Ерболаттың еселі еңбегі
Берекенің көзі – кәсіпте. Талай сөздің төрелігін айтып, шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би өз заманында «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деп кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен. Иә, бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсіп ашып, шаруаның шырайын келтіріп жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Ерболат Машрапин. Кейіпкеріміз жайлы тек тұрғындардан естіп, білетінім болмаса, жүздесіп көрмеппін. Күні кеше Ерболатпен әңгімелесудің сәті түсіп, редакцияда кәсібі жайлы біраз әңгіме қаузадық.
Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Қазіргі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде бір емес, бірнеше бизнестің басын ұстап отқан Ерболаттың есіл еңбегін елге айтуды жөн деп таптық. Бұл бір мақтану емес, әрине жастарға жол әрі үлгі ету мақсатында.
Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Қазіргі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде бір емес, бірнеше бизнестің басын ұстап отқан Ерболаттың есіл еңбегін елге айтуды жөн деп таптық. Бұл бір мақтану емес, әрине жастарға жол әрі үлгі ету мақсатында.
Шиелі төскейінде ажары ауыл емес, шағын қалашыққа ұқсайтын, тіршілігі көз сүйсіндіріп, көңіл толтыратын, ынтымағы айрандай ұйыған мекен бар. Міне, Ерболат Жылқайдарұлы сол біз суреттеп тұрған Алғабас ауылының тумасы. Ең алғаш кәсібін шағын «Бейсен апа» атты азық-түлік дүкенін бастайды. Ол 2018 жылы «БЕТА-К» ЖШС-ін құрып, ауылдан спорт мектебін тұрғызады. Бүгінде спорт мектебінде қазақша күрес, дзюдо, бокс, тоғызқұмалақ, таэквондо үйірмелері бар. Кәсіпкер 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл балаларының аталған спорт түрлеріне қызығушылықтары басым. Талай жарыстарда топ жарып, ауылдың атын шығарып жүр.
Ауыл шаруашылығы саласы – еліміздегі жауапкершілігі ауыр саланың бірі. Сайын далада сары күз түскенше тынымсыз жұмыс істеу нағыз ер жігіттерге жарасады. Осыны ұғынған Ерболат 2018 жылы ауылшаруашылығын қолға алады. Анығында әкесі Жылқайдар Машрапұлымен кеңесіп, «Заңғар» деп аталатын шаруа қожалықтың жұмысын өрге домалатады. Айта кеткен жөн, аталған қожалыққа 70-80 отбасы үлескер. Бүгінде ол жерде 20 шақты адам жұмыс істейді. Сайын даланың 160 гектарына – күріш, 80 гектарына – жоңышқа, 30 гектарына – бақша өнімдерін еккен. Су тапшылығы сезілсе де, дес бермей, биылғы егіннің жағдайына тәубе деп отыр кәсіпкер.
1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бейбарыс» шаруа қожалығы 100-ге жуық ірі қара, 130-дан астам жылқы бағып отыр. Бұл шаруа қожалық үшін тәп-тәуір дүние. Кәсіпкер алдағы уақытта мал басын өз төлі есебінен көбейтуге ұмтылады. Неғұрлым көп бақса, өзіндік құн да арзандай түспек.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы, Алғабас елді мекенінің тұсынан жолға қызмет көрсету орталығын салып, құрылысын аяқтады. Ол да «Бейбарыс» деп аталады. Ол жерде қонақ үй, дүкен мен асхана жолаушыларға қызмет көрсететін болады. Орталық жыл аяғында пайдалануға берілмек.
Ол ең бірінші шаруашылық жұмысының жүйелілігін жолға қойса, тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандардың жағдайын да назардан шығарып көрген емес. Ауыл тумасы, нағыз азамат, қайырымды кәсіпкер, жомарт жан деген атқа лайық болуы халыққа тигізген мол пайдасы мен еселі еңбегінің жемісі екені даусыз. Ол оны жария етуге тырыспайды.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