БІЗДІҢ НӘЙЛА
Даналық сөз
Ия, оны көпшілік әйелдер қауымы осылай, өзгеге қимайтындай өзімсініп, «Біздің Нәйлә!» деп екпін сала өбектей айтады. Үлкендері мейірін, кішілері пейілін төгіп меншіктей айтатын осы бір ауыз сөзде қаншалықты жылулық бар десеңізші?.. Бәлкім, біз білетін Нәйләнің бойындағы қуаттың да, шуақтың да біз білмейтін қайнар көзі көптің осы ықылас пейілінде болса керек. Әйтеуір, шаршау дегенді білмейді... Сабылып, сан алуан шаруаның бел ортасында мұрыннан шаншылып жүретін оған қарап, жарықтық Шырынкүл (Қазанбаева) апаның: «Ойхой заман-ай, уһ-һ!.. – Қараң қалғырлар, осы күнгі қатындардың 90-ға келген мен құрлы қауқары жоқ!.. - дейтіні еріксіз еске түседі. Біріне бірі көздерінің қиығымен қарап мырс-мырс күліп отыратын әйел жолдастарды көзге де ілмес еді жарықтық. «Апа-ау, өңкей дөкей келіншектер отыр арамызда» дейміз ғой сыпайылап. Қайда-ан? Апамыз естімегенсиді. – Аттап артық қадам басуға жоқ қой шіркіндер! Бәрі де сол қимылдың жоқтығынан, қайдан әуһәлі болсын? деп айнала бір шолып, салалы саусақтарымен қарманып көлдей орамалын алып көзін сүртетін сосын. Алыста қалған жастық дәурен, сағымдай сырғыған көш керуенін аңсай ма, «Ал өзіміз кешеге дейін кетпенімізді тақымға қысып атқа мінуші-ек...» дегенде аңқасы кеуіп аһ ұрады. Осы сарындағы ұзын-сонар әңгімелерін талай естігенбіз. Әрине, ол кісілер өз дәуірі, өз заманының көш басынан көрінгендер. Ал бүгінгі қоғамдық өмірдің көш басында жүрген Нәйланы кім дейміз? Әлбетте, солардың ізгі аманатын арқалап, өнегесін алған ізбасары десек те артық еместей. Оның үстіне, осы Нәйланың жұлдызды апаларына жасаған қызметі де аз емес-ті. Көлігін жіберіп, көңілдегісін тауып жетелеп жүріп облыс, аудан көлеміндегі түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатыстырып, кәде-сый құрметін жасап, қамқорлығына алып қызмет жасаудан бір танған емес. Содан ба екен, Нәйланың кейде тура сөйлейтін, турап сөйлейтін сөзінің де ірі, өзінің де ірі көрінетін тұстары бар. Осынысына қарап Шырынкүлдің қайраты, Жадыраның қайсарлығы, Мәрия апайдың парасаты, Ұлман апаның ділмарлығы жұғысты болған ба дерсің? Еңсесі тік, жүзі жарқын, қимылы ширақ. Аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы, аудандық ардагерлер, қоғамдық кеңестің мүшесі. Көптеген қоғамдық, мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында. Ұйымдастырып, үйлестіріп, үйіріп, иіріп сарт-сұрт сабылады да жүреді. Қазақстанды былай қойғанда, ту-у сонау Германиядан неміс, қап тауынан шешен, Қиырдан кәріс, Сібірден орыс-орман Шиеліге табаны тисе, алдымен Нәйләмен хабарласады, Асылдың үйіне түседі. Қонақшылап келгендердің мауқын басып, аунатып-қунатып аттандырып жататыны аудандағы бар қазақтың абыройы! Бұл – көп этносты ауданымыздың бұрнағы бауырмалдық, туысқандық тамаша дәстүрін тіні сөгілмеген күйінде, қалпын да, салтын да бұзбастан жалғастырып келе жатқан отбасының және бір қыры. Бұл – ауданның қоғамдық өмірінде өзінің тұлғалық орнымен елге танымал, қоғамдық келісім және өңірдің мәдени-рухани өсуі мен дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген Нәйләнің бүгінгі болмыс бейнесі. Ал өзім танып білетін, осыдан 30 жыл бұрынғы Нәйләнің кешегісі қандай еді? Ең дұрысы – еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі буыны бекіп, қабырғасы қатпаған ең бір қиын жылдары түрлі салада қатар қызметтер атқара жүріп әлеуеті жоғары әріптес те, сыралғы дос та бола білген Нәйла Әбілқасымқызын өзін сөйлетуді жөн деп білдім.
