Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл әкімі қандай болуы керек?

Ауыл әкімі қандай болуы керек?

Осы сұрақ бізді көп толғандырады. Неге? Санамызды сарғайтқан қоғам алға жылжып кеткелі қашшан. Қоғам саналы болмай, тіршіліктің оңуы екіталай. Сондықтан көбіміз саналы болуды, өзгенің де саналы болуын аңсаймыз. Орталықта тұрып, ауылдарға алаңдаймыз. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар болғандықтан, ұлттық менталитетіміз, болмысымыз, мінез-құлқымыз бен іс-қимылдарымызға дейін ауылда қалыптасатыны аян.
Ауыл – қазақ ұлтының ұйытқысы. Ұлтымыздың ақ ордасы. Ауыл – мұсылман қазақтың ақ мешіті. Халқымыздың өсіп-өніп отырған құтханасы. Ауыл – ата-анасы, бала-шағасы. Жалпы отбасы бірге тұрып өмір сүретін, топырағы киелі, әр азаматтың сүйікті өңірі. Егеменді еліміздің бір шөкімі. Ауыл – байлық көзі, ұлттық тәрбиенің ошағы. Сол себепті ауылдың құлдырауы, берекесіздіктерге тап болуы, шарасыздық жасауы – ұлтымыздың келешегіне қауіпті. Кешегі жекешелендіру кезінде ауылдарды таратып алдық. Капиталистік нарықтық қатынасқа психологиялық жағынан да, құрылымдық тұрғысынан да дайын емес едік. Оны өзіміз бастан кештік. Соған қарамастан ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға тырыстық. Ауылдықтардың көбісі жұмыссыз болды, жастар күнкөріс үшін қалаларға жұмыс іздеп кезіп кетті. Бұл дағдарысты да жеңіп шықтық. Ауыл тұрғындарының табандылығы, күш-қайратының, жеңіске деген жігерлігінің, ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында ауылдардың маңдайы ашылып сала берді.
Ауылдың еңсесін көтеру үшін бағдарламалар жасау арқылы жұмыс жүргізіліп, оның негізгі ұйымдастырушысы, жетекшісі, жергілікті атқарушы үкімет – ауыл әкімдері тағайындалды. Қазір ауылдағы негізгі билік иесі – ауыл әкімдері. Бүгінгіше айтсақ, Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі сенімді өкілдері. Ауылдың қожайыны, мал-жанның иесі, ауылдық округтің әкімі. Ауыл әкімдігі – өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясының заңнамасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР-ның Заңына, ҚР-ның Президенті мен Үкіметінің актілеріне және аудан әкімдігінің регламентіне сәйкес жүзеге асыратын, халық сайлайтын, және оның еркін білдіретін жергілікті яғни ауылдардағы өкілді орган болып саналады.
Ауылдың билік иесі – әкімдер мен халық бір-біріне жақындап, қоян-қолтық жұмыс істеуге тиісті. Басқару жүйесі ашық, төрешілдік пен қағазбастылықтан аулақ болғаны жөн. Расында ауыл әкімі қандай болуы керек? Менің ойымша ауыл әкімі – ұлтжанды, елжанды, Отаншыл, қоғамшыл, көпшіл, білімді, білікті, саяси ой-өрісі терең, әлемге көзқарасы бейбіт, табанды, елін, жерін, ауылын сүйетін қарапайым қазақ жігіті. Ол – қызметінде адал, әділетті, талапшыл, шыншыл, төзімді, мінезді, қиын сәттерде амал тауып кететін ақылды, жемқорлықты жақтырмайтын, ақшаны онша жақсы көрмейтін, сабырлы азамат деп ойлаймын. Олар ауылдағы халық алдындағы жауапкершілікті қатаң сақтап, өз өңірінде тәртіп орнатып отырса, жұмысының алға басқандығы деуімізге болады. Соңғы жылдары ауыл әкімдеріне қоса аудан әкімдері де сайлана бастады.
Халық сайлады екен деп, арқаны кеңге салуға тағы болмас. Ауылды дамыту – мемлекетінің маңызды мақсатттарының бірі. Президент Қасым Жомарт-Тоқаев «Ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» бекерден-бекер қол қоймаған болар. Шындығында гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз. Не болмаса, ауыл дамыса, халқымыз өсіп-өнеді, демографиямыз шалқиды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық қолдауды тиімді пайдаланып, мақсатты түрде ауыл тұрғындарының табысын арттыру, экономикасын көтеру, ауыл кәсіпкерлеріне даңғыл жол ашу – ауыл әкімдерінің міндетіне айналуда. Осы жерде ауыл әкімдерінің заң аясындағы сауаттылығы, экономика мен қаржыдан хабардар болуы – көп басымдылық берері сөссіз. Кім пысық, кім тапқыр, кім халықшыл сол әкім ауылына үлкен базарлық жасайтыны белгілі.
