365 күн: Не істелді? Не істелмек?
Абайдың он бесінші қарасөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді. Ертеңгі күнге еңсеңді тіктеп, қадамыңды нық, табанды басу үшін өткен 2024 жылға бір қарайламай, жеткен жетістіктер мен кеткен әттеген-айлар болса, ақылдың таразысына, ойдың өлшеміне салып, екшеп, қорытынды шығармасақ, келер күнді қалай өкшелемекпіз?! Осы тұста біз ұлу жылында атқарылған ұлы істерді таразылап, жаңа жылға жоспарланған жұмыстарды білмек ниетте кент әкімі Амангелді Өмірәлімен әңгімелестік.
– Аманкелді Шералыұлы, өткен ұлу жылын қалай қорытындыладыңыздар? Нендей істер атқарылды? Әңгімеміздің ауанын осыдан бастасақ...
– Аудан орталығында 2024 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, абаттандыру жұмыстары аясында Тәуелсіздік көшесі бойына құны 80 млн теңгені құрайтын, А.Яссауи көшесі бойына 36 млн теңгеге, орталық стадионның ішіне 80 млн теңгеге, Н.Бекежанов көшесіне 26 млн теңгеге аллеялар орнатылды. Ал М.Шоқай көшесіне 220 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өрнектастары толығымен жаңарды. Мұнан бөлек, халық сұранысына сай Ш.Уәлиханов көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолы, аудандық теміржол вокзал аумағына абаттандыру жұмыстары, аудан әкімдігінің ауласына субұрқақ орнату, Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай және Невада-Семей қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына қарсы «Тағзым алаңы» аумағына арнайы белгі орнату, 4 жерге балалар ойын алаңы мен шағын спорт алаңын орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көркейту-көгалданадыру жұмыстары аясында И.Әбдікәрімов, А.Яссауи, Дәулеткерей, Ш.Бәкіров және орталық алаң аумағына суды тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі қолға алынып, жүргізілді. Онан бөлек егілген жасыл желектерді қорғау мақсатында А.Яссауи, Тәуелсіздік, Ш.Бәкіров көшелеріне және Иманжүсіп Құтпанұлы аллеясына темір қоршаулар орнатылды. Қоса кеткен жөн, облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында Шиелі кенті Үлгілі аудан орталығы номинациясы аясында жеңімпаз атанып, жүлделі II орынды еншіледі. Нәтижесінде, қалдық тасымалдаушы автокөлігі, ассенизатор, жол тазалаушы трактор сынды 3 дана техника жеңіп алдық.
– Бәрекелді! Құтты болсын! Енді бұрындары аудан орталығындағы көшелердің көбі ойықшұңқыр болатын. Өткен жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кенттегі біраз көше жаңарғанына куә болдық. Ал биыл тағы да кент көшелері жаңара ма?– Өздеріңізге белгілі, аудан орталығында соңғы жылдары көшелерді жөндеу жұмыстары бойынша біршама ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 млрд 61 млн теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары аясында, өтпелі кезең тәртібімен Әл-Фараби көшесінің екінші қабат асфальті, Шәкәрім көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Тәуелсіздік, М.Шоқай, Дәулеткерей көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар, 20-дан астам көшеге орташа жөндеу жұмыстарына жоба құжаттары әзірленіп, өтпелі кезең тәртібімен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Жеңімпаз мердігер өз кезегінде Н.Бекежанов тұйықтарын, теріскей беттегі №219 мектеп жанын, Шәкәрім тұйығын, Көкшоқы мөлтек ауданындағы 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ А.Яссауи, Бәкіров көшелерін рекострукциялау, И.Әбдікәрімов көшесін кеңейту қарастырылған. Аталған жұмыстарға мемлекеттік сатып алу жұмысары жүргізіліп, жеңімпаз мердігерлер анықталды. Ендігі кезекте бюджет қаражаты шеңберінде орташа және күрделі жол жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарлануда.
– Соңғы жылдары кентте жаңадан мөлтек аудандар ашылды. Бірақ ол аумақтар аяқсумен қамтылмаған. Көпшілік кентішілік көшелерде аяқсу болса екен дейді. Жалпы биыл Шиелінің орталық көшелерін аяқсумен қамту жоспарда бар ма?
– Өздеріңізге белгілі, Шиелі кентінің аумағына «Сырдария» өзенінен 22 бекет арқылы келетін, тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған «Базар» және «Байсары» арықтары бар. Аталған арықтар арқылы кент ішілік аяқсу арықтары арқылы тұрғындарға жеткізіледі. 2024 жылы 50 млн теңгеге Д.Смайылов, Жайлыбаев-Қонаев арасы, Маметова, Сәтпаев, Шәкәрім көшелеріне кентішілік аяқсу арықтарына темір бетонды лоток орнату жұмыстары жүргізілді. Аяқсу арықтарына темір бетонды науаны мүмкіндігінше орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда тұрғындар сұранысына сай көшелер нақтыланып, жоба-сметалық құжаттамасы жасақталады. Жобаға сай мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданатын болады.
– Жасыратын несі бар, кент ішін электр бағаналары қаптаған, яғни көшелерде ағаштан бағана көп. Осы мәселеге қатысты айтар ойыңыз?
– Шиелі кентіне аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы реконструкциялау және модернизациялау электр бағаналарына СИП арқылы жүргізілуде. Электр бағаналары толық орнатылғаннан кейін, ескі ағаш және жарамдылық мерзімі өткен бетон бағаналары алынатын болады.
– Әл-Фараби көшесінің бойы Қайратбек Сәрсенбаевтың кезінде аяқсу тартылып, қоршау жүргізіліп, тал егілді. Бүгінде сол жер жасыл желекке айналып үлгерді. Енді соны әрмен қарай ұзарту, анығында аспалы көпірге дейін ұзарту жоспарда жазылған ба?
– 2024 жылы Әл-Фараби көшесінің бойына, нақтырық айтқанда аспалы көпір айналасына аудан әкімінің бастамасымен көшет ағаштары егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары өз жалғасын табады.
– Мұнан өзге 2025 жылы кентте қандай жоспарлар мен жобалар іске асырылмақ?
– Жаңа 2025 жылы кент аумағында, ең алдымен өтпелі кезең тәртібімен жүзеге асыруда жоспарлаған жолдарды күрделі жөндеу, тұрғындарға демалыс орындарын салу, аяқсумен қамтамсыз ету, балалар ойын алаңдарын орнату және жаяу жүргіншілер жолын орнату жұмыстары жоспарлануда. Ең алдымен халық сұранысында жүрген маңызды мәселелерді шешу бойынша жұмыстар бағытталатын болады.
– Еркін сұрақ. Жалпы сіз үшін әкім болу нені білдіреді?
– Тарихы тереңнен сыр шертетін киелі Шиелі кентіне әкім болу маған зор мәртебе деп білемін. Дегенмен, салмағы басым, артар жүгі ауыр жауапкершілік. Осы кезге дейін тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың барлығы да өзекті, ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Айтып кеткенімдей, 2025 жылы ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мақсатымыз – кентті көркейтіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Бұл ретте шиеліліктермен тізе қосып жұмыс істейтін боламыз деген ойдамын.
Сұхбаттасқан Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