Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 38 жылдан соң ақталған желтоқсаншы

38 жылдан соң ақталған желтоқсаншы

Осыдан отыз сегіз жыл бұрын Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызды. Жетім баланың күйін кешіп, өз ана тілінде сөйлеуге мұң болған, сол үшін де қазақ тілінің мәселесіне алаңдап жүрген жастарға бұл хабар жығылған үстіне жұдырық болып тигені рас. Ал алаңға шыққан жастардың мақсаты – бейбіт шеру ұйымдастырып, өздерінің талап-тілектерін басшылыққа жеткіземіз деген ниет қана болатын. Дегенмен, Кеңес үкіметі қазақ жастарының қарсылығын күшпен басып, алаңды қызыл қанға бояды.
Мұз үстіндегі мұңлы сәттер әлі күнге жадынан өшпеген жанның бірі – Абдікарім Абдрасилов. Ол 1963 жылы 10 қыркүйекте Шиелі ауданы, Жеміс-жидек ауылында дүниеге келген. Сол ауылда №181 орта мектепте 1970-1980 жылдары он жылдықты бітіріп, орта білім алады. Кейіпкеріміз 1981-1983 жылдары Отан алдындағы борышымды өтеп, әскер сапында болады. Әскерден келген соң 1984 жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтының «Жеміс-көкөніс және жүзім» факультетіне 1 курс студенті болып қабылданады. А.Жәлелұлы 3 курс оқып жатқан тұста, яғни 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі басталып, Тәуелсіздік үшін тәуекел еткендердің қатарынан табылды.
–16 шы желтоқсан күні кешкі сағ 20:00-де Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің кезектен тыс пленумында Д.Қонаев ақсақалдың орнынан түскенін, Г.Колбиннің басшылыққа келетінін хабарлады. Таңертең 17-ші желтоқсан күні Бас корпуста сабақ болып жатқан, 2-ші пардан шығып фойесіне келсек ортадағы үлкен есікті агро-фактың деканы Ермек Жұмабеков өзіне тартып жауып тұр екен. Менің қасымда Бақытжан Иманкұловбар еді. Екеуміз артқы есіктен сыртқа шығып, Абай даңғылының бойымен Ленин даңғылына қарай жүгіріп топқа қосылдық. Жолда көргенім автобустар мен жеңіл көліктерді егелері тастап кеткен. Жан-жақтан қаумалаған жастардың қарасы қалың. Содан жарты сағат өтер өтпес Брежнев алаңына келіп жеттік, біз барсақ бізге дейін қаншама жастар келген, алаң толы. Көбі студенттер, жұмысшы жастар да бар арасында. Басында 1,5-2 сағатқа жуық бейбіт митинг болды, кім сөйлеп жатқаны алыстан көрінбейді, жастар шулап бір-бірін қолдай түсуде. «Қазақты қазақ басқаруы керек» деген ұранмен екпіндеген қазақ жастарының қайтпас қайсарлығын байқап, өрт сөндіргіш машиналар келе бастады. Желтоқсанның желді ызғырында мұздай су шашып бастады. Алаңнан біздерді қуып жіберу үшін небір қитұрқы әрекеттер жасалып, аяусыз-ұрып соға бастады. Осыншама аяусыз әрекеттер қазақ жастарының сағын сындыра алмады. Керісінше 18-19 желтоқсан күндері де қайталап алаңға жинала бердік, – дейді, Желтоқсан көтерілісіне бастан-аяқ қатысқан Абдікарім ағамыз.
Жастық шағында желтоқсанның жалынына күйген кейіпкеріміз қаншама кезеңдерді бастан өткерді. Тәуелсіздікті әр таңы атқан сайын «Тәубәсін» айтып, 1989-1994 жылдар аралығында «Шиелі» жеміс-жидек совкозында көмекші бригадир, егіс бригадирі, бас агроном жұмыстарын атқарады. Тынымсыз еңбегінің нәтижесі болар шағын кәсіпорын директоры қызметіне дейін көтеріледі. Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтаған А.Жәлелұлы 1994-2014жылдар аралығында Алматы облысы, Қарасай ауданында Қазақтың Ғылыми зерттеу институтының (КИЗ) жанындағы «Қаскелең» тәжірибе шаруашылығында егіс бригадирі, тұқым-технигі, тұқым-агрономы, бас агроном қызметтерін де абыроймен атқарады. 2014 жылдан бастап Қ.Р Ауылшаруашылық министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі, Мемлекеттік инспекция комитеті «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Алматы облысы, Қарасай аудандық филиалында басшысылық қызметте жұмыс істеп келеді.
Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Бодандықтан арылып, бостандыққа ұмтылып, болашаққа алаңдап бой көрсеткен, бас көтерген жанкешті желтоқсаншылардың басым көпшілігі әлі күнге ақталмағандықтан, қазіргі таңда оларға деген көзқарас та, түсінік те қақ жарылған. Оның бір ғана дәлелі бүгінгі кейіпкеріміз – А.Абдрасилов. Ол қолына 38 жылдан соң, яғни 2024 жылдың 16-шы қазанында, 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңның негізінде қолына ақталғаны туралы анықтаманы алған жайы бар. Тамыры түркіден рух суарған қасиетті қазақ еліне Тәңір тарту еткен Тәуелсіздік мерекесі де санаулы күндерден соң аталып өтілмек. Егемендік алып, етек-жеңіміз жиылған осынау уақыттың әр күні мерекеге айналып келеді. Шүкір, шежіресі шерге толы, тарихы тағдырлы еліміздің күнтізбесі дәл осы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мерекелерге тола бастады. Яғни, мәуелі мемлекетіміздегі әрбір мереке тәуелсіздіктен бастау алатыны уақыт дәлелдеген шындық. Десек те, сол тәуелсіздікті ақтық демі, тамшы тері, қасық қаны қалғанша жақындатып кеткен, осы күннің ертерек орын алуына тікелей себепші болған желтоқсаншыларды естен шығармауымыз керек. Олар қашанда құрмет төрінен табылуға тиіс!

Г.Әбдіхани
13 желтоқсан 2024 ж. 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031