Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ: ҚОЛӨНЕРШІЛЕР КӨРМЕСІ

МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ: ҚОЛӨНЕРШІЛЕР КӨРМЕСІ

Салт-дәстүр һәм әдет-ғұрып. Ұлттық құндылық. Ырым-тыйымдар. Мұның бәрі – әрбір ұлттың ұлт болып қалыптасуындағы ерекше рөл атқаратын алтын арқау. Кешегі кеңес кезеңіндегі көмескілене бастаған осы бір ғажайып асыл мұрамыз Тәуелсіздіктің таңымен бірге ортамызға оралып, бүр жара бастаған түрі бар. Міне, оған да биыл 33 жыл толып жатыр. Шаң басқан көмбеміз қайта аршылып, ауылы алыстаған ұлттық құндылығымыздың жандануы – халқымызға үміт пен сәуле сыйлағандай еді. Содан­ бергі де уақытта қазақ халқының қолөнері жанданып, оған үлес қосушылардың саны жыл сайын артып келеді. Атадан балаға мирас болған төл өнердің жанашырлары өзіміздің өңірден де табылады. Жақында аудандық салтанат сарайында «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филиалына қарасты Бастауыш партия ұйымдарының арасында қолөнершілер көрмесі өтті. «Тәуелсіздікке тарту» тақырыбындағы қолөнер шеберлері көрмесінің басты мақсаты – ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеу, жас қолөнер шеберлері мен аудандағы еңбек пәні мұғалімдерінің белсенділігін арттыру және жастарды­ патриоттыққа тәрбиелеу.
Халық қазынасы болып саналатын ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету – бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Ұлттың этикалық және мәдени дәстүрін көрсете сан ғасыр жалғап келе жатқан қолөнершілердің бұл ретте еңбегі ұшан-теңіз. «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, Оқушылар үйінің директоры, «Дарын» партиялық топ жетекшісі Бауыржан Әлтайұлы, мен оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахметулла Жолтаев сөз сөйлеп, ұлттық өнердің үлгісі жайындағы келелі ойларымен бөлісті.
– Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халқымыздың мәдени айнасы. Ол адамды әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сұлулыққа деген қабілетін арттырады. Сол арқылы адам баласы зор эстетикалық рухани қуат алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағады. «Өнер жемісі – өмірге азық» дегендей, жас ұрпаққа қолөнер үлкен тәлім-тәрбие берері анық. Сондай-ақ олардың өміріне азық боларына шүбәм жоқ. Өйткені қолөнер – қазақтың тұрмыс-тіршілігінің өзегі, салт-дәстүрінің сарқылмас кеніші, – деді Ж.Орынбайқызы.
Іс-шарада көпшілік назарына ұлттық кәдесыйлар, оюлы көрпешелер, этникалық стильдегі киімдер, керамикадан жасалған және сүйек пен мүйізден зергерлік бұйымдар ұсынылды.
Медеу Бердімұрат, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
– Қазақ халқы сүйек өңдеу мен одан жасалған бұйымдарды киелі санап, наным-сенімге балаған. Бұған ел арасында ру мағынасында айтылатын «сүйек», «сүйектес», «сүйегі бір» сынды атаулар, «сүйек жаңғырту», «сүйекке түсу», «сүйек шатыс» деген салт-дәстүрлер, қаралауды білдіретін «сүйекке түскен таңба» ұғымы және «ақсүйек», «асық» тәрізді ұлттық ойындар дәлел бола алады. Халқымыз сүйек пен мүйізден зергерлік бұйым, ыдыс жасаса ал мен сүйектен кәдесый жасаймын. Сүйектен бұйымдар жасауды бала кезімнен үйрендім. Әр адамның өмір бойы шұғылданар сүйікті ісі, уақыт жұбатар, көңіл сергітер ермегі болады. Мен жастайымнан сүйек пен мүйіз жинағанды жақсы көретінмін. Ауыл ақсақалдары сүйектен бұйымдар дайындаудың кейбір әдіс-амалын үйреткенімен, көп дүниені кітаптан оқу арқылы меңгердім.
Гүлжайна Ерланқызы, Бәйгеқұм ауылдық клуб үйі «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі:
– Мен тоқыма бұйымдарын жасаймын. Тоқыма – ежелден келе жатқан және бүгін де өзектілігін жоғалтпаған өнер. Ол шығармашылық пен техникалық шеберлікті біріктіріп, әсем туындылар жасауға мүмкіндік береді. Жанға жайлы, денеге жұмсақ тоқыма бұйымдары әлі күнге дейін сәннен қаомай келетіні де сондықтан. Әр істің өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. Тоқыма өнері сәннен қалмайды және заман талабына сай жаңа брендтер шығаруға болады. Бұл біріншіден, еңбекті кәсіпке айналдырса, екінші жағынан логикалық ойлауға әсері мол. Мұнда түстердің үйлесімділігі, бір-бірімен жарасымы, дәлдігі маңызды.
Жалпы ұлттық құндылық ұлтпен бірге жасайтын, қазығы тереңге қағылған мәңгілік мұра. Оны насихаттау, мұртын бұзбай келешекке жеткізу – біздің міндетіміз. Бұл – көбімізге ой салатын рухани шара болды.
Айта кетейік, тағылымды шараға Шиелі филиалында 5786 партия мүшесінен құралған 24 бастауыш ұйымдары белсенді қатысты. Сонымен «Ұлттық мұра» партиялық жоба аясында өткізілген колөнершілер көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Белсенділік танытқан шеберлер арнайы «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасының атынан алғыс хат пен сый-сияпаттармен марапатталды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
13 желтоқсан 2024 ж. 110 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031