Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 40 санның киесі

40 санның киесі


Әр ұлттың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылымының ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың адам өмірінде алар орны ерекше. Дүние есігін шыр етіп ашқан баланы қырық күнге дейін сыртқа шығармай, бөтен көзге көрсетпей ұстайды. Сондай ғұрыптың бірі – баланы қырқынан шығару.
Жалпы, 40 санының киесі бар деген қазақтың ғұрыптарының дені осы санмен байланысты. 40 күнде бір тамшы ұрық қанға, 40 күннен кейін сүйекке айналса, 40 күннен кейін ет пен сүйекке жан бітеді. 40 күнде шақалақтың сезім мүшелері дамып, 40 аптада дүниеге келеді. Содан соң, салт бойынша нәрестені қырқынан шығарып, қырық түрлі тілек айтып, қырық қасық суға сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды немесе маралшөп салынған суға алма-кезек шомылдырып отырады. Тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр болады, аурудан қорғайды. Өскенде жарасы тез жазылатын болады. Ал, сабынды су денесіндегі микробтарды тазартады. Маралшөп қосылған су баланың тез ширауына көмектеседі. Қырық күннен аман өткен нәрестені қарақұлақтанды деп қуанып, қырқынан шығару тойын жасайды. Əдетте, ұл бала болмысынан төзімді, қайсар болып туады. Сондықтан 37-39 күнде қырқынан шығарады. Ал, бұл дəстүр қызға міндетті түрде қырық күн толтырып жасалады. Тіліміздегі «Əйел қырық шырақты», «Қызға қырық үйден тиым» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Кей адам қыздың қалың малы көп болсын деп қырқынан 40 күннен асырып шығарады.
Шынында да, бала қырқынан шыққаннан кейін жан-жағына көз салып, ширай түседі. Мазасыздығы басылып, ұйқысы да тынышталады. Сондықтан, бұл дәстүрге бейжай қарауға болмайды.
Көпбалалы ана Орынкүл Дәуітбаева қазақтың жөн-жоралғысының барлығы ұлттық дәстүрмен біте қайнасып жатқанын айтады. Ортасына сыйлы, тілеуі түзу алтын құрсақты ана өзінің немерелерін айтпағанда, бұған дейін талай баланы қырқынан шығарған.
– Баланы қырық қасық суға күміс тиындар салып түсіреді. Қырық түрлі тілек айтқаннан кейін тырнағы мен қарын шашы алынады. Сәбидің тырнағын аяқ баспайтын жерге көміп тастайды. Ал, қарын шашты шүберекке тұмарша етіп түйіп, баланың оң иығына қадайды. Қазақта «қарын шаштың қарғысы қатты болады» деген түсінік бар, – дейді ол.
Жалпы, бұл жерде «Ібіліс бей-берекет шашалып жатқан шаш қылынан тон тоқып киеді екен» деген аңыздың астарында тазалық бар екені белгілі.
Ал, қарын шашын сақтап қойып, кейін өзіне тұмар қылып тағып берген баланы Ібіліс тура жолдан тайдыра алмайды деген сенім де бар. Ал, бұл жерде баланың санасына сенім ұялату, яғни, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстау мақсаты болуы керек.
Демек, сәби өмірінің алғашқы 40 күнінде ерекше күтім жасап, сән-салтанатымен қырқынан шығаратын қазақтың ғұрпы жайдан-жай емес. Ана мен бала арасындағы ерекше байланыс та осы кезде орнамай ма? Сәбиіне ерекше мейірленген ананың да, сол мейірімге молынан шомылған баланың да болашақта дені сау болары сөзсіз.
Ендеше, қырық қасық су құт болған, 40 қабырғасын бекітіп, 30 омыртқасын қатайтатын қырқынан шығару ғұрпына бейжай қарамаған абзал. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы емес пе?!

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
10 тамыз 2021 ж. 943 0