– Сіздің бүгінгі келбетіңіз жұртшылыққа кеңінен танымал. Десек те, орта буын, әсіресе жастардың өзіңіздің өскен ортаңыз жайлы, жастық шағыңыз туралы, білгені артық емес деп ойлаймын. Ендеше, мектеп жасындағы қылдырықтай қыз Нәйланы бір сәт көзге елестетіп көрейікші?
– Мен соғыс және еңбек ардагері Палымбетов Әбілқасымның отбасында дүниеге келген 4 ұлдың ортасындағы әкемнің ең сүйікті қызы болып еркін өстім. Әкем Кеңес армиясының офицері, киім киісі де, жүріс-тұрысы да жинақы, тәртіптің адамы болатын. Ауру мен індет, одан қалды ашаршылық жалмаған 13 баладан тірі қалған жалғыз ұлдың амандығын тілеген әжеміздің көз жасы қабыл болып, әкеміз 1944 жылдың соңында 2-топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады. Жасынан сауатты, каллиграфиялық қолтаңба иесі болған қабілетімен аудандық партия комитетінде әуелі жәй қағаз түптеуші (писарь) болып, кейіннен нұсқаушылыққа көтеріліпті. Әкемнің, хатшылардың орыс тіліндегі баяндамаларын құшырлана соратын темекінің ащы түтінін жұтып, түнімен отырып жазатыны есімде қалыпты. Ондай кездері анамыз аяғының ұшынан басып жай ғана «әкең жұмыс істеп отыр» дейді. Біздер де үйренгенбіз, кенже інім Болат екеуміз бір бұрышта тып-тыныш қана шүйіркелесіп ойнап отыра беретінбіз. Қысқасы, әкем Әбілқасым ұзақ жылдар партиякеңес жұмыстарында қызмет етіп Авангард, Ленин қолхоздарында партия комитетінің хатшысы, сауда саласында (жұмысшылар кооперациясының төрағасы), аудандық статистика бөлімінде мекеме бастығының орынбасарлығы қызметінен зейнетке шыққан өңірге танымал кісі болды. Анамыз Нағима да орыс мектебінде оқып, жастайынан комсомол-партия ұйымдарында жұмыс істеген, аудандық баспахананың әріп терушілігінен директорлығына көтерілген қызметін ұзақ жылдар абыроймен атқарып зейнетке шыққан сыйлы кісі болды. Әйгілі «Мың бір түнді» қазақшалаған жазушы Қалмақан Әбдіқадіровтен бастап, сатирик ақын Сейтқасым Сейтенов, белгілі журналистер Қалқабай аға Әбенов, Дүйсенбі Смайлов сияқты тағы да басқа қаламгерлер қауымына кеңінен танымал кісі болған. Осы тұрғыдан алғанда, мені зиялы отбасынан шықты деуге әбден болады. 1976 жылы аудан орталығындағы Пушкин атындағы №46 орыс мектебін бітірдім. 4-ші сыныптан бастап спортқа мықтап ден қойдым. Сабақтан соң стол теннисі, әсіресе волейбол ойнаумен шұғылдандым. Жоғары сыныптарда облыстың құрама командасы сапында өнер көрсеттім. Республиканың Алматы, Семей, Өскемен қалаларында өтетін тартысты жарыстарға қатыстым. Ел, жер көру, әр қалада жаңа спортшы достармен танысу ой өрісімді кеңейтті. Жалпы спорт, мені командалық тәртіп пен ұжымдық жауапкершілікке, төзім мен табандылыққа баулыды десем қателеспеспін. Жеңіс дегеніңіз – қай уақытта да тек күреспен келетін, тәуекел мен төзімді қажет ететін, қиындығы мен кездейсоқ кедергілері де аз болмайтын қиындықтарды еңсеру ғой. Өмірде де бірталай қиындықтар мен кедергілерді еңсердік деп ойлаймын. Бүгінгі күні бірталай белесті бағындырып, абырой биігінен көрініп жүрсем, көп жылдар бойғы еткен адал еңбегімнің жемісі деп білемін. Еткен еңбектің жемісін көру де – жеңіс! Және оның да өздігінен оп-оңай келе салмайтын өз қиындықтары болатыныны түсінікті болар деп ойлаймын.
