Нан – тәрбие бастауы
Міне, кезекті алтын орақ аяқталып, диқан қауымы жыл бойғы еңбегінің жемісін түгел теріп, өнімін жиып алды. Дарқан даладан басталған байлық бұлағы қоймаға құйылып, халқымыздың ырысын молайтты. Еліміздің дәулеті еселене түскеніне куә болған ағайын бірге қуанды. Дастарханымыздың дәмі, өміріміздің нәрі – нанның әлі де көп болатынына біз де қуандық. Себебі, нан бар жерде тоқшылық бар, молшылық бар. Бұрынғы өткен бабаларымыздың «Арпа, бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деуі де сондықтан.
Нан – еңбекпен өседі. Ол күн көзінің сәулесінен қуат алып, ақ нөсердің нұрымен бойлап көтеріледі. Даланы дән кернеуі үшін, қаншама диқандар тер төгіп, күш-қайратын сарп етеді. Ерте көктемде таңмен бірге оянып, таңмен бірге шаруа қамына кіріседі. Елдің ырысын тасытып, өнімін молайтуға бүкіл ықыласын салады. Алтын күз келгенде, бір түйір дәнді шашу, оны аяққа басуды қиянат деп біліп, бел баласындай күтіп-баптаған диқандар дала меруертін шашпай-төкпей орып, қамбаға орналастырады.
Нан – еңбекпен өседі. Ол күн көзінің сәулесінен қуат алып, ақ нөсердің нұрымен бойлап көтеріледі. Даланы дән кернеуі үшін, қаншама диқандар тер төгіп, күш-қайратын сарп етеді. Ерте көктемде таңмен бірге оянып, таңмен бірге шаруа қамына кіріседі. Елдің ырысын тасытып, өнімін молайтуға бүкіл ықыласын салады. Алтын күз келгенде, бір түйір дәнді шашу, оны аяққа басуды қиянат деп біліп, бел баласындай күтіп-баптаған диқандар дала меруертін шашпай-төкпей орып, қамбаға орналастырады.
Нан – табиғаттың қайырымды тартуы, өзге ешнәрсемен алмастыруға болмайтын тамақ. Нанды күннің кез келген уақытында, кез келген жастағы адамның көңіл-қошына қарамастан пайдалануға болады. Ол өзге асты дәмдендіре түседі. Кез келген аспен – етпен немесе басқа бір тағаммен қосып жегеннің өзінде сүйкімділігін жоғалтпайды. Тіпті қарын ашпағанның өзінде жылы жаңа піскен хош иісті нанның бір үзімі сүйіспеншілік тудырады. Нан жоқта дастарханның сәні, түстіктің дәмі болмай қалады. Нанға тойдым десек те, нанды қойдым демейміз. Нанның айтып болмас асылдығы, астың арқауы екендігі осында. Нан туралы сөз, әрине, нанның тапшылығынан қозғалмайды, керісінше, нанның молшылығын туындайды.
Қиыншылық кезеңдерді көрген үлкендеріміз туралған нанның қоқымын жерге түсірмей, алақанына салып, жеп қоятын. Мұнда сонау нан жетіспейтін кезден қалған ұқыптылық, сақтық салты, тәлімі мол тәрбие жатыр. Бүгінде қамбамыз дәнге толы, дүкеніміз нанға толған шақта, өкінішке қарай нанның қадірін төмендетіп бара жатқандаймыз. Нан үзімі көшеде жатқанын көргені жайында, ашынған әңгімелер жиі айтылғанымен, одан шығар нәтиже көңіл қуантпайды.
Асханаларға барған сәтте, кейбірі нанды шамадан тыс көп алып, соңында рәсуә болып қатып қалғанын байқаймыз. Әрине, оны қоқыс жәшіктеріне немесе малға азық ретінде жөнелтуі мүмкін. Дегенмен, ақ нанды соншалықты ысырап болсын деп дайындамасы анық. Сондықтан алдымен нанды қастерлеу, нанды әспеттеу тұрғысында тәрбие жұмысы күшейтілуі керек. Әрбір адам өз отбасымызда тамақтанып отырғанда нанның қадір-қасиетін, оның қандай еңбекпен дайындалатынын үнемі айтып отырғанымыз жөн. «Ас атасы – нан» деп білетін қазақ халқы үшін бұл тағамның орны қашанда жоғары бағалануы тиіс. Сондай-ақ осы мәселеге байланысты нан туралы әсерлі плакат, айшықты сурет, нақыл сөздер жиі тілге тиек етілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Сайып келгенде, мұның өзі жерге де, еңбекке де және адамға да сүйіспеншілікпен құрметті қалыптастыратыны айқын. Сондықтан нанның үзімі түгіл, түйірі де жерде қалмауға тиіс.
М.Ибрагимов