ҒАСЫР ДҮРБЕЛЕҢІНІҢ ТАРЛАНЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихтағы ең қантөгісті әрі жан түршігерлік қақтығыстардың бірі болып саналады, ал оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы әлі күнге дейін әлем тарихында ерекше орын алады. Ал енді осы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы аясында ерекше ерлігімен көзге түскен тұлға – Арыстанбек Әлмаханұлы туралы сөз қозғамақпыз. Оның өмірі мен батылдығы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай ерекше әрі халық үшін аса құнды. Арыстанбек Әлмаханұлы 1923 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Төңкеріс (қазіргі Ш.Қодаманов) ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Жас Арыстанбек он жасында ашаршылықтың ащы дәмін татып, отбасы мүшелерімен бірге жан сақтау мақсатында Өзбекстанға көшіп кетуге мәжбүр болды. Сол ауыр жылдарда олар күнкөріс қамымен, өмір сүру үшін күресіп жүрді. Арыстанбек орта білім алып, 1942 жылы Ташкент облысы, Янгюль аудандық әскери комиссариатынан Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыс жылдары ол бірнеше әскери бөлімдерде қызмет етіп, түрлі лауазымды атқарды. 1942-1943 жылдары 793-атқыштар полкінде курсант болып оқыды, кейін 1943 жылы маусым айынан бастап зеңбірек дайындаушылар полкінде курсант болды. Сол жылы қыркүйек-қазан айларында 19-атқыштар дивизиясында десант бригадирі болып қызмет етті. 1944 жылы ол 7 десант дайындау командирі, ал кейін 17-атқыштар дивизиясында командир болып еңбек етті. 1945 жылдың наурыз-қазан айларында 355-атқыштар полкінде рота бастығы ретінде әскери қызметін жалғастырды. Арыстанбек Әлмаханұлы соғыстан кейінгі жылдарда да ел үшін маңызды істер атқарған. Ол Румыния мен Венгрия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, 1945 жылдың 22 қазанында туған еліне аман-есен оралды. Отанға оралған соң, Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығы училищесінде агроном мамандығын алып, еңбек жолын бастады. 1960-шы жылдары елдің тұрмысы қайта түзеліп, ағайын-туыс бір-бірін іздестірген кезде, Арыстанбек елге оралуға мүмкіндік алды. Ол елге келгенде ауылдағы шаруашылықтар тоқырап, бірлік пен ынтымақтастық қажет болды. Арыстанбек осыны түсініп, ауылды жандандыруға, ауыл тұрғындарын біріктіруге өз үлесін қосты. Өндіріс бригадасында бригадир, есепші және ірі қара фермасының меңгерушісі болып қызмет етіп, елеулі еңбек етті. Өзінің табанды еңбегі мен ұжымға деген адалдығы үшін екі мәрте еңбек чемпионы атанды. Арыстанбек жеңіл көлікке мінгенде, ел оның қажырлы еңбегін жоғары бағалағанын білді. Сонымен қатар ол жары Ұлбазармен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірді (7 ұл, 4 қыз), әрі көзінің тірісінде 36 немере және 19 шөбересін көріп, үлкен отбасына айналды. Арыстанбек Әлмаханұлының өмірі мен еңбегі, тек жеке басының ғана емес, бүкіл елдің игілігіне үлес қосқан шынайы ерлік пен батылдықтың үлгісі болды. Ұлбазар анамыз өз балаларының ғана анасы емес, бүкіл ауыл, ел үшін шынайы ана болды. 1977 жылы ол №122 сайлау округінен Қазақ ССР-і еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық Советінің депутаты болып сайланды. Бұл қызметі арқылы ол халықтың мүддесін қорғап, елдің дамуына зор үлес қосты. Ұлбазардың ана болып ғана емес, қоғамға пайдасын тигізетін қайраткерлік рөлі оның шынайы жанашырлығы мен жүрегінің кеңдігін көрсетеді. Арыстанбек Әлмаханұлының ерен ерліктері мен қажырлы еңбегі көптеген марапаттармен бағаланды. Ол бірнеше орден және медальдармен марапатталды: Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін, жауынгерлік қызметі мен батылдығы үшін, еңбек саласындағы ерекше жетістіктері мен соғысқа қосқан үлесін айшықтайтын белгі, Кеңес Армиясының 70 жылдығына арналған марапат, Ұлы Отан соғысының 55 жылдығына орай берілді, Украинаны фашистік басқыншылардан азат етуге қатысқаны үшін, «Ветеран труда» медалі (1989 ж.) – ұзақ жылғы еңбегі үшін, Кеңес Армиясының 60 жылдығына орай алған медальдарын сол жақта кеудесіне тақты. Бұл марапаттар Арыстанбек Әлмаханұлының батылдығы, адалдығы, қажырлы еңбегі мен елге деген қалтқысыз қызметін жоғары бағалаудың көрінісі болды. 2007 жылы өмірден өткен Арыстанбек Әлмаханұлының есімі көзден кетсе де, жүректен ешқашан ұмытылған емес. Ол жайлы естеліктер мен өнегелі әңгімелер ауылдастарының аузынан түспейді. Оның еңбегі мен адамгершілік ұстанымдары, өмірдегі ұлағаты көп жылдар өткен соң да мақтанышпен айтылады. «Еңбегін елі өлтірмес» деген сөздің шынайы көрінісі болар, Арыстанбек атамыздың ерлігі мен адамгершілігі жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталды. Ол өмірінің әр сәтінде қиыншылыққа қарсы тұрып, өз елінің болашағы үшін еңбек етті. Немерелері Еркін мен Сайд аталарының ерлігін дәріптеп, оның сарғайған құжаттарын сақтап, баспаға ұсынды. Бұл құжаттар бүгінде ұрпаққа үлгі боларлық асыл мұраға айналды. Оның өмірі мен ерлігіне деген құрмет, ұрпағының салиқалы болмысымен жалғасын табады. «Жауынгер-Елағасы» болып өмірден өткен Арыстанбек ағамыздың даңқы мен ізгі жолы өшпейді. Оның ерліктерін насихаттап, еске алу – артында қалған біздер үшін үлкен парыз.
С.МАДИЯРОВА