Қазір ауыл әкімдерін сайлауда түрлі саланың мамандары ұмтылыс жасауда. Қазақта «Тең-теңімен, тезек – қабымен» деген даналық сөз бар. Әкім таңдауда да жұртшылық жаңылыспауы керек. Бізге халықтың мүддесін көздейтін, дұрыс болса, ауыл тұрғындарының сөзін сөйлейтін, талап-тілегін елейтін, одан қорытындысын шығарып халық алдында қасқайып сөйлеп тұратын әкімдер керек. Ата Заңымыздың бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары делінген. Сол адамдар ауыл тұрғындарынан бастау алатынын ұмытпайық.
Жуырда облыс орталығында «Аманат» партиясының бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ауыл әкімдерінің форумы өтті. Жиын барысында сөз алған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атқарылып жатқан шаралар халықтың талап-тілегі мен қажеттілігіне сай жүргізіліп жатқандығына тоқталып, облыс көлемінде атқарылған айшықты жұмыстарды жария етті. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне «Ауыл аманаты» жобасын тиімді, уақытылы іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуда жұртшылыққа ауыл әкімдері жүруі тиіс. Өзі басқаратын елді мекендерде жұмыссыздар санын азайту, халықтың жобасын арттыру, салық базасын барынша ұлғайту секілді негізгі міндеттерге назар аударуы қажет. Сонымен қатар жер телімдері де мақсатына сай пайдаланылып, заңсыз жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек деп ашық айтты. Бұл облыстық форум ауыл әкімдерінің көзін жан-жақты ашып, тәжірибе алмасқан, естімегенді естіген, білмегенді білген, көрмегенді көрген санап сабағындай болғаны рас. Ақшасыз күн жоқ. Ауыл бюджеті қайдан құрлады? Ол ауыл әкімдігіне қарасты бюджеттік мекемелердің яғни (ауыл әкімдігі, мектеп, бала бақша, амбулатория, аурухана, т.б) қаржысынан тұрады. Ауыл әкімдерінің үнемшілдік қасиеттері осы тұста анық байқалады. Кім осы қаржыны ұтымды, үнемді пайдалана алады. Сол әкімнің экономикалық, құқықтық сауаттылығын, өз ауылына деген жанашырлығын сезіну қиын емес.
Ауыл әкімі ұйымдастырушылық қабілеті де, білімді де жоғары, өзін өзгеден биік санамайтын, біреуге аларып қарамайтын, құқықтанудан білікті, ел арасында беделді, абыройлы азамат болғаны жөн. Бала бақшадан бастап мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңдер, отбасылы азаматтардың, кейбір ата-аналардың дау-дамайы барлығына да жауапты ауыл әкімі.
Әкім мемлекеттік идеологиялық тұжырымдаманы іске асырушы. Ауылда тәрбие жұмысын жүргізіп, тәртіп орнататын да, оны талап ететін де ауыл әкімі. Көптеген мемлекеттік емес қоғамдық бірлестіктерде, бастауыш ұйымдарда алқа сайланады. Алқа ақылдасу үшін құрылған құрылым. Ауыл әкімі жанында алқа бар ма, жоқ па? Оны мен білмеймін. Болса тіптен жақсы. Болмаған жағдайда беделді ауыл ақсақалдары, әлеуметтік мекемелердің басшыларынан, ауыл шаруашылық нысандарының жетекшілерінен қоғамдық негізде ауыл әкімінің алқасын құрып, ауылдың мәселелерін осы алқада шешіп отырса, нұр үстіне нұр емес пе?
Жалпы ауылдағы әлеуметтік саясатының дұрыс жүргізілу жауапкершілігін ауыл әкіміне міндеттеу, мысалы, жер, су, орман кодекстері аясында ауылда ауқымды жұмыстар жүргізілетінін, ауылда орасан зор міндеттер шешілетінін айқындап, ауыл әкімінің беделі мен билік қуатын күшейтеді. Оның тұлғасы іріленіп, айшықтана түседі. Шын мәнінде біз қуатты ауыл әкімдерін мақтаныш тұтамыз. Аудандағы ауыл әкімдерінің берекелі еңбектеріне табыс тілейміз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
02 желтоқсан 2024 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031