ТҰМАРЫМНЫҢ ТАМАША ӨНІМДЕРІ
Еңбек еткен – мұратқа жеткен» дейді тәмсіл сөзге тоқтай білген дана халық. Кәсіп ашып, еңбек ету – бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда істің қиюын келтіріп, адал жолмен нәпақасын тауып жүрген жандар көп. Талай сөздің төрелігін айтып, шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би заманында «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деп кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен. Бүгінде кәсіп көзін тауып, еңбек еткісі келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау да жоқ емес. Соңғы кезде мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібінің көкжиегін дамытып кәсіпкерлердің саны да артқан. Бұдан бөлек, өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелентіп отырған азаматтар да бар. Солардың қатарында өз ісіне адал, жан-жақты тәжірибелі маман Мұханбетқали Иманғалиұлын ерекше айтып өтейік. Біздің мақаламыз оның басшылық етіп отырған «Мұқаш» шаруа қожалығы жайында болмақ. Өндірістің егесі 30 жылдай Шиелі аудандық емханасында травматолог, хирург болып жұмыс істеген. Бірақ, өзі жеке кәсіп бастап, шаруасын 2016 жылы іске қосқан. – Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бастысы, ниет болса болғаны. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Қожалықта төрт түлік мал өсіріліп, бордақыланады. Сол малдың еті «Тұмарым өнімдерінде» қолданылады. Сондайақ шаруа қожалықтың құрылысы 2016-2020 жылдар аралығында кеңінен жүргізілген. Кейін 2020 жылдан бастап біз осы жақтан сүт өнімдерін өндіре бастадық. Оның ішінде қызыл және ақ ірімшектен жасалған рафаэлло мен құрттарды халыққа ұсындық. Содан 2021 жылы өнімдерімізді көбейттік. Әсіресе, жартылай дайын өнімдеріміз халықтың көп сұранысында. Қазір шағын қожалықта 7 адам жұмыспен қамтылған, – дейді кәсіпкер. Шаруа қожалықпен танысқанымызда бір ерекше әсерге бөлендік. Байқағанымыз, фазенданың жері сөлді болғандықтан ол жерде бағылған малдың еті де ерекше дәмді болады. Сонымен қатар шаруашылықта алма, тұт, шие ағаштары өсіріледі. Расында, әрекет бар жерде берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Нарықтық қатынас қызып тұрған шақта күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық.
Байқай б і л г е н г е , қ а з і р д е жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қосып алғанның бәсі артық екенін бүгінгі кейіпкерімізден анық байқауға болады. Қазіргі кезде бұл жақта жент (глазурлі жент), сарсу тәттілері, рафаэлло ірімшігінің ақ, қоңыр түсі, мәйек ірімшігі, француз брынзасы, қатық, құрт көже, сары май, құрт және ет өнімдерінен жартылай дайын өнімдерінің түрлері өндіріледі. Дәмді әрі сапалы өнімдері аудандағы «Қайсар» , «Диірмен» сауда дүкендеріне жеткізіледі. Айта кету керек, шаруа қожалық өзі «Қанқожа» көлінің маңында орналасса, ал өндіретін өнімдер Шиеліде жасалады. Бір байқағанымыз, мұнда ұмытылып бара жатқан ұлттық тағам түрлері өте көп. Негізгі мақсаты да түсінікті. Қазақтың тағамдарын қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа насихаттау. Мәселен, әсіп, бұжы, қарын бүрме, үлпершек сынды дәмі тіл үйірер тағамдарды тек осы Тұмарымнан таба аласыз. Кәсіпорын өнімі жергілікті тұрғындарға қол жетімді бағада «Тұмарым өнімдері» сауда маркасымен сатылуда. Бұл қожалыққа кейіпкеріміздің жалғыз өзі ғана емес, отбасыда көмек қолын созады. Жалпы кез келген кәсіпті қолға алғанда отбасының қолдауы мен сенімі аса маңызды. Ал кейіпкеріміздің жұбайы да, 3 қызы мен 1 баласы да осы кәсіпті дамытуға ден қойған. Осындайда «Әке көрген – оқ жанар, шеше көрген – тон пішер» деген қанатты сөз ойға оралады. Бұл – өмірдің өзінен ойып алынған, еш қоспасыз пәлсапалық ұғым екені айдан анық. Әке жолын жалғастырған ұлы Бекжан Иманғали «Мұқаш» шаруа қожалығының біраз жұмысын атқарады.
– Бүгінгі күннің өзінде әлеуметтік желіде парақша ашып, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатудамыз. Бізде күніне әр тауар түрінен 50 килограмм өнім өндіріледі. Ең жоғары сұранысқа ие өніміміз – әсіп, жайма. Сүт өнімдерінен де жақсы тапсырыс келеді. «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, алдағы уақытта кәсіпорынымызды кеңейтіп, өнім түрлерін көбейту жоспарымызда бар, – дейді ол. Мұханбетқали Абдыхалықов еңбекті сүйетіні, алға қойған мақсатқа жету үшін әрбір істі бағамдап, икеміне қарай еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын тілдескенде байқадық. «Кәсіптің өзін тапқан, байлықтың көзін табады» деген даналы сөз тегін айтылмаса керек. Міне, біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, береке-несібеге кенелтетін адал еңбекті тапқан жан. Енді ғана кәсіп ашып, нәпақасын табуға бекінген жандарға үлгі болуға әбден лайық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