Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫРЫҚТЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚЫРЫҚТЫҢ ҚАСИЕТІ

Қазақ халқының ежелден өзіндік ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жөнжоралғылары да бар. Бұл ұғымдардың барлығы әр отбасы үшін мәдени, рухани заңдылық секілді қызметтерін әлі күнге атқарып келеді. Әсіресе қазақта қырыққа қатысты ырым-тыйымдар мен дәстүрлер көп.
Мәселен «Қызға қырық үйден тыйым», «Қырықтың бірі қыдыр», «Қырқынан шығару», «Қырық күн шілде», «Қырқын беру» тағы осы сияқты салт-дәстүрмен байланысты ырым-тыйым, ұғымдар бар. Оң жақтағы қызын қонақ санап, төрден орын берген қазақ халқы осы қыз баланың тәрбиесіне келгенде ешқашан немқұрайлы қарамайды. Қыздың жүріс-тұрысынан бастап өз ортасында, үлкендермен, кішілермен, көпшіліктің арасында, ер адамның алдында қалай сөйлеуі керектігін, қазақ қызының бойында қандай асыл қасиет болуы қажеттігін, болмаса қандай қасиеттерден бойын аулақ салуына дейін қызды қырық үйден тыю арқылы көрсетіп берген. Сонымен бірге «қырқынан шығару», «қырқын беру» деген адам өмірге келгенде және өмірден өткенде жасалатын дәстүрдің де мәні тереңде. Бұл турасында қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз өз кітабында қырық санының адам жаратылысымен тікелей байланысын айтып берген.
Ол кісі «...Қырық күн, қырық саны адам жаратылысымен тікелей байланысы болғандықтан қасиеттейді. Бойға бала бітерде ештеңені артық-кем жаратпаған Алла Тағаланың құдыретімен бір тамшы суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады. Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады, одан қырық күн өткен соң, ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алған ет пен сүйек адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда болуына қырық күн кетеді. Тағы қырық күнде бала толысады. Сөйтіп, 280 күн – қырық аптада, анығын айтқанда, тоғыз ай, тоғыз күнде нәресте өмірге келеді. Баланы қырқынан шығару – жоғарыдағы қырықтардың соңғы жалғасы» деп келтіреді. Мұндағы «қырқынан шығарудың» да баланың жетілуімен байланысы бар. Яғни өмірге келген нәрестеге қырық күн толғанда еті мен сүйегі бірігеді. Жас сәбиді алғаш рет күміс салынған суға шомылдырғанда отыз омыртқаң бекісін, қырық қабырғаң қатсын дейді. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» рәсімін жасайды. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс тиын сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – адалдықтың белгісі, күміс салынған су ең таза су болып есептелінеді және оған жын-шайтан жоламайды.
Адам қайтыс болғаннан кейін де қырық күн өткенде қырық күндік асын береміз. Мұның да өзіндік сыры бар. Жер қойнына тапсырылған мәйіттің қырық күнде еті мен сүйегі бір-бірінен ажырайды. Біз осы күні қайтқан адамды еске алып, сауабы тисін деп құран бағыштаймыз. Медицина бұл уақытта тән ыдырап-сөгіліп, толық бұзыла бастайды деп есептейді.
Бұл санның мақал-мәтелдерде де қолданылуы кездейсоқтық емес. «Қырықтың бірі – қыдыр» деген нақылдың мағынасы адамзаттың бірі – Қыдыр деген түсінікті береді. Қазақ «қырық күн шілде» деп жаз айының нағыз аспан айналып жерге түсер ыстығын айтқан. «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмассың», «отызда орда бұзбасаң, қырықта қырып келдім дегеніңе кім сенеді», «бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады», «ханда 40 адамның ақылы бар», «жақсы кісі қырқында толады, жаман кісі қырқында солады», «қырық атан ұстама, қырық тамыр ұста», «әйелдің қырық жаны бар», «қазақта бір күн дәмдес болғанға 40 күн сәлем» деген сыйластық қатынастарда бар.
Қырықтың өлшем бірлігі ретінде қолданатын «Жақсы ата жаман балаға қырық жылдық азық», «қырық жамау» немесе «қырық құрау», «бір әйелдің қырсықтығы қырық есекке жүк болады» деген мысалдар бар.
Халқымыздың қай тәлімдік байлығын алып қарасақ та оның астарына үңілуге тиіспіз. Өйткені біздің қазақ қараша үйде қоныстанып, жайлаудан қыстауға көшіп, мал бағып қана отырмаған. Өте данышпан, сөзінің зілі мен батпаны бар дана ұлт ретінде тәрбиеге де, денсаулыққа да пайдалы әрекеттер мен қағиданы қатаң ұстанған. Ұрпақ болашағына алаңдаушылығын да сәбиден дүниеге келгеннен бастап мән беретінін, әрнәрсенің астарында үлкен өнеге, қадір-қасиет жатқанын осындайдан аңғаруға болады.

Г.ЯХИЯ
14 қаңтар 2025 ж. 35 0