– Ол кездері жоғары оқу орнына түсудің оңай болмайтынын өз басымнан да өткергенмін. Сіз бір сөзіңізде еңбек жолымды мектеп бітірген соң бірден аудан орталығындағы сол кездегі жалғыз спорт мектебінде тренер болудан бастадым деп едіңіз...
– Иә, дәл өзіңіз сияқты екі жыл қатарынан мен де Алматыға КазГУ-ге құжат тапсырып тәжірибесі мен еңбек өтілі жоқ деген сырғытпа сылтаулармен конкурстан өтпедім. Орта мектепті өте жақсы бітірген мен меселім қайтып, енді қайтып оқуға бармауға бекінгенмін. Сіз жігітсіз ғой, әскерге кетіпсіз, ал мен спорт мектебіне жұмысқа тұрып балаларды спортқа баулыдым. Осылайша доп қуып жүре берер ме едім, егер өзімді спортшы ретінде бұрыннан білетін Шенгин Николай Осипович болмаса. Ол Қызылордадағы Гоголь атындағы пединституттың спорт кафедрасының меңгерушісі. Сол кісінің көмегімен оқуға қабылдандым. 1 жыл Украинаның Сума қаласының жоғары оқу орнында тәжірибе алмасу бағдарламасымен оқып білім алдық. Мектептерде сабақ беріп, методикалық тәлім, педагогикалық тәжірибеден өттік. Сөйтіп оқуымызды да оқып, ойынымызды да ойнап жүріп Қызылорда педагогикалық институтын аяқтап диплом қорғадым. Мамандығым орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Институтты бітірген бойда қалалық горком комсомол (әрине жоғарғы органдардың келісімімен) қызметке шақырып, №152 ГПТУ-ге комсомол ұйымының хатшылығын сеніп тапсырды. Мұнда бір-ақ жыл жұмыс істеп, тұрмыс құрып Шиеліге оралдым. Кезекті еңбек жолым райком комсомолдың статист қызметінен бас тап, №244 мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, аудандық білім бөлімінде мектепке дейінгі мекемелермен жұмыс әдіскері, №1 балалар бақшасының меңгерушісі қызметінен кейін, бірден аудан әкімінің орынбасарлығы қызметіне орналастым.
– Нәке, ел тәуелсіздігі тарихындағы ең бір қиын кезеңдерде, қыздар түгіл, «Мен» деп жүрген жігіттердің өзінің тәукелі жетпейтін, әдетте сатылап жүріп жылжитын қызметке аяқастынан қалай келдіңіз?
