«Сыр жастары» бағдарламасы – баспаналы болудың бағыты
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Еңбек жолын енді бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек» деген болатын. Соның негізінде өткен жылы қызылордалықтар үшін «Сыр жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бұл көптеген жас отбасыға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр.
«Сыр жастары» бағдарламасы арқылы жылына 100 жас отбасын баспанамен қамту көзделген. Бағдарлама «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы облыстық бюджеттен несиелендіріледі. Үйден үмітті қатысушыларға қойылатын басты талап – соңғы 2 жылда облыста тіркеуде тұруы тиіс. Оған 18-35 жас аралығындағы жастар өтінім бере алады. Ал жеңілдетілген ипотекалық несие 19 жылға 5 пайыздық үстемемен «Отбасы банк» арқылы беріледі. Сондай-ақ бұл жобаға мемлекеттік қызметшілер ғана емес, түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар да қатыса алады.

Мамыр айында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, олардың саны Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы 40 отбасымен толықты. Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті. Пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.
– Жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасын несиелендіру жолымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оған облыстық бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді. «Сыр жастары» – жылына 100 жас отбасыны баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Өз кезегінде бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» 500 млн теңге қаржы бөлді.
Мамыр айында 60 жас отбасы баспаналы болды. Бүгін міне 40 пәтердің кілтін табыстаймыз. Бұл қоныстой – басталған жұмыстың жалғасы. Бағдарламаға келесі жылға да облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Шаңырақтарыңыз балалармен базарлы, құтты қонақтарымен ажарлы болсын! – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Бағдарлама арқылы пәтерге қолжеткізген жастың бірі Ақерке Дәруіш:
– Мұғалім болып жұмыс істеймін. 3 балам бар. Жолдасым екеуміз осы баспананы біраз жыл күттік. 3 бөлмелі пәтер, іші кең, жылуы бар. Біздің көңілімізден шықты. Қатты қуаныштымыз. Және де бұл «Сыр жастарымен ұсынылған пәтер жеңілдетілген 5 пайыздық несиемен беріліп жатыр. Және де алғашқы жарнапұлы 10 пайыз, – дейді.
Айта кетейік, биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Өткен жылдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 2000-ға жуық отбасы қоныстой тойлады, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.
Г.ЯХИЯ