Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ пен қара шайқасы

Ақ пен қара шайқасы

Picture background Ертеде ақ пейілді, адалдықты сүйетін адамдар мекен ететін патшалық болыпты. Үлкен қамал аппақ қабырғадан қаланып, айналасы толған гүлзар бақ болыпты. Ондағы адамдар да үнемі жақсылық жасап, үйлерінің ауласына жеміс ағаштарын отырғызуды әдетке айналдырған. Ал патшалықты Айбар есімді аты жер-жаһанға танылған хан басқарыпты.
Айбар ханның халқына деген адалдығын, қамқорлығы мен кең пейілін көре алмаған қара ниетті адамдар ел ішіне іріткі салуды ойлап, түрлі айла-тәсілдер жасайды. Алайда қандай жамандық көрсе де жақсылықпен жауап қатқан қамал тұрғындарының пейілі зұлымдардың жүрегін елжіретіп, «Ақтар» деп аталатын қамалда қалып қояды екен.
Бір күні патшалыққа қара жамылған, жүрегі қарайып, түсі қашқан бір әпенді келеді. Ол Айбар ханға:
–Мен жаны жаралы жанмын. Өмірде қаншама адамға көмектессем де олар маған жамандық жасайды. Тіршілікте тірі пендеден пайда көрмедім. Содан болар жаныма жақын дос, туыс та жоқ. Жалғыз пендені жарылқап, патшалықта өмір сүруіме рұқсат бер, – дейді.
Айбар хан қайыршы халдегі пендені көріп, аяушылық танытады. Патшалық ішінен пана беріп, тұрғындар да ас-суымен бөліседі. Қара жамылған кейіпіне қарап, оны тұрғындар "Қара шекпен" деп атап кетеді.
Қара шекпеннің айналасы қайырымды адамдармен толығып, тәтті тағам ішіп, жайлы төсекте жатты. Алайда қайырлы істің қайтарымын жасаған кейіппен тұрғындарға шипалы шөптен дәрі жасайтынын айтып сендірді. Тіпті сырқаттанып жатқан данагөй қарияны емдеп жазамын деп «Сора» есірткі өсімдігінен әзірлеген ем-домын қолданады. Қартайып, еңсесін әзер тіктеп жүрген ақсақал әп-сәтте әл жинап, өзін жас балаша қуаттанғанын айтып, мәз-мейрам болады. Оны көрген тұрғындар Қара шекпеннің қасиетіне таңырқап, таңдай қағады. Қамал ішінде қаулаған қауесет бүкіл тұрғынның құлағына тиеді. Қара шекпеннің есігін күзетіп, бірі ауру баласын, бірі сырқат анасын алып келе бастайды. Ұзын-сонар кезекке тұрып, ем алу үшін тіпті ақы төлей бастайды. Бірі қорадағы қойын, бірі тауығын ұстап, алғысын айта бастады. Бір мәрте ем алған адамдар қайталап іздеп келіп, Қара шекпеннің дәрісіне тәуелді бола бастады. Жаман әдеттен аулақ жүретін «Ақтардың» қамалында қиянаттар көбейіп, дәріні алу үшін бір-біріне қастандық жасап жатқан тұрғындарды байқаған Айбар хан Қара шекпеннің шаңырағына келеді. Оның қандай дәрі жасап жатқанын сұрап, уәзірлеріне тексеруді тапсырды. Осы сәтте Қара шекпен қатты ашуға булығып, Айбар ханның жағасына жармасады. Өйткені ол есті алатын есірткіден жасалған дәріні жиі пайдаланатын. Хан Қара шекпеннің қара ниетін біліп, оны қамалдан қуып жіберуді тапсырады. Алайда, қамал тұрғындарының көбісі осы дәріге тәуелді болып қалғандықтан Айбар ханға қарсы шыға бастайды. Осылайша қамал ішінде ақ пен қара шайқасы тұтанып кетеді.
«Ақтар» патшалығына қара бұлт үйіріліп, үлкен шайқас басталды. Айбар хан Қара шекпеннің көзін құртуды ойлағанымен өз халқына қарсы қару көтермейтінін айтады. Тек олардың жүрегіне қайта жарық сәуле түсіріп, адасқандарын түсіндірудің айла-амалын ойластырады. Осылайша есірткі есін алған еліне қайтадан дәрі іздеп, алыс жолға аттанады.
Айбар ханның алдынан адуынды айдаһар да, тамшы су табылмас шөл де кездеседі. Осы қиындықтарға қарамастан Хан шипалы бұлақ суын табады. Шипалы бұлақтан өзіне қажетті суды алып кері қайтады. Патшалыққа келсе халқы жүдеп, алауыздық пайда болған. Есірткіге қолы жетпеген науқастар ел ішінде түрлі ойран шығарған. Осының бәрін бағамдаған Айбар хан науқастарға есірткі деп шипалы суды ішкізеді. Олар дертінен айығып, Қара шекпеннің арам пиғылын біледі. Айбар ханның үкіміне құлақ түрген тұрғындар Қара шекпенді елден қууға бел байлайды.
Алайда Айбар хан ақ пейілінен айнымай Қара шекпенге де шипалы су беріп, оның пиғылын түзеуге тырысады. «Өзін таспен ұрғанды, аспен сыйлап» оны бұл фәниге қайта алып келеді. Яғни, зұлымдыққа батқан жүрегіне жарық сәуле сыйлайды. Қара шекпен жақсылық жасаған  адамның жүрегі де жарқын болатынын сезініп, сол сәттен бастап есірткі сынды зиянды заттардан өзін аулақ ұстайды.
Түйін: Өмірде ақ пен қара, жақсы мен жаман сәттер қатар жүреді. Тек өз жолыңнан жаңылмай, жақсылық жасауға құмбыл болсаң, кез-келген қара түнекке жарық сыйлай аласың. Есірткі де сол қара түнек секілді, бой алдырсаң жеңілесің, нашақорлыққа жол бермесең жеңесің!
Нақсұлтан Нұраят Берікұлы
«№158 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
8 «б» сынып оқушысы
Шиелі ауданы
@upndpkzo
13 қаңтар 2025 ж. 68 0