– Иә, барлығы да тосыннан, ойламаған жерден болды дегенге көпшіліктің сене де қоймағаны рас. Бірақ, бар шындық осы. Ауданға жаңа келген әкім Жарылқасын Тұрабаев өткізген жиналыста екі қабатты типтік жобада салынған балабақша ғимаратының жылу мәселесі жөнінде орысша қазақшасын аралас тырып сөз сөйлегенмін. Ол үндемей тыңдады да, ертеңіне кабинетіне шақыртты. Оқу бөлімінің меңгерушісі Жағыпар Зермұхамедов екеуміз кешегі мәселенің енді шешу жолдарын ұсынып кіріп шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ осы ұсыныс түсті. Сол күні әкеме бардым. «Папа, аудан әкімі өзіне орынбасарлық қызметке шақырып отыр, не ақыл айтасыз?» деймін, өзімнің оған дайын емес екенімді білдіріп. Папам аз үнсіздіктен соң: «Балам, сенің отаның бөлек, отың басқа. Ата-енеңмен ақылдас, солар не айтса, сол болады» деген соң өзімнің үйіме келіп, енеммен ақылдастым. Бағындырып, батырып сөйлейтін адуын кісі еді жарықтық: «Мұндай ұсыныс екінің біріне айтыла бермейді, бұл да болса бармақтай бағың шығар, қорықпай келісіміңді бер!» деген кесімді сөзінен соң тәуекелге бел буып келісімімді бердім. «Орысшасын сен айт, қазақшасын маған бер» дейтін марқұм Жахаң. Кенттің іргесінде өз алдына дербес қалашық болып отырған РУ-6 мекемесінің дүрілдеп тұрған кезі. Ауданда өзге ұлт өкілдерінің қарасы көп. Сол кездегі әлеуметтік мәселелердің күйіп тұрған кезінде ол кісілермен де еркін сөйлесіп тіл табысатын кадр қажеттілігі де болғанға ұқсайды. Әуелгіде мені өзіне әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлық міндетті қоса жүктеп ішкі саясат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Біраз уақыттардан соң орынбасар болып осы қызметті біраз жылдар атқарғанымды өзіңіз де жақсы білесіз. Бары осы.
– Рахмет Нәйлә Әбілқасымқызы. Ол бір ауданның даму тарихында өзіндік ерекшеліктерімен айрықша орын алатын қиын кезеңдер еді ғой. Ешкім де әлі түсініп болмаған нарық экономикасы жағдайына бейімделіп қызмет жасау сізге қиын болған жоқ па?
– Сұрағыңызға орай шынымды айтайын. Алғашқы кездері жаңа жұмысқа үйрену, әсіресе тұрмыс жағдайына байланысты мың сан сұрақтармен келетін көбіне әйелдер тобын қабылдау, олардың ең болмаса көңілін тауып, мүмкіндігінше көмек қолын созу қиынның қиыны болатын. Бүкіл елдің жаңа нарық жағдайына енді бейімделе бастаған жоқшылық кездері мәселе шешудің мүмкіндігі барынша шектеулі болғанын өзіңіз де жақсы білесіз. Жасыратыны жоқ, тағы бір қиналатын тұсым – өз ана тілімде еркін сөйлей алмаған шорқақтығым болды. Қазақша бастап орысша жалғастырып тұтығып, тұншығып жүріп үйренуге, ізденуге тура келді. Қаным да, жаным да қазақ, көп ұзамай-ақ тілім сынып, кәдімгідей-ақ төселіп кеттім.
– Өзіңіз жауапты болатын салалық бөлімдер қызметін үйлестіру де оңай болмаған шығар? Дәлірек айтсам, көп жылдар қызмет істеп әбден ысылған, тәжірибелі сала бастықтарымен арадағы қарым- қатынас қалай қалыптысты? Мойындата алдыңыз ба? Спорттағыдай, бабы келсе шауып келе жатып ат үстінен еңкейіп іліп алатын орамал емес, мемлекеттік қызметтің қыры мен сыры әр алуан болатын өзіндік ерекшелігі көп жұмыс дегенім ғой...
