранысқа ие. 2012 жылы елімізде қалмақ тұқымды ірі қараның республикалық палатасы құрылды. Бұл ұйым асыл тұқымды малды есепке алып, тіркеумен айналысады, селекциялық жұмыстарды үйлестіреді, малға асыл тұқым мәртебесін беріп, тиісті сертификаттарды табыстайды. Қалмақ сиырлары ұзақ жылдар бойғы табиғи сұрыпталу нәтижесінде ерекше генетикалық қасиеттерге ие. Сондықтан оларды қазақтың ақбас және орыстың мүйізсіз сиыр тұқымдарын шығаруда пайдаланған. Қалмақ сиырын бойының биіктігінен, ай тәрізді иілген ақшыл мүйіздері арқылы оңай тануға болады. Мұрын айнасы да ашық түсті келеді. Ал жүнінің түсі негізінен қызыл, әртүрлі реңктерде кездеседі, көбіне басында, аяқтарында және құрсағында ақ дақтары болады. Бұл сиырлар шымыр, мықты дене бітіміне ие, тез қимылдайды және май жинау қабілеті жақсы дамыған. – Күтімі жақсы болса, жылдам салмақ қосады. Сонымен қатар, олар ауа райының өзгерісіне тез бейімделеді. Бұған олардың терісінің ерекшелігі әсер етеді, қыста жылуды жақсы сақтаса, жазда денені салқындатып тұрады. Ас қорыту жүйесі де жақсы дамыған. Орта есеппен сиырдың бойы 126-128 смге, денесінің ұзындығы 155-160 см-ге жетеді. Тірідей салмағы 500 кг-ға дейін, ал бұқалар 750-950 кг-ға дейін тартады. Сүтінің майлылығы 4,2-4,4 пайызды құрайды. Бір сиыр жылына 8-9 ай сауылады, – дейді С.Орымбаев. Айта кетейік, қалмақ сиыры тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Өзбекстан, Түрікменстан елдерінде де кең таралған. Сонымен қатар бұл тұқым Ресейдің бірнеше өңірінде, әсіресе Еділ бойы, Ростов облысы, Қалмақия, Забайкалье өлкелерінде кездеседі. Шөлейт және жартылай шөлейт аймақтарда бұл сиырлардың ерекше күтімді қажет етпейтіндігі маңызды артықшылық саналады. Олар ерте көктемде жайылымға шығып, қыста да қар астынан шөп тауып жей алады, бұл фермерлер үшін жем-шөп шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді. Шиелілік фермер өз табынының асыл тұқымды негізін одан әрі нығайтып, аймақтағы мал өсірушілерге асыл тұқымды сиырларды сату жұмысын жолға қойған. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Раушан Абдрахимованың мәліметінше, қалмақ сиырымен «Аңшы Атадан» бөлек Ақмая ауылдық округінде Сәрсенбек Ранов басқаратын «Асет» шаруа қожалығы да айналысып отыр. Бұл жерге 120 бас қалмақ сиырлары Бурятиядан әкелінген.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