4 жасында шахмат ойнаған

Ол болашағынан үлкен үміт күттіретін жастардың бірі. Әуесқой шахматшы қазір Көкшоқы мөлтек ауданындағы №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің үшінші сыныбында оқиды. Сегіз жасар – Айбек тақта үстіндегі текетіресте облыс, республика біріншіліктерінде аудан намысын қорғап қоржынға олжа салуда. Үйірме жетекшісі Бекболат Мизамбаевтың шәкірті ойлы ойын өрнегімен спорт сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Оның қоржынында республикалық ашық біріншілікте «Kaz PetroL Ggoup» жүлдесі бар. Бұдан бөлек, басқа да жарыстардан алған марапаттары жетерлік. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып жүрген жас өрен ауданның мерейін асқақтатуда. Айбектің талантын жоққа шығара алмайсың. Тіпті ойындарда өзінен үлкендерді жеңіп шығады.
– Мен шахматқа төрт жасымнан әуестеніп келемін. Маған шахматтың қыр-сырын үйреткен әкем – Бекболат. Ата-анам үнемі қолдап, жігерлендіріп отырады. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнің барлығына себепкер болған солар. Əкем шахмат тақтасында ғана қатал. Үйде əкем екеуміз ғана шахматтың соңына түскенбіз. Мен әрқашан маңызды турнирлерде ойынның аяғына дейін күресемін, шахматта эмоцияға берілсең ұтылып қаласың. Сондықтан өзімді ұстауға тырысамын, – дейді Айбек.
Шахмат – адамды алғырлыққа, ақылды болуға тəрбиелейді. Осы ретте үйірме жетекшісі Бекболат Мизамбаевтың айтуынша, шахматқа әуестенген жастардың қатары көп. Олардың ақыл-ойын, математикалық қабілетін дамытып, жеңіске жетуге деген құштарлығын арттыру керек дейді. Осыншама төзімділікті қажет ететін шахматтың адамға берер пайдасы да зор.
Айбекпен сұхбаттасып отырғанда біз оған кенеттен «Өзіңді қай фигураға ұқсатасың?» деп сұрақ қойдық. Сонда кейіпкеріміз бұл сауалға «Маған қозғалысы шектелмеген ферзь ұнайды, бірақ мен әзірге пешкамын», деп жауап қатқан болатын. Шахмат тақтасындағы қарсылас алаңының соңына дейін жеткен пешка да ферзьге айналатынындай, ақырын, бірақ анық басқан қадамдарыңның арқасында сенің де нағыз ханзадаға айналатын күнің алыс емес дегіміз келеді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