Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Шиелілік Нұрдәулет Таңатов «Atyrau Chees Fistival» халықаралық шахмат фестивалінде І орынды жеңіп алды. Белгілі шахматшы, бірнеше дүркін әлем чемпионы Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясы ұйымдастырған алғашқы әлемдік жарысқа үш жүзге жуық шахмат әуесқойлары қатысқан.
Оның ішінде Қазақстанмен қатар, АҚШ, ­Нидерланды, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, ­Беларусь және Ресей мемлекеттерінің ойыншылары бар. Ойын швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңде өтті. Жерлесіміз Нұрдәулет 16 жасқа дейінгі жасөспірімдермен сынға түсіп, ақ-қара ойынында мықтылығын дәлелдеді.
– Жарыс қызықты және шиеленісті сәттерге толы болды. Өз мүмкіндіктерімді шыңдап, табысты ойын үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтадым. Шахмат – логикалық ойлау мен есте сақтау қабілетін арттырудағы негізгі көмек құралы, – дейді Нұрдәулет.
Ол алтын медальмен бірге 225 000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыны иеленді. Бұл жас спортшының қоржынындағы 33-ші марапат. Бұған дейін халықаралық, республикалық және облыстық турнирлерден 16 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль иеленген жас зияткер өткен жылы «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат» атағына ие болды.
Жас спортшыны шахмат тақтасымен 6 жасында үйдегі үлкендер таныстырған екен. Отбасылық ойындар Нұрдәулеттің шахматқа деген қызығушылығын арттырып, кәсіби деңгейде үйренуге септігін тигізді.
Нұрдәулет Таңатов Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Шиелінің ғана емес, Сыр елінің мақтанышына айналған Нұрдәулет жеңіс тұғырынан түспесін дейміз.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
06 қыркүйек 2022 ж. 608 0