Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан халқының құрметіне бөленген тұлға

Аудан халқының құрметіне бөленген тұлға

Қызылорда облысының Құрметті азаматы И.Әбибуллаевтың «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Аты аңызға айналған аға» атты мақаласын оқып, мақала кейіпкері Ғафур Мұхамеджановпен болған тосын әңгіме есіме түсті.
Әлі есімде 1994 жылы қазан айының 21-22 күндері өткізілетін «Алтын күз» ауыл шаруашылығы мерекесіне дайындық жүргізіліп жатты. Аудан әкімінің орынбасарына жолығу үшін әкімдік кеңсесіне барғаныммен сәті түспеді. Бірінші қабаттағы мәжіліс залының есігін ашып, зал ішіне көз салсам, бір жалғыз кісі отыр. Оның кім екенін білу үшін жақындап барып, сәлемдестім.
Ол кісі 1964-1970 жылдары Шиелі ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Ғафур Мұхамеджанов екен. Сәлемімді қабыл алып:
– Сені танымадым, кім боласың? – деді.
– Сізді бұрыннан жақсы білемін, сіз Матай Шорабеков ағамызбен бірге аудандық астық тарату базасының бас есепшісі болған Әбсаттар Жанғабылов ағамыздың үйіне келгенсіз, содан бері білемін. Әбсаттар Жанғабыловтың жұбайы – менің туған әпкем болады, – дедім.
– Солай ма? – деді де – Шорабеков – Тереңөзек, Сырдария аудандарының партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жамбыл облысы Сарысу ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Кейіннен Алматыға ауысып, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру және кадр бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Ол кісі менің ең жақын досым еді, – деп тарқатты. Мен ол кісіден:
– Сіз аудан басшысы болып қызмет атқарған тұста Шиелі кентінің көшелерін, бірқатар үй-жайларды ыза су басып тұрғындарды әбіржіткені есіңізде болар. Осы мәселелерді қолға алып, ыза судан біржола құтқарғаныңызға кент тұрғындары дән риза. Осы шешуі қиындау мәселені қалай шешкеніңіз туралы айтып бересіз бе? – дедім. Ол сәл ойланып тұрып,
– Онда інім, ол жағдай туралы тыңда! – деп әңгімесін жалғастырып кетті.
– Өздеріңе белгілі, басы Сырдария өзенінен су алатын Жаңа Шиелі магистралды каналының №204 бекетінен басталатын Сол тармақ (Левая ветка) каналы Шиелі кентінің батыс бетіндегі тұрғын үйлердің ортасымен өтіп, ауданның бірқатар елді мекендерін аяқсумен және аудан шаруашылықтарының ауыл шаруашылығы дақылдарын суландыратын еді. Сол тармақ каналы көктемнен бастап жаз бойы күзге дейін дария суын, егістіктерді, әсіресе күріш алқабын сумен қамтамасыз етіп отыратын. Аталған канал арқылы жіберіліп жатқан судың әсерінен кенттің ой жерлері мен бірқатар көшелерде ыза су көтеріліп, жағымсыз иісі бар кішігірім шалшық көлшіктер пайда болып, каналға орналасқан үй-жайларға зиянын тигізе бастаған еді. Сол себептен каналды Шиелі кентінен сыртқа шығарып, қашықтау жерге көшіріп, қайта салу мәселесі туындады. Мен ыза судан құтылудың жолын қарастыру мақсатында сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ықсановтың арнайы қабылдауында болып, Шиелі кентінің тұрғындарын әбіржітіп отырған ыза су туралы баяндадым. Ол кісі ыза су жөнінде мені тыңдап, облыстық комиссия құрып, бұл жағдайды жан-жақты тексеру керектігін алға тартты. Көп ұзамай облыстан келген комиссия құрамы ыза басқан көшелерді, жерлерді, пайда болған шалшық көлшіктерді, ызаның зияны тиген үй-жайларды тексеріп зерттей келе суретке түсіріп, каналды сыртқа шығарудан басқа амал жоқ деген қорытындыға келді.
