Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нашақорлық – қоғам дерті

Нашақорлық – қоғам дерті

Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Нашақорлық – бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Есірткі – қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынғанымен, қайтып құтылу екі талай - кесел. Әсіресе, жастарды көктей орып, жуадай солдыратын - көкнәр, апиын, наша тарту есірткіқұмарлыққа жатады. Есірткінің әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы қазіргі кездің ең өзекті мәселенің бірі. Бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де аса маңызды. «Жұмыла көтерген – жүк жеңіл» демекші, бұл кеселмен күресу үшін әрбір адам үн қосып, алдын алу шараларын жүргізуі тиіс.
Есірткі – талай адамның түбіне жетіп, бақытты өмірлерін баянсыз еткен улы зат. Соған қарамастан соны тұтынатындардың қатары азаяр емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айрықша атап өткен болатын.
– Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген синтетиканың көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге жеткізіп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Жуырда, Шиелі аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде нашақорлықтың алдын-алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және дүниетанымдарын кеңейту мақсатында «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мектеп оқушыларымен өткен мазмұнды шараға АИТВ инфекциясының алдын-алу орталығының маманы Б.Парманқұлов, Мұхаммед (с.а.с) мешітінің бас имамы Е.Пірімбетов және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында мамандар нашақорлықтың денсаулыққа және қоғамға тигізетін зияны туралы ақпарат беріп, дұрыс өмір салтын ұстану және есірткіге қарсы мәдениет қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Қоғам дертіне айналып отырған есірткі адам ағзасына әртүрлі жолдармен енгізілгеннен кейін орталық жүйке жүйесін өзгертіп, зор қатер төндіреді. Сондай-ақ мінез-құлықта, көңіл-күйде зор өзгерістер болып, сенсорлық қабылдау қабілеті бұзыла бастайды. Адам денесінде осындай өзгерістер болғаннан кейін ол қайтадан сезінгісі келеді. Өйткені ол эндорфиндердің, әл-ауқатқа байланысты гормондардың жоғары деңгейін шығарады. Яғни ми өз әсеріне тәуелді болып, құмарлығы күшейе бастайды. Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Яғни олар қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Әрі жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне адам ойына келмейтін жауап қайтарады. Сондықтан, мектеп кезеңінен бастап жастарды, оқушылардың бұндай зиянды заттарға жоламауын қадағалап, қоғамдық ортада нашақорлыққа қарсы акцияларды көптеп ұйымдастыруымыз керек. Бұнымен тек арнайы мамандар ғана айналысу керек деген ойдан аулақ болып, қоғам болып алдын алу іс-шараларына бірге атсалысайық, – деді Б.Парманқұлов.
Сондай-ақ шарада жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез-келген адам үшін тигізетін зияны, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатыны және басқа да түрлі жағдайларды мысал еткен бейнероликтер көрсетіліп, қиялдарына қанат бітірген суретші балалар тамаша туындыларын қатысушыларға таныстырды.

М.Ибрагимов
02 желтоқсан 2024 ж. 96 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031