ЖҰМЫР ЖЕРДЕГІ ЖАҚҰТ МЕКЕН

ЕЖЕЛГІ ЖӨЛЕК АТАУЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛҒАН?
Жөлек ауылының тарихы сонау 1815-1820 жылдардан бастау алады. Сырдария өзенін бойлай жатқан қыпшақ ауылының атауы алғашында «Жолиек», одан «Джулиек» аталып, кейін «Жөлек» болды. Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен базардың бірі – «Хан базары» осы Жөлекте орналасқан. Яғни Жөлек ауылы Қытай мен Орталық Азия елдеріне танымал, даңқты ірі керуендер өткен сауда жолы болған. Ауылдың өткен күніне көз жүгіртіп қарасаңыз, ордалы орынның оясынан шыға алмай шаршайтыныңыз анық. Бағаналы биікке қанша ту қадалып, қанша хан шатыр тігілді десеңші. Жылыстап өткен ай мен күндер, жылғалап аққан ақтаңдақ уақиғалар тек қара топырағына мәлім. Жақұт тарихты Жөлек Сырдария өзенінің бойына моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни Сырдария (Яксарт) өзені Қаратау етегінен ағып, қазіргі Ақөзек, Көкүйірім атанып жүрген өзек бойынан асқаннан кейін барып орналасқан ежелгі қыпшақ қонысы дейді тарихшылар. Атақты ғалым, шығыстанушы В.Бартольд 1902 жылы Орта Азияға келген сапарында Сырдария уәлаятынан көне тарихи географиялық құжаттар сақталған іс қағаздармен танысып, Сығанақ шаһарына қатынасы бар төрт бірдей хан жарлығын кездестіреді. Мұның ішінде ӘмірТемірдің берген жарлықтары бар. Бұл табылған құжаттар негізінен көне түркі және парсы тілдері аралас қолданылған «шағатайлық үлгіде» жазылған еді. Әмір-Темір атынан жазылған бір жарлықта Сражиддин шайықты Шейх-әл-ислам етіп тағайындау және оған Ордакент, Қызылтал, Тұрман һәм Бұзғылөзек (Чіһел (Шиелі) тоғай маңы) арықтары бойынан арық бөлініп бергендігі атап көрсетілген. Әмір-Темірдің жарлығында да, Абд-ар-Рахим хан мен Убайдолла хан нышандарында да өздері атаған адамдарға «тархан» атағы берілгендігі, олардың алымсалықтан түгелдей босатылғандығы туралы арнайы айтылған. Жарлықтардан Тоқтамыс пен Қараш-Қайнар бастаулары («Чашмалар») мен Келте Чалғия, Қызылтал, Арсланды, Жөлек, Мыңбұлақ арықтарының Сығанақ тұрғындары меншігі екендігін мәлімдеген. Жөлек (Чулак) бекінісіне байланысты айтқанда, оны «шағын өзен» деп көрсеткен. Осы мәліметтерге сүйеніп, Жөлек шежіресінің ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастау алатынын аңғаруға болады. Ал осы атыраптағы археологиялық тарихи жәдігерлерге көңіл бөлсек, Жөлек маңындағы Оқшы ата қорымындағы Асан ата, Оқшы ата, Қыш ата, Ғайып ата, Кітап ата, т.б. көне мазарлар Жөлек аумағының шежіресін ІХ-ХІ ғасырлар тұңғиығына тартады. Тоғыз жолдың торабындағы Сығанақ қаласы – Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және саяси орталығы тұғын. Сығанақ арқылы Ұлы Жібек жолының керуеншілері келіп, Иассыға, Отырарға, Сайрамға тауар жеткізіп, сауда-саттықты дамытып отырды. Сондай-ақ Сырдария және қатар жатқан Қаратау өңіріндегі Созақ, Құмкент, Жаңакент, Жөлек сияқты қалалар мен қыстақтардың да қолайлы орталықтары болған. Ең үлкен «Хан базары» Жөлекте болған. Осы ауыл арқылы Бұхараға баратын хан жолы өтетін. Айта берсек аңызақтағы сағымдай бұлдыраған сары алтын уақиғалар таусылар емес. Сол себептен бұл шағын ғана ауылды тұтас бір елдің темірқазығы деуге де болады. Бүгінгі таңда Жөлек ауылының «Батыс Европа – Батыс Қытай» автожолынан және Бәйгеқұм теміржол стансасынан 4-5 шақырым жерде, жалпы жер көлемі 70805 га, халқының саны 1624 адамды құрайтын 297 отбасы бар. Міне, осындай қасиет қонып, кие түнеген Жөлектің тарихы мұқым елдің мұрасындай, ұлы даланың ұрасындай, киелі күмбезіндей болып сақталып келеді.
АУЫЛ АХУАЛЫ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ

ЖӨЛЕК МӘДЕНИЕТІ КЕҢГЕ ҚҰЛАШ ЖАЮДА
Әр ауылға келгенімізде міндетті түрде ауылдың мәдениетімен танысамыз. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып болған соң, бағытымыз Жөлек ауылдық мәдениет үйі болды. Алдымыздан осы мекеменің директоры Еркінбек Рахметов бізді жылы қарсы алып, мәдениет үйін таныстырып шықты. – Қазіргі Жөлек ауылдық мәдениет үйінің тарихы өткен ғасырлардың елуінші жылдарынан бастау алады. Бұрынғы шағын клуб үйі өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында Жөлек МТС-і кезінде соғылып,онда халыққа кино көрсетіліп, жұмысшылардың бас қосу жиындары өтіп тұрған. Клуб меңгерушілік аты тек 1966 жылы берілген. Тұңғыш рет клуб меңгерушісі болып сол кезде шаруашлықта қоғамдық негізде жастар белсендісі болып жүрген талапты жас қыз Разия Мұсаханова тағайындалған. Одан бері қаншама мәдениет саласының майталмандары басшылық жасап, өз қолтанбаларын қалдырып кетті. Ал 2016 жылдың қыркүйек айынан бас тап мәдениет үйінің директоры болып Ержан Бәйімбетов қызмет атқарды. Бұл кісілердің осы киелі ошағымызға ерен еңбектері орасан зор. Әрқайсының орны ерекше, – деп бастады әңгіменің әлқиссасын. Қазір ауылдық мәдениет үйін Еркінбек Қабланбекұлы 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап басқарып келеді. Мұнда барлық шаралар жоғары деңгейде өткізіледі. Тіпті, облыстық, аудандық шаралар осы киелі шаңырақта ұйымдастырылады. Мәдениет үйі жанынан құралған «Майдангерлер», «Әжелер сазы» ансамблінің орнын бүгінде «Ардагерлер», «Әжелер сазы» ансамблі басып, облыс, аудан көлемінде өнерлерін көрсетіп жүр. Ауыл жас тары да өнерден келте қалмай ән, би, көркем сөз үйірмелеріне қатысып түрлі байқауларда өз жүлделерін алуда. Біз өзімізде Жөлек ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Жөлек жауһарлары» атты облыстық ақындар айтысы және «Дәстүрді дәріптеген аналар» атты әдеби сазды кеші мен «Есіңе мені алғайсың» атты мәдениет қызметкерлер арасында аудандық әншілер байқауы сынды іс-шаралардың куәсі болғанбыз. Міне, бұл киелі орынның көрінісі осындай қалыпта. Біз Жөлек мәдениетін аралап болған соң, елді мекеннің мәдениеті, ұлттық құндылығы, тыныс тіршілігі кеңге құлаш жайып дамып жатқанын байқадық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