– Сөз төркінін түсініп отырмын. Сала қызметін қаншалықты игере алдыңыз деп отырсыз ғой? Әрине қиындықтар болмады емес. Түрлі бағыттағы сала қызметін қыр-сырына үңіліп зерделеп,шұқшиып отыруға шынын айтсам менде уақыт та болған жоқ. Бірақ, өзіме лайықты бабым да, еншіме бұйырған бағым да болған сияқты. Білім, медицина, ішкі істер органы, жұмыспен қамту, мәдениет және спорт бөлімдері аптасына дүйсенбі және жұма күндері екі рет жиналатын тәртіпті ұстандық. Ереже, мемлекттік қызмет көрсетудің регламенті бар дегендей, жоғарғы органның нұсқаулықтарын басшылыққа алып, қызметкерлердің ұсыныс пікірлерін ескеремін. Апталық жоспарды талқылаймыз және соның орындалуын пысықтап талдау жасайтынбыз. Менің бағыма алдымда ақыл айтатын Перден Архабаев, Сұлтанбек Оразымбетов, Рахым аға Мауяев сияқты қызметтес беделді ағаларым, өнеге алатын Феруза Жүсіпова, Күлжан, Бибіжан Жәукебаевалар сияқты апаларым болды. Сол кездегі сала басшыларынан облыс көлемінде биік бедел иесі болған Жағыпар аға Зермұхамедовтің орны бөлек болатын. Жұмыс барысында төселіп үйренуге қаржы бөлімінің бастығы Райымбек аға Нұртазаев екеуінің ақыл кеңесін тыңдап, қамқорлығын көп көрдім. Зейнұр Дүйсенбаева, Нұржамал Каримовалар мен Әшімхан Оспановтар да әрқайсысы өз саласына жетік, нағыз майталман жоғары білікті мамандар болатын. Осы тұрғыдан қарағанда, бірден демей-ақ қояйын, қай замандар болмасын жүре түзелетін көш соңында қалмағаным анық, замана ағымына ілесе алдым деп ойлаймын. Аталған кісілерден де бөлек әкімдіктегі әріптестерім Дана Аман, Кенжебай Өмірбеков, Ербол Дүйсенбаев, оның ішінде өзіңіз де барсыз т.б қызметкерлермен бірлесе жасаған жұмыстардың арқасында шешімі табылмаған шетін оқиғалар орын алған жоқ. Баспасөзге жазылудан бастап, шағын несие үлестіруге дейінгі мың сан жұмыстардың бәріне де үлгеріп жататынбыз. Қатар қызмет жасадық, ол кездері біздің жұмыс уақтымыз азанғы сағат 6-дан басталып түннің бір уағына дейін созылатын еді ғой, Исеке... Нәйланың «таңның атысы, күннің батысы, қатар қызмет жасадық қой» дейтін сөзінің жөні бар. Тәй-тәй басқан тәуелсіздіктің қабырғасы қатып, іргесі бекімеген тұста көптеген қиындықтарын бастан өткерген жалғыз біздер ғана емес. Нарық заңдылықтарына тәуелді жаңа жағдайдың өзіміз түсіне бермейтін беймәлім де бұлыңғыр тұстары аз емес-ті. Қараңғыда қармана жүріп тығырықтан шығар жол іздеген аудан халқының тыныштығын сақтау бағытындағы жұмыстардың ұшы-қиыры көрінбейтін еді ол кез. Дәлірек айтқанда, уақытпен санасуға да уақыт таппайтын кездер еді ғой ол уақыт. Аудан әкімінің таң атпай жинап, кеш қайтаратын әдеті бар-тын. Азанғы 6-да әлеуметтік бөлімде, 9-ға дейін ауылдарды аралап, кешкі сағат 8-де аппарат мәжілісін өткізеді. Тал түсте хан базардың ортасында Камаздың бортына шығып ұн тарататын әкімді де көргенбіз десек, бүгінгілерге ертегідей естілер бәлкім. Бүгінгі молшылықтың, кешегі жоқшылықтан бастау алған осындай аңызға бергісіз әңгімелерге азық болар кейбір қызықты жағдайлар да орын алып жататын. Соның бірі, бірі болғанда осы Нәйлаға қатысты, сол кездегі мемлекеттік қызметшілер өмірінің шынайы көрінісі іспетті оғаштау оқиғаның баяны мынау. Жұмыстан қараңғы түспей қайтпайтын күнделікті дағдымыз. Сол күні кештетіп аудан әкімінің УАЗ көлігіне сиғанымызша мінгестік. Әкім шопырына саусағын шошайтып, оңға, солға бағыттаған ыммен үнсіз жол