Осы комиссияның әзірлеген қорытындысына сай облыс басшысы мені қайта қабылдап, каналды сыртқа шығарып, қайта салу үшін қомақты қаржы керектігін айтқан. Аталған жұмыстарды атқару үшін қажетті қаржыны жергілікті бюджеттен алып орындауға мүмкіндік болмай тұрғанын ескере келіп, Үкіметтен қажетті қаржы сұрау керек болар деді. Сол жылы көп ұзамай облыс басшысы астанамыз Алматыға қызмет ауыстырып Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол кісінің орнына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Х.Бектұрғанов келді. Мен бірінші хатшының қабылдауында болып, оған Шиелі кенті тұрғындарын әбіржітіп отырған ыза су туралы баяндап едім, ол да Үкіметтен қаржы сұрау керектігін айтты.
Сөйтіп облыс басшысынан еліміздің басшысы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауына баруға келісім алған едім. Жаңылмасам, 1968 жылдың тамыз айында Алматыға барып Д.Қонаевтың қабылдауына жазылу үшін бардым. Орталық Комитеттің қабылдау бөлімінің басшысы маған жұмысыңызды жалғастыра беріңіз, Д.Қонаев жолдастың қабылдайтын күнін күні бұрын сізге хабарлаймыз деп шығарып салды. Он бес күндей өткенде қабылдау бөлімінің басшысы маған «Алматыға келе беріңіз, сізді қабылдайтын болды» деді. Мен тездетіп самолетпен Алматыға жетіп, қабылдау бөліміне кірсем Д.Қонаевтың көмекші жігіті «Сізді ертең қабылдайды, таңертең келесіз» деді. Қонақүйге орналасып, таңертең қайта жетіп бардым. Көмекші жігіт алдымнан шығып, менімен сәлемдесіп, «Аға, айып етпеңіз, кеше КСРО Компартиясының Бас хатшысы Л.Брежнев келіп, Д.Қонаев жолдасты өзімен бірге Үнді мемлекетіне іссапармен ертіп алып кетті» деді. Мен аңтарылып қалдым, сол кезде көмекші жігіт «Аға, уайымдамаңыз. Ол кісі бір-екі күнде келіп қалар» деді. Сізді міндетті түрде қабылдайды ғой дегенді айтты. Мен қарап отырмай Ауыл шаруашылығын дайындау министрлігіне, тағы басқа ведомстволарға барып, кейбір мәселелер жөнінде сөйлесіп қайттым. Екі күн өткенде көмекші жігіт телефон шалып, «келіңіз, сізді қабылдайтын болды» деді. Мен қуанып кеттім де қабылдау бөліміне бардым. Көмекші жігіт қарсы алып, отыра тұрыңыз деді де Димаш Ахметұлының кабинетіне кіріп кетті. Қайта шығып, маған «қабылдайтын болды, кіре беріңіз» деп кірер есікті нұсқады. Ол кісінің кабинетіне имене кіріп, төрге қарай аяқ бастым. Бес-алты рет қадам басқан кезде Д.Қонаев орнынан тұрып маған қарай келе жатты. Мен ол кісімен кабинет ортасында қол алып сәлемдестім. Ол сұңғақ бойлы, кең жауырынды екен, қол алысқанда менің қолым оның алақанына сүңгіп кетті. Ол маған отыратын орындықты нұсқады да өзі де орнына жайғасты. Өзімді таныстырып Шиелі ауданының бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов боламын дедім. Ол кісі сені білемін дегендей басын изеп, «Мал-жаның аман ба?» деген оның қанатты сөзіне тәнті болып, іштей тебіреніп кеттім. Аудан халқының әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі қалай дей келе ауыл шаруашылығы жөнінде не айтасың деген сауал қойды. Мен ол кісіге аудан халқының әл-ауқаты көтеріліп, тұрмыс-тіршілігі жылдан-жылға жақсарып келеді және ауыл шаруашылығы дақылдарынан, әсіресе күріштен мол өнім жинап жүрміз, ал мал шаруашылығы бойынша төрт түліктің саны көбейіп, олардан алатын төл жыл сайын артып келеді дедім. Тыңдап болып, «енді келген жұмысыңды айт» деді маған. Шиелі кентінің ішімен суландыру каналы өтетін, канал суының әсерінен ыза су шығып, тұрғындарды әбігерге салғанын, сол каналды кенттен сыртқа шығару үшін қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрғанын жасырмай түгел баяндадым. «Бұл жөнінде М.Ықсанов хабардар ма?» деді. «Иә, ол кісі бұл жағдайды жақсы біледі» дедім. «Олай болса, М.Ықсановты шақыр» деп көмекшіге нұсқау берді. Көп ұзамай М.Ықсанов кабинетіне кіріп келді.
