БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?
Еңбектің адам өміріндегі маңызы жайлы қанша айтсақ та, онымыз бүгінгі қоғамның келбетімен қабыспай тұрғанын жасырудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желіде жарнамасы жарқылдаған жеңіл өмір елесі жастарды «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге еліктіріп кетіп-ақ тұр. Ал өмірдің барлық саласында еңбекқор, шығармашылық іс-әрекеттерге қабілетті, еркін ұрпақ тәрбиелейміз десек, отбасы, мектеп, қоғам тәрбиесі кіріктірілуі керек.
Басынан сипап өсірген баламыз бұзақылық жасады десе сенбейміз. Бірақ жағаңды ұстап, таңдайыңды қақтырып, басыңды шайқататыны кәмелеттік жасқа толмаған ұлдар да, қыздар да бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, жығылғанды жұдырықтап, жабылып бас-көз демей тепкілеп жатқанын қандай тәрбиеге жатқызуға болады. Оның арты қайғылы қазаға ұласуда. Тіпті етегін ерте түрген қыздарымыз мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалуда. Осындайда өрімдей жастар «неге тас жүрек болып кетті?» деген сауал сананың шаңын қағады. Бала тәрбиесі неге бақылаудан шығып кетті? Бәріне тек мұғалім ғана жауапты ма?
БІЛІМ БЕРІП ТАЛАЙҒА, ҰСТАЗ БОЛУ ОҢАЙ МА?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт болып табылады. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес», – дегені есте. Иә, мұғалімге артылар негізгі талап – білім сапасы. Алайда, бала тәрбиесіне бас қатырып, күндіз мектепте, түнде рейдте жүретін ұстаздардың жүгі жеңілдемей тұрғанын несіне жасырайық. Шиелі аудандық білім бөлімінің маманы Талғат Бөпежановпен тілдескенде түйгеніміз де осы. – Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу мақсатында мектептердегі тәрбие жұмыстары үш бағыт — «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтары бойынша жүзеге асырылуда. «Төрт тоқсанға – төрт өнер» жобасы, «Тоғыз айға тоғыз іс шара» жобасы, Өзін-өзі басқару мектеп парламент жұмысы, «Ұшқыр ой алаңы» дебат ойыны, «Театр-мектеп» жобасы, «Оқуға құштар» жобасы, «Балалар кітапханасы», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Мектеп лигасы», «Еңбегі адал жас өрен», т.б. жобалар аясында ақындар айтысы, кездесулер, кештер, челлендждер, тәрбие сағаттары, тренинг сабақтар, конференциялар ұйымдастырылды. Тәртіп пен білімді қатар ұштастырып, психолог, заңгер, дәрігер, құқық қорғау қызметкерлерімен де кездесу өткізілуде. Дегенмен жыл басынан бері 1 оқушы жолкөлік оқиғасынан қаза тапса, 1 оқушы жарақат алды. 1 оқушы суицид жасап, 1 оқушы қатты соққының салдарынан қаза тапты. 2 оқушы пышақ жарақатын алды. Бұл қайғылы оқиғалар мектеп уақытынан тыс мезгілдерде орын алып отыр. Алайда оқушылармен психолог мамандар үздіксіз жұмыс жүргізуде, – деді сала маманы. Деректерді сөйлетсек, өткен жылы 4 оқушы жол-көлік оқиғасынан жарақат алса, 4 жасөспірім қайтыс болған. Оның 1-уі өз-өзіне қол салған. Тіпті 1 оқушы суицидке талпынған. Осындай оқиғалардың себеп-салдарын зерттеген психолог мамандар қандай тұжырым жасады? Зер салайық. – Бала бойындағы өзгерісті байқамау мүмкін емес. Алайда көбінде ата-аналар жұмысбастылықпен балаға зер салып қарай қоймайды. Олардың әлеуметтік желіде кіммен сөйлесіп, қандай бейнежазбалар көріп жүргенінен де хабарсыз ата-аналар бар. Жасөспірімдердің буллинг, есірткі, лудомания, вейп темекі сынды зиянды заттарға әуестігін де көбіне ұстаздар байқап шара қолданады. Біздің тараптан ата-аналармен бірге кездесу ұйымдастырылғанымен оған толық келіп қатыса алмайды. Балаға жеткілікті көңіл бөлінбеудің салдарынан соңында түрлі қатыгездіктер орын алады,– дейді психолог Ж.Нұрбаева. Қ а з і р г і т а ң д а о қ у ш ы л а р ы м ы з д ы ң психологиялық күйзеліс пен жанұядағы әлеуметтік–тұрмыстық жағдайларға тап болмауы үшін ата-аналармен тығыз байланыс орната отырып, балалардың ұялы телефонға қызығушылығын тудыратын, әрі жиі ойнайтын ойындарына бақылауды күшейту мақсатында жұмыстар ұйымдастырылды. Мысалы, 2024 жылдың сәуір айында білім беру ұйымдарының 9,11 сынып оқушыларынан діни ұстанымы мен көзқарасын, шетелде діни білім алу туралы ойын анықтау мақсатында сауалнама жұмыстары алынған болатын. Сауалнама қорытындысына сәйкес, оқушылардың діни ақпараттарды атаанасының, ересек адамдардың нұсқауынсыз, өз бетінше интернет кеңістігінен алып, таныса беретіндігі байқалады. Бұл – интернеттегі кез келген ақпаратқа, ресурстарға қолжетімділіктің бірден-бір көрінісі. Осы орайда, білім беру ұйымдарының басшыларына төмендегідей тапсырмаларды үйлестіру тапсырылып, нәтижесінде жоғары сынып оқушыларының ата-аналарының қатысуымен діни экстремизм және терроризмнің алдын алу, жас ұрпақтың бойында жат ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру, интернеттен діни ақпараттар алудың қауіптілігі т.б. тақырыптарда түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті аудандық білім бөлімінің маманы Т.Бөпежанов. Сонымен қатар 2023 жылы 66 оқушы мектепішілік бақылауға алынса, биыл 2 оқушы аудандық полицияда профилактикалық есепте тұрғанын сөз етті. Ол оқушылармен ұдайы жұмыс жүргізіліп, ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатылғанын да баян етті.
ТӘРБИЕНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ – ОТБАСЫ
Қазақ халқында «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген терең мағыналы сөз бар. Шындап келгенде, әрбір отбасы қоғамның бір бөлшегі, шағын Отан. Бесіктен бастап берілген тәрбие баланы болашаққа бағыттайды. Осы орайда Жүсіп Баласағұнның «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» болмаса «Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деп айтқаны ойға келеді. Ендіше қағазбастылықтан арыла алмай жүрген мұғалімдер мен жұмысбастылықтан уақыт таппайтын ата-аналарға қандай жағдай жасалуы керек? – «Бала – үйде, қылығы – түзде» деген сөз бар. Үйдегі баламның сыртта қандай қылық көрсететінін біле бермейміз. Ал ұстаздар тікелей сол балаларға дұрыс жолды сілтеп, бағыт-бағдар ұсынушы. Біз баламызды үйде қадағалап отыруға тырысамыз. Алайда, қатарынан қалмасын деп айтқанын алып беріп, достарынан бөле жарғымыз келмейді. Кешкі уақытта көшеде жүрмеуін де ескертеміз. Алайда, өзге балалар келіп, жіберуін қиылып сұрап тұрғанда, жәутеңдетіп үнемі қамап ұстап та отыра алмаймыз, – дейді ата-ана А.Санжархан. Ал талай жылын бала тәрбиесіне арнаған Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагог Р.Есенбаева «42 жыл педагогика саласында еңбек еткен ұстаз ретінде айтамын. Алдыңдағы 25-30 оқушының күнделікті көңіл күйі мен оқу үлгерімін қалтқысыз қадағалап, ізгі істерге баулып, атаанасымен хабарласып отыру – сынып жетекшісінің міндеті. Бүгінгі халықтың әлеуметтік жағдайының қиындығы, күнкөріс қамымен жұмысбасты болып, баласының көңіл күйіне қарауға уақыт таппай жүрген ата-аналар, не болмаса баласын үлде мен бүлдеге орап, айтқанын орындап, көз алдында тоғышарлыққа жол беріп отырғандар да кездеседі. «Біреу тоңып секірсе, екіншісі тойып секірген» отбасының ұл-қызын ізгілікке тәрбиелей отырып, ізгі істерді бойына сіңіру – мұғалімнің де міндеті. Бұрын да балалар арасында ренжісу мен өкпелеп қалу, топтан бөліну, келіспейтін жағдайлар үнемі болатын. Соны дер кезінде табыстырып, өзара шешіп, кекшілдіктен сақтандырдық. Сөйтіп, келеңсіздіктің алдын алатын едік. Бірақ баласының өзгеге құрметі мен сыйластығын, бауырмалдық танытуын әр ата-ана қадағалауынан шығармағаны жөн болар еді», – дейді. Расында қоғамда балалар арасындағы қылмыстың, буллинг сынды келеңсіздіктің таралуы, ең алдымен, ересектердің өз жауапкершілігіне салдыр-салақ қарауының белгісі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі күні көпшілік уақытты алдымен — жұмысқа, одан қалды тойжиын мен әлеуметтік желілерге жұмсайды. Ал баланың тәрбиесіне уақыт «жете» бермейді… Бірақ айналып келгенде баланың қолымен жасалған қылмыс, буллинг үшін заң алдында ата-ана жауап береді. Бұрын буллинг әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылықтар қатарында болмағандықтан, көбіне түсіндірме жұмыстарымен шектелуге тура келетін. Биылғы 16 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң күшіне енді. Осыған сай аталған кодекстің 127-2-бабында кәмелетке толмаған адамды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылған. Заңда көрсетілгендей, баланы жәбірлеген жағдайда алдымен ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер осы әрекет жаза қолданылғаннан кейінгі бір жыл ішінде қайталап жасалатын болса, айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Заңда жәбір көрсетуші 12-16 жас аралығындағы жасөспірім болса, онда жазаға оның ата-анасын немесе оларды алмастыратын адамды тарту қарастырылған. «Таяқтың екі ұшы болатыны» секілді, бала тәрбиесіндегі олқылыққа енді тек мұғалімдер ғана жауап бермейді. Бұрындары бала бүлдіріп, ұстаз күйініп жүрсе, ендігі мезетте ата-ана да заң алдында жауап беруге мәжбүр. Мүмкін сонда балалар бұзақылықтың зардабы қандай боларын сезінер... Жалпы, оқушы тәртібі бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі. Елдің келешегі үшін маңдай терімен еңбектенетін жанды тәрбиелеу – негізгі мақсат. Ал мектепте бала бойына сіңген білім, көрген тәрбие, айтылған сөз өмірінің соңына дейін бағдаршам болмақ. Сол үшін балаға дұрыс бағыт көрсету, оң жолды нұсқау – ата-ана, мектеп, қоғам деген үштіктің еншісінде.
Г.ДҮЙСЕБАЙ