көрсетіп алдында отыр. Әуелі орынбасары Нәйланың үйіне келіп тоқтадық. Кете берсек болады ғой, өйтпеді. Түлен түрткендей, бәрімізді соңына ертіп өзі бастап аулаға топырлап кіріп бардық шақырусыз. Күйеуі Асыл досымыз шылым тартып сыртта жүр. Қауқылдасып амандасқанша болған жоқ, сарт етіп ашылған есіктен бүйірін таянған апамыздың мол пішілген еңселі сұлбасы көрінді. Қабағы қату, аспанға қарап шатынап, шақшиып тұр. «Әй, әкім бала!» деп саңқ етті, табалдырықта таяғына сүйеніп тұрған бойы. – Мына Нәйла өкіметтің қатыны емес, осы үйдің қатыны! Байы бар, қарайтын баласы бар, кәртейген енесі бар әйел адамға таң атпай телефон шалып, түн ортасында қайтаратындай не заман туды бастарыңа?!. – дегенде аспаннан шатұр-шұтыр найзағай түскендей болды. Қас-қағым сәтке созылған іркілісті пайдаланып, енесінің қолтығының астынан зып беріп үйіне кіріп үлгерді Нәйламыз. Білегін айқастырып шылым сорып тұрған Асекең үндемейді. Тығырықтан әкімнің өзі құтқарды. Түк болмағандай аха-ха-лап, ашулы апамыздың қолын сілкілей қысып, арқасынан қағып жатыр. Машинаға мінген соң «Уһ-һ!» деп күрсінгендей болған Жахаң: «Мынандай енеге келін, мендей әкімге орынбасар болып жүрген Нәйла нағыз еркек екен ғой!» деді. Күлген де жоқ, ашу да шақырмады. Тамсанғаны, не таңданғаны белгісіз біразға дейін үнсіз қалып еді сосын.
– Нәйла Әбілқасымқызы, Сіз ең алдымен ұстазсыз. Балабақша меңгерушілігі қызметінде жүріп сол саладағы облыстық, республикалық сайыстарға қатысып,«Оқу ағарту саласының үздігі» медалін алған, 8 жыл аудандық білім бөліміне басшылық жасап абырой биігінен көрінген осы саланың мойындалған білгірісіз. «Халық айтса қалып айтпайды» дейді. Ел арасына тараған «8 жыл басқарған Палымбетовадан кейін аудандық білім бөліміне басшы құтаймай-ақ қойды-ау...»- деген де бір сөз бар. Расымен де, осы кезге дейін 8 басшы қызмет ауыстырыпты. Айтыңызшы, осы бір келеңсіз жағдаяттың оқу процесіне, балалардың білім сапасына теріс әсері қаншалықты болмақ және қандай ұсыныс пікір айтқан болар едіңіз?
– Аудандық білім бөліміне 2001 жылдың ақпан айында бардым. Ең қиын болғаны саланы 22 жыл үздіксіз басқарған Жағыпар (Зермұхамедов) ағайдан кейін сол креслоға отыру болды. Неге дейсіз ғой? Ағайдың келісті келбеті, болмысы, жүріс-тұрыс, киім киісіне дейін өзгеше, өзгелердің мысын басып тұратын қасиеті болатын еді ғой. Осы жағдайда маған қалай оңай болсын? Бар жауапкершілікті сезіне отырып, намысқа тырысып, жігерімді жанып алды 15-20 жылдан бері отырған тәжірибелі мектеп директорларына тапсырма беріп, кеңес өткізу үшін алдын ала мықтап дайындалатынмын. Тәжірибелі орынбасарым Жанайдар ағаймен, әдіскерлермен бірлесіп тиісті құжаттарды зерделеп, қажет болған жағдайларда өзім жұмыс орындарына барып жүріп (шақыртып емес) мамандар мен мықты мұғалімдерден ақыл-кеңес сұрап, ақпараттар алып, мәліметтер жинап 3-4 күн қатарынан дайындалған алдын ала әзірліктен соң ғана жиналысқа кіремін. Сөйтіп ізіне түсіп, соңынан қалмай жүріп қаржысын шешіп, оңтайландыру тұсында қысқарып кеткен әдістемелік кабинетті қалпына келтірдім. Тиісінше оншақты штаттық бірлік мәселесі оң шешілді. Сол кездері қысқарып, жан-жаққа шашырап кеткен дайындығы мықты Жағыпар ағайдың өзі дайындаған кадрлар қайта оралды. Ұзамай, жұмысымыз да алға жылжыды. Осы талпынысым, ізденістерім оң нәтижесін берді десем құр-бекер мақтан сөз емес. Көп