– Мұстахин Біләлұлы! – деді оған – Мынау отырған Шиелі ауданының бірінші хатшысы, Шиелі кентінің ортасынан ағатын каналдың әсерінен ыза су шығып, тұрғындарды әбіржітіп отырған көрінеді, одан сенің хабарың бар ма? – деді. Ол:
– Иә, хабарым бар. Осы мәселе жөнінде облыс­тан комиссия жіберіп, тексеріп, зерттеткенбіз, бірақ каналды сыртқа шығару үшін қажетті қаржы мәселесі шешімін таппай қалды, – деді.
– Сен үкіметсің, осы мәселені өзің шеш, саған тапсырамын! – деді. Ол кабинеттен шығып кетті. Димекең:
– Келген мәселең оң шешімін табар, – деп орнынан тұрды. Мен де орнымнан тұрып, шығуға бет алдым. Ол кісі мені кабинеттің ортасына дейін шығарып салып тұрып:
– Ел-жұртыңа сәлем айт, оларға абай бол! – деп арқамнан қаққанда, құдды әкем арқамнан қағып, тілек тілеп тұрғандай сезіндім. Ол кісінің кішіпейілдігін, ақыл-парасатының өте жоғары екендігін, байсалды да пайымды екендігін сезіндім.
Шиеліге келген соң он шақты күн өткенде М.Ықсанов телефон шалып, «Ғафур, сүйінші! Қаржы мәселесі шешілді. «Главриссовхозстрой» Главкомының басшысы А.Гончаровқа канал құрылысына қаржы бөлу тапсырылды. Сен канал құрылысын бастай бер, қажетті техникаларды реттеп, іске кіресе берсең болады» деді. Мен кабинет алдындағы хатшыға аудандағы барлық мекеме және шаруашылық басшыларын шақыр деп тапсырма бердім. Жиналғандарға Шиелі кентінің ішіндегі каналды сыртқа шығарып салу керектігін, ол үшін жан-жақты қолдау керектігін баса айттым. Аудандағы №№31,45 және Тасбөгетте орналасқан №42 жылжымалы механикаландырылған колонналарды жұмылдырып, тез арада канал құрылысын бастау керектігін айтып, тапсырмалар бердім.
Алдын ала канал құрылысы өтетін трасса белгіленіп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Салынатын каналдың ұзындығы 20 шақырым және салынатын канал бойында үш гидротехникалық құрылыстар салу жоспарланған болатын. Осы салынатын каналдан өтетін трассаның басынан аяғына дейін аралап көріп шығу керек болды. Сол себеппен мен аяғыма етік киіп, аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы А.Әбеков пен ауыл шаруашылығы бөлімінің жерге орналастыру жөніндегі инженері И.Голотоны ертіп алып, сол тармақ каналынан бастап жаяу жүріп өттік. И.Голотоның аяғының жарамайтынына байланысты бес шақырым жүрген соң машинамен қайтарып жіберіп, әрі қарай А.Әбеков екеуміз жүріп кеттік.
Содан канал құрылысын 1969 жылы қазан айының жиырмасына таман бастап қазып, күздей, қыстай тоқтамай еңбек етіп, құрылысшылардың ерен еңбектері арқасында келесі жылы сәуір айының басында құрылысты толық аяқтап, Жаңа каналға су жіберілді, – деп сөзін аяқтады Ғафур Мұхамеджанов ағамыз.
Шиелі ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, Шиелі кентінің тұрғындарын каналдың ыза суы­нан құтқару мақсатында облыс басшыларына және мемлекет басшысы Д.Қонаевтың өзіне барып, қаржы мәселесін шешіп, 20 шақырым болатын канал құрылысын 7 ай ішінде толық аяқтап, ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету – нағыз ерлік деп есептеймін. Оның ауданның дамуы үшін жасаған ілкімді істері кейінгі жас басшыларға өнеге болатыны сөзсіз. Ғафур Мұхамеджановтың еңбегін бағалап, аудан орталығындағы №270 мектепке есімі берілгені, аудан халқының оған деген ризашылығы. Ол кісі 83 жасында дүниеден озды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, иман байлығына бөлене берсін демекпіз!

ҚУАНДЫҚ ӘЛТАЙ,
Қызылорда облысының құрметті ардагері
20 желтоқсан 2024 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031