ұзамайақ, аудандағы білім саласының корифейі, атасы болған Жағыпар ағайдың өзі оң бағасын беріп, басқа да ардагер ұстаздардың ризалығын алғаным осыған дәлел. Сұрағыңызға орай әділін айтсам, дәл бүгінгі күні аудандағы білім саласының жағдайы сыпайылап айтқанда онша мәз емес. Оны жасырып, жаба тоқығаннан жағдай дұрысталмайды. Ең бірінші кезекте сала басшылары тұрақтауы керек. Ол өндірістің бригадирі емес, көктемде еккен егістің өнімі төмен болды деп күзде орнынан босататын. Білім саласында оң нәтиженің бірден көрінуі мүмкін де емес. Ол жылдардың жемісі. Бұл бір. Екінші мәселе, жаңа басшылыққа барған кадрлар аудан көлемінде жұмыс істеген, бірнеше сатылардан өткен, саланың қазанында қайнап шыққан, елді танитын, атпал азаматтарын білетін, өңірдің тарихына қанық, аудан басшыларына сөзі өтіп бірлесе жұмыс жасай алатын кадрлар іріктелуі тиіс. Тағайындалатын кадрларға биліктің көп араласуынан да көп қателіктер орын алып жатады. Мысалы ереже бойынша мектеп директоры болу үшін, міндетті түрде оқу ісінің орынбасары қызметіндегі өтілі болуы шарт болатын талап қайта қаралуы керек. Бұл да әлеуеті жоғары мықты, қатардағы мұғалімдердің қызмет сатысымен өсуіне кедергі келтіретін мейлінше басы артық талап. Университет бітірген мұғалімдер көп. Олардың теориялық жағынан тәуір дайындығы болуы мүмкін, бірақ методика жағынан ақсайды. Себебі методика мен практика институт бағдарламасында ғана бар. Бұл – мұғалім мамандығы үшін №1 қажеттілік. Тағы бір ескерерлік нәрсе, ол білім бөлімі жанынан методикалық кабинетті қайта ашып, заманауи деңгейде қайта жабдықталуы керек деп ойлаймын. Ол не үшін дейсіз ғой? Дипломы бар мұғалімнің өзін толыққанды мұғалім етіп қайта даярлап тәрбиелеу үшін керек. Соңғы он жылдықтардың піспеген, шикі жемісі болатын ақылы негізде оқып, оқуды сырттай бітірген заңды дипломды, бірақ сауаты күмәнді мұғалімдердің көп болуы да білім сапасына кері әсерін тигізіп жүргені жасырын емес. Оларды қызметтен босата алмайсыз. Осылайша ілініп-салынып ілбіп жүргендерге өзім қызмет істеген жылдары аттестация өткіздім. 11-сынып бағдарламасы бойынша 20 сұрақтан 6-7 балл зорға жинаған мұғалімдерді жұмыстан босатамын деп басым үлкен дауға қалған жағдайлар орын алған. Қазіргі жағдай да осыған ұқсас болар деп ойлаймын, өкінішті әрине!
– Өткен жыл қорытындысымен өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде алатын орныңыз және көп жылғы белсенді қызметіңіз бағаланып «Құрмет» орденіне ие болдыңыз. Жоғарғы мемлекеттік марапатыңыз құтты болсын! Бұл жалғыз Сіздің ғана емес, ауданның барша әйелдер қауымына берілген марапат ретінде қабылданып, аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдауға ие болған жыл соңындағы жағымды жаңалықтардың бірі болды. Осының өзі сіздің қоғамдық өмірдегі беделіңіздің белгісі, зор сенім мен үлкен құрметтің көрінісі. Жаңа жыл енді басталды. Күні кеше Руханият орталығының жаңа ғимаратында мемлекет басшысының ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануына орай «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты жүздеген адам қатысқан облыстық әйелдер форумын жоғарғы деңгейде ұйымдастырдыңыз. Аудан жұртшылығына қандай тілек арнайсыз?
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ауданымыз өсіп өркендей берсін! Ынтымағымыз артып ырысымыз тасысын!
